Accessibility links

Өзбекстанда этникалық жанжал кезінде әкімге "тас атты" деп айыпталған ер адам қамауға алынды


Мамыр айының соңында Сох анклавында болған қақтығыс кезінде жарақаттанған адамдар.
Мамыр айының соңында Сох анклавында болған қақтығыс кезінде жарақаттанған адамдар.

Өзбекстанның Ферғана облысы Сох анклавында мамырдың соңында болған этникалық жанжалға қатысты және облыс басшысына шабуыл жасады деп айыпталған ер адам қамалды.

23 жастағы Давлатжон Маллаевты полиция 10 тамызда облыс орталығы Ферғана қаласына барған кезде ұстаған. Бұл туралы оның шешесі айтты.

Насимахон Маллаева ұлының қамалғанын жергілікті билікке ұлын іздеп, хабарласқан кезде білген.

"Балам көлігін сату үшін қалаға барған еді. Сол кезде ұсталды" деді ол Азаттық тілшісіне.

Маллаева қазір жол жабық болғандықтан ұлына бара алмай отырғанын да жеткізді.

Азаттық тілшісіне берілген сот құжатының көшірмесінде Маллаевтың "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" және шенеунікке "шабуыл жасағаны" туралы жазылған. Бірақ онда шенеуніктің аты-жөні айтылмайды. Алайда әлеуметтік желіде тараған видеоларда ашулы топтың Ферғана облысының басшысы Шухрат Ганиевке тас лақтырып жатқаны байқалады. Сот құжатында Ганиевтің қанша уақытқа қамалғаны айтылмайды. Азаттық тілшісі милициядан жауап ала алмады.

Мамыр айының соңында Сох анклавындағы Чашма өзбек ауылы тұрғындары мен Қырғызстанның Баткен облысы Кадамджай ауданы Чечме елді мекені тұрғындары арасында кикілжің болған. Ақпарат бойынша, оған тұрғындар арасында Чашма бұлағын бірігіп тазарту мәселесінен туындаған дау себеп болған.

Ресми ақпарат бойынша, жанжалға екі жақтан мыңнан астам адам қатысқан. Куәгерлердің айтуынша, шамамен төрт мың адам қатысқан. Оқиға кезінде тұрғындар бір-біріне тас атып, үйлер өртенген.

Өзбекстанның ресми орындарының ақпараты бойынша, Сох аудандық ауруханасына жарақаттанған 187 адам жеткізілген, үшеуі аңшы мылтығынан жараланған.

Оқи отырыңыз: "Бұлақтан шыққан дау". Өзбек-қырғыз шекарасындағы жанжал

Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі қақтығыс кезінде 25 қырғыз азаматының жарақаттанғанын айтты. Төртеуі жағдайы ауыр күйде ауруханаға жеткізілген.

Бұған дейін Ганиев оқиғаға байланысты бірде-бір адамның жазаланбайтынын айтқан. Жұрт оны анклавтағы су және жол мәселесін шешпей отыр деп айыптаған.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның жалпы ұзындығы – 1379 километр. Соның 5 пайызға жуығына, соның ішінде Сох анклавының шекарасына да әлі делимитация жасалмаған. Екі жақтың азаматтары арасында су мен жер дауы жиі болып тұрады.

Мамыр айының басында да осы аймақта жайылымдық жерге байланысты дау шығып, қырғыз шекарашылары ескерту ретінде әуеге оқ атқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG