Accessibility links

"Бұлақтан шыққан дау". Өзбек-қырғыз шекарасындағы жанжал


Сох анклавымен шекарадағы жанжал. Чечме, Қырғызстан, 31 мамыр 2020 жыл.
Сох анклавымен шекарадағы жанжал. Чечме, Қырғызстан, 31 мамыр 2020 жыл.

Қырғызстанның Баткен облысындағы Сох өзбек анклавында көрші елдімекендердің тұрғындары өзара жанжалдасып, бір-біріне тас лақтырды. Екі жақтан да бірнеше үй өртенді. Жарақат алғандар бар.

ЖАНЖАЛ НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Қырғызстанның Баткен облысы әкімшілігінің хабарлауынша, жексенбі, мамырдың 31-і күні жергілікті уақытпен сағат 12.30 шамасында Қырғызстанның Чечме ауылы мен өзбекстандық Сох анклавындағы Чашма ауылы тұрғындары сөзге келіп қалған. Биліктің ақпараты бойынша, Чечмедегі бұлақты бірігіп аршып жатқан тұрғындар арасында бұлақ кімге тиесілі дегеннен дау шығып, ақыры жанжалға ұласқан.

Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Акрам Мадумаров екі жақтың тұрғындары жылда бұлақты бірлесіп тазартып келгенін айтады. "Ол жер даулы саналады, бұлақты екі жақ та пайдаланады, сондықтан жанжал жиі болып тұрады. Жағдайдың ушығуына жол бермейміз" деген Мадумаров мамырдың 30-ы күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің шекара әскері шекаралық аумақта шыққан жанжалды шешу үшін екі елдің жергілікті билік орындарының жауапты қызметкерлері кездескені жайлы telegram мессенджері арқылы мәлімдеді.

"Қазір жағдай бақылауға алынды. Жанжалдың себеп-салдарын жою бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр" делінген хабарламада.

ЖАРАЛАНҒАН АДАМДАР МЕН ӨРТЕНГЕН ҮЙЛЕР

Мамырдың 31-і күні сағат 19.30 кезінде оқиға орнынан хабарласқан Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі екі жақтың да тұрғындары бір-біріне тас лақтырып жатқанын айтты. Ол жерге жараланғандарға көмек көрсетуге медициналық жедел жәрдем көлігі барған.

"Милиция қызметкерлері жанжалды тоқтатуға қанша тырысса да, жұрт бой бермей жатыр. Қару қолданылған жоқ, бірақ екі тарап бір-біріне тас лақтырып жатыр. Басынан, аяқ-қолынан жараланған адамдар бар. Оларға дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр. Үш жерде – өзбек жағынан екі үй және қырғыз жағынан бір үй өртенгенін көрдім", - деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Қырғыз-өзбек шекарасындағы жанжал. Чечме, Қырғызстан, 31 мамыр 2020 жыл.
Қырғыз-өзбек шекарасындағы жанжал. Чечме, Қырғызстан, 31 мамыр 2020 жыл.

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі журналистерге жанжал туралы елдің ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен жергілікті билік орындарынан сұрауға кеңес берді. ІІМ әзірге шекарадағы жанжал туралы ешқандай комментарий берген жоқ.

Мамырдың 31-і күні сағат 20:47 кезінде Қырғызстан үкіметі шекарадағы жағдайды тұрақтандыруға қосымша күш жіберілгенін хабарлап, жанжал салдарынан зардап шеккен азаматтар барын растады.

Қырғыз үкіметі екі елдің жергілікті билік органдары келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Биліктің айтуынша, Қырғызстан жағынан келіссөзге үкіметтің Баткен облысындағы өкілетті өкілі Жарқынбек Мақсұтов пен Қадамжай ауданы әкімі Алғынбай Имаров, ал Өзбекстан тарапынан – Ферғана облысының басшысы Шухрат Ганиев пен Сох ауданының әкімі қатысып жатыр.

Жексенбі күні сағат 21.15 шамасында Азаттық тілшісі екі жақтың да тұрғындары шекара маңында әлі тұрғанын, алайда тас лақтыру саябырлағанын хабарлады.

Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасындағы жанжал. Сох анклавы. 31 мамыр 2020 жыл.
Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасындағы жанжал. Сох анклавы. 31 мамыр 2020 жыл.

Сағат 22.00-ге қарай Қадамжай ауданы әкімі Алғынбай Имаров Азаттыққа Қырғызстан мен Өзбекстан шекарадағы жағдайды бірге бақылау және заңсыз іс-әрекеттерге жол бермеу жайлы келісімге келгенін айтты. Бұл уақытта Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі шекарадағы жанжалдан 15 адамның зардап шеккені туралы хабарлап жатқан еді. Олар Айдаркен кентіндегі медициналық орталыққа түскен.

"Қазір зардап шеккен төрт адам стационарда жатыр, өзгелері алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды, олар амбулаторияда ем алады", - деп хабарлады министрлік.

Түрлі дәрежедегі жарақ алып, стационарда жатқан төрт адамның екеуінің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. Жанжал болған жерде екі жедел жәрдем бригадасы кезекшілік атқарып жүр. Оларға көмекке Баткенге қосымша екі маман – реаниматолог пен травматолог жіберген.

Сох анклавының тұрғыны Азаттықтың Өзбек қызметіне 16 өзбек азаматының жараланғанын айтты.

Қырғызстандағы Чечме ауылының Сох анклавымен шекарадағы жанжал кезінде жараланған тұрғыны. 31 мамыр 2020 жыл.
Қырғызстандағы Чечме ауылының Сох анклавымен шекарадағы жанжал кезінде жараланған тұрғыны. 31 мамыр 2020 жыл.

Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасы – 1379 шақырым. Оның 5 пайызына делимитация жасалмаған. Сох анклавының шекарасы соған кіреді. Сол себепті жер және су ресурстары жөніндегі даулар жиі болады.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның жалпы ұзындығы – 1379 километр. Соның 5 пайызға жуығына, соның ішінде Сох анклавының шекарасына да әлі делимитация жасалмаған. Екі жақтың азаматтары арасында су мен жер дауы жиі болып тұрады.

Бұдан бір ай бұрын, мамырдың 1-і күні осы аймақта жайылымдық жерге байланысты дау шығып, қырғыз шекарашылары ескерту ретінде әуеге оқ атқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG