Accessibility links

БҰҰ өкілі Орталық Азия елдерін пандемия кезінде үй сүруге мораторий жариялауға шақырды


Нұр-Сұлтандағы қала ортасындағы үйлердің бірін сүріп жатқан сәт. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтандағы қала ортасындағы үйлердің бірін сүріп жатқан сәт. Көрнекі сурет.

20 тамызда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан елдерінің парламент және үкіметтік емес ұйым өкілдері баспананы мемлекет қажеттілігі үшін алған кездегі адам құқықтарының сақталуы мәселесін онлайн форумда талқыланды.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі офисінің аймақтық өкілі Ришард Коменда пандемия кезінде Орталық Азия елдерінің билігін баспаналарды мемлекет қажеттілігі үшін сүруге және жұртты үйлерінен шығаруға мораторий жариялауға шақырды.

- Мен Орталық Азия елдері үкіметін азаматтарды үйінен шығару мен сүруге қатысты мораторий жариялауға шақырғым келеді. Бір жылға немесе оданда басқа уақытқа дейін мораторий енгізу керек. Қазір пандемия кезінде бұл мәселе қоғамға үлкен әсерін тигізіп отыр. Қауіпсіз орын мен өз баспанасы жоқ адамдар вирусты кеңінен таратуы мүмкін, ондай жағдайда бәрі жапа шегетін болады, - деді ол.

"Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының" заң институты бөлімі жетекшісі Әлішер Қожағұлов "Орталық Азияда мемлекет қажеттілігі үшін жылжымайтын мүліктерді алу процесі іс жүзінде халықаралық талаптарға мүлде сай емес" деді. Заңгер мемлекет қажеті үшін алынатын тұрғын үйлердің иелері оны өз еркімен босатып беруден гөрі күштеп алу жағдайлары жиі кездесетініне тоқталды.

- Үй иесі мен оны алу туралы бастама көтерген тарап арасындағы қарама-қайшылық көбіне мардымсыз өтемақы салдарынан туындайды. Ал қала құрылысындағы өзгертулерді үкімет қоғамның келісімінсіз қабылдайды. Үйін мемлекет қажеті үшін босатып беруге тиісті адамдар көбіне агрессия мен түрлі мәжбүрлеуге тап болады. Олардың үйден шығарылғаннан кейінгі жағдайы туралы мониторинг жүргізілмейді, - деді ол форумдағы сөйлеген сөзінде.

БҰҰ-ның қол жетімді баспана жөніндегі экс арнайы баяндамашы Милуна Котари баспананы босатудың әлеуметтік наразылыққа, сегрегация мен теңсіздікке әкеліп соқтыратынын айтты. Оның сөзінше, баспанадан айырылғандар физикалық, психологиялық, менталдық зардап шегеді.

Қазақстанда жерді мемлекет қажеті үшін алу кезінде билік пен халық арасындағы дау бірнеше рет болған. 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы мен одан кейінгі жылдары баспанасын қорғау үшін өз-өзін өртемек болған я қол салмақ болған адамдардың оқиғасы туралы Азаттық бірнеше мәрте жазған еді.

2006 жылы Шаңырақта сот "заңсыз салынған" деп таныған баспаналарын сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті тұрғындар қарсылық көрсетіп, қақтығыс салдарынан полиция қызметкері қаза болған. Осы оқиғадан кейін төрт адам ұзақ мерзімге сотталған. Олардың екеуі өткен жылы мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты. Ал Құрманғазы Өтегенов пен диссидент Арон Атабек әлі түрмеде отыр. Қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Атабек мерзімінен босап шығу туралы өтініш беруден бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG