Accessibility links

Қазақстанда Covid жұққан 900-ге жуық медицина қызметкері 2 млн теңгеден өтемақы алған


Коронавирус жұққан науқастардың жағдайын қадағалап тұрған медицина қызметкері.
Коронавирус жұққан науқастардың жағдайын қадағалап тұрған медицина қызметкері.

Қазақстанда кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус немесе вирустық пневмония жұқтырып алған 900-ге жуық медицина қызметкеріне мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 2 млн теңгеден өтемақы төлеген. Бұл туралы сәрсенбі күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкері туралы мәлімет әзірге жаңармаған. Бұған дейін Covid-тен қайтыс болған үш медицина қызметкерінің отбасына өтемақы төленгені хабарланған еді.

"Коронавируспен күреске атсалысқан вирус жұқтырған 899 медицина қызметкеріне мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір реттік әлеуметтік төлем төленді. Қор сонымен бірге аурудан қайтыс болған 3 медицина қызметкерінің туыстарына өтемақы берді" делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстанда осыған дейін коронавирус жұққан медицина қызметкерінің 8 мыңнан асқаны хабарланған еді.

Қордың мәліметі бойынша, ең көп өтемақы төленген аймақтар арасында Нұр-Сұлтан қаласы (120), Алматы облысы (85), Алматы қаласы (84), Ақмола облысы (80), Батыс Қазақстан облысы (67) бар.

Заңға сәйкес, коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Коронавирус немесе коронавирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкеріне 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.

Көктем және жаз айларында кейбір аймақтарда медицина қызметкерлері "вирус жұқтырғандарды емдесек те, өтемақы алатындардың тізіміне ілінбедік" деп шағымданған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG