Accessibility links

Нұр-Сұлтанда тағы бірнеше белсенді қамалып, кейбіріне айыппұл салынды


Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің асына жиналған жұрт бейіт басында құран бағыштап жатыр. Ақмола облысы, Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің асына жиналған жұрт бейіт басында құран бағыштап жатыр. Ақмола облысы, Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.

Ақмола облысының Целиноград аудандық соты 25-26 тамыз күндері төрт белсендіні «заңсыз митингіге қатысты» деп айыптап, әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартты. Бір адамды ақтап, екеуін 7 және 10 тәулікке жапты.

Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, 27 тамызда белсенді Серік Асқаровқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық іс тоқтатылған.

– Сот бір айға жалғасты. Әкімшілік істің осынша ұзақ қаралуы тәжірибемде бірінші рет кездесті. Тергеушілер әлдебір видео дәйекті айтқанымен іс жүзінде көрсете алмады. Сот Серік Асқаровты ақтады, – деді ол.

Ал белсенділер Алма Нұрышева мен Аслан Хасановты сот 7 және 10 тәулікке қамаған. Бұл туралы Нұрышева өзінің Facebook парақшасында баяндап, айып полицейдің «8 тамызда Дулат Ағаділдің зиратына барды» деген жазбасына негізделгенін, бірақ өзінің зират басына бармағанын, асүйде ыдыс жуғанын айтты.

Аслан Хасанов Азаттыққа бұған дейін полиция бөлімшесінен хабарласып, өзін полицияға басқа мәселемен шақырып алып, ақыр соңында Дулат Ағаділдің бейітіне барғаны үшін айыптап отырғанын айтқан.

Бұған қоса, Целиноград аудандық соты 26 тамызда Динара Мүбәракқа – 60 айлық есептік көрсеткішке тең (400 долларға жуық), Антон Фабрыйға 30 АЕК-ке тең (200 долларға жуық) айыппұл салған.

Бұл ақпараттарды Ақмола облыстық баспасөз қызметі де растап, Динара Мүбаракка екі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әрқайсысына 30 АЕК айыппұл салынғанын мәлімдеді.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша қамау изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмды. Белсендінің өлімінен соң Қазақстанның бірқатар қалаларында қаралы митинг пен акциялар өтіп, оның қатысушылары құқық қорғау органдары жария еткендей белсендінің жүрек талмасынан өлгеніне сенбейтінін айтып, оның өліміне билікті кінәлаған.

8 тамызда Талапкерде Ағаділге берілген астан соң оған елдің түкпір-түкпірінен келген адамдар тұтқындала бастады. Тұтқындау әлі де жалғасып жатыр. Құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Семей қалаларынан асқа келген елу шақты белсендіні билік «заңсыз акцияға қатысты» деп айыптап, 10-15 тәулікке қамағанын айтады. Жиырмадан астам адам 150-200 доллар шамасында айыппұлға іліккен.

Осыған дейін Дулат Ағаділ асына қатысты деп әкімшілік жазаға тартылған кейбір белсенділер (тізім толық емес):

  • Алма Нұрышева – Нұр-Сұлтан, 27 тамызда жеті тәулікке қамалған;
  • Аслан Хасанов – Нұр–Сұлтан, 27 тамызда он тәулікке қамалған;
  • Динара Мүбәрак – Ақмола облысы, 26 тамызда 60 АЕК көлемінде айыппұл салынған;
  • Антон Фабрый – Нұр-Сұлтан, 26 тамызда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған;
  • Айтбай Әлиев – Қызылорда облысының тұрғыны, 26 тамызда он тәулікке қамалған;
  • Айнұр Мырзалиева – Ақмола облысы, 24 тамызда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған;
  • Сәрсенгүл Әшірбекова – Ақмола облысы, 24 тамызда он тәулікке қамалған (сот әзірге растамады);
  • Бибігүл Тұяқова – Нұр-Сұлтан қаласы, 24 тамызда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған;
  • Қайрат Серікқалиев – 24 тамызда он тәулікке қамалған;
  • Ұласбек Ахметов – Алматы облысының тұрғыны, 23 тамызда он тәулікке қамалды;
  • Қайрат Қылышев – Алматы облысының тұрғыны, 23 тамызда 8 тәулікке қамалған.

Дулат Ағаділ асына дейін де көптеген белсенділер қамалып, жазаланған.

Оқи отырыңыз: Шымкентте полиция Ағаділ асына бармақ болған белсенділерді "жолда ұстады"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG