Accessibility links

Ағаділдің асына 200-дей адам келді, полиция сырттай бақылап тұрды. Белсендіні еске алу қалай өтті?


"Елде әділдік болсын деп күресті". Жұрт Дулат Ағаділді еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:25 0:00

Бүгін, 8 тамыз күні Нұр-Сұлтан іргесіндегі Талапкер ауылында биыл ақпанда полиция тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің асы өтті. Ас берілген үйдің айналасында полиция жасақтары және автобустары тұрды. Құқық қорғау органдары жиналғандарға күш қолданған жоқ, бірақ үй үстінен бірнеше рет дрон ұшып өтті. Ауыл әкімі мен санитарлық дәрігер үйге келіп жиналуға болмайды деп ескерту жасамақ болды, бірақ тұрғындардың наразылығынан соң кері бұрылып, кетуге мәжбүр болған. Астан соң жиналғандар марқұмның зиратына барды.

Түскі сағат 12.00 уақытына белгілгенген асқа Алматы, Қызылорда, Шымкент, Екібастұз, Семей, Қарағанды секілді түрлі өңірден екі жүзге жуық адам жиналды. Есіктің алдына үш киіз үй тігіліп, палатка құрылған және дастархан жайылған.

Дулат Ағаділді еске алу асы. Талапкер ауылы, Ақмола облысы, 8 тамыз 2020 жыл.
Дулат Ағаділді еске алу асы. Талапкер ауылы, Ақмола облысы, 8 тамыз 2020 жыл.

Дулат Ағаділдің суреті бейнеленген және астың өтетін жері мен күні жазылған үлкен баннер ілінген. Сондай-ақ ағаш пен тікенекті сымнан жасалған инсталляция қойылған. Инсталляцияның ағашына ағылшын тілінде "Адам құқығын бұзу. Дулат Ағаділ" деп күйдіріп жазған. Сымға "Адам құқығы қорланды" деп қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жазылған плакат ілінген.

Ағаділдің асындағы ағаш пен тікенек сымнан жасалған инсталляция. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.
Ағаділдің асындағы ағаш пен тікенек сымнан жасалған инсталляция. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.

Асқа дейін марқұмның анасы Гүлбараш Жолмұханбетова, әйелі Гүлнар Қасымханова және белсенді Жанат Нұркішев Ағаділ прокуратураға жазған арыздарын оқыды, биліктен тергеу изоляторындағы марқұм қайтыс болған күннің видеосын сұрап отырғанын, бірақ биліктің бас тартқанын айтты.

Одан соң асқа келгендер кезек-кезек Дулат Ағаділ туралы, билік туралы пікірлерін айтты.

Ағаділді еске алу асына келгендердің бірі марқұмның суреті бейнеленген футболка киген. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.
Ағаділді еске алу асына келгендердің бірі марқұмның суреті бейнеленген футболка киген. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.

Осы кезде марқұмның үйіне Талапкер ауылының әкімі, полиция өкілдері және санитарлық дәрігер келіп, коронавирус эпидемиясына байланысты көп адам болып жиналуға болмайтынын ескертпек болды (Елде індетке байланысты 16 тамызға дейін карантин жарияланған, билік еске алу, жаназа, тойға тыйым салған). Бұл жиналғандардың наразылығын тудырды. Марқұмның анасы Гүлбараш Жолмұханбетова "Менің ұлымды аяқпен әкетіп, ертесіне мүрдесін бердіңдер. Енді менің ұлымды жоқтауға хақым жоқ па? Кетіңдер!" деді. Осыдан кейін әкім, полицей, санитарлық дәрігер қайтып кетті.

Ағаділдің үйін полиция жасақтары қоршап тұрды. Олар жиналғандарды сырттай бақылады. Алайда үй үстіне бірнеше дрон ұшып өтті.

Ағаділдің асына келгендерді сырттай бақылап тұрған полицияның көлігі. Талапкер ауылы. 8 тамыз 2020 жыл.
Ағаділдің асына келгендерді сырттай бақылап тұрған полицияның көлігі. Талапкер ауылы. 8 тамыз 2020 жыл.

Құран бағышталып, ас берілген соң, жиналған қауым сап түзеп Ағаділ жерленген зиратқа жол тартты. Саптың басында және аяғында полиция жасақтары жүрді. Олар зиратқа бара жатқандарды суретке түсіріп алды.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділді еске алу асына жиналғандар астан кейін марқұмның зиратына бара жатыр. 8 тамыз 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Дулат Ағаділді еске алу асына жиналғандар астан кейін марқұмның зиратына бара жатыр. 8 тамыз 2020 жыл.

Асқа келгендер өзара Дулат Ағаділ туралы естеліктерін, жылы лебіздерін білдірді.

– Ағаділ бауырымыз – 21 ғасырда қазақ халқының ішінен шыккан батыр. Өзі аққөңіл, досқа адал, батыр жүректі жігіт еді. Елде әділдік болсын, бостандық болсын деп күресті, – дейді Қызылордадан келген Марат Алтынбекұлы.

Семейден келген Бекжан Күмісбектегі Дулат Ағаділді еске алу асына адам құқығының бұзылмауын қолдау үшін келгенін айтады.

– Бүгінгі жиынның өзінде еркіндігіміз шектеліп жатыр. Сондықтан бәріміз азамат ретінде, саналы адам ретінде Дулат ағамыздың жолын жалғастыруға міндеттіміз. Ағамыз қаза болып, көмгенше жыладық, енді елемізден айырылып өлгенше жылайтын жағдайымыз жоқ біздің, – дейді ол.

Ағаділдің зиратына марқұмның құран бағыштау сәті. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.
Ағаділдің зиратына марқұмның құран бағыштау сәті. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.

Ал Алматыдан келген Динагүл Медетқызы билік өкілдерінің жиналмауды талап етуі Конституцияға қайшы екенін айтады.

– Конституцияның 21-бабында азаматтардың Қазақстанның аумағында еркін жүріп-тұруға құқығы бар делінген. Мыналар карантинді сылтауратып мынадай жиналуға болмайды деп жатыр. Бірақ карантин кезінде Назарбаев өзінің туған күнін өткізді. Ал Әбдіғаппар Смановтың (Түркістан облысындағы Сарыағаш медресе колледжінің директоры, дін қайраткері – ред.) жаназасына мыңдаған адам жиналды. Оларға ешқандай тыйым салынған жоқ. Ал мына жерге Дулат Ағаділдің үйіне келгенге бізге жиналуға болмайды деп тыйым салып жатыр. Не үшін? – деді ол.

Ас Дулат Ағаділдің үйінің құрылысы аяқталуына орай өткізілді. Ағаділдің өлімінен соң оның серіктестері мен жақтастары қазақстандықтардан жылу жинап, асар жариялап белсендінің Талапкер ауылындағы ескі үйін бұзып, орнына жаңа үй тұрғызып берді. Әр өңірден келген азаматтар құрылыс кезінде тегін жұмыс істеді.

Дулат Ағаділдің асына жиналған жұрт марқұмның жаңа салынған үйінің сыртында тұр. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.
Дулат Ағаділдің асына жиналған жұрт марқұмның жаңа салынған үйінің сыртында тұр. Талапкер ауылы, 8 тамыз 2020 жыл.

Белсенділер үй құрылысы аяқталғанда ас берілетінін жариялаған болатын. Кейінгі екі аптада құқық қорғаушылар Дулат Ағаділдің асына келемін деуші белсенділердің түрлі себеппен ұсталып, әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынып жатқанын айтты.

Мәселен, 31 шілде күні Нұр-Сұлтан полициясы белсенді Серік Жахинді ұстап әкетіп, 24 шілде күні Талапкер ауылында Дулат Ағаділдің зиратына барғанын "заңсыз митингіге қатысты" деп бағалап, 15 тәулікке қамады. Ал 4 тамыз күні Ақмола облысы Целиноград аудандық соты зейнеткер Роза Мұсаеваға "заңсыз митингіге қатысты" деп 30 айлық есептік көрсеткіш (83340 теңге, немесе 200 долларға жуық) көлемін айыппұл салды. Қамауға Дулат Ағаділдің үзеңгілес серігі Ербол Есқожин де алынған. Ол да 30 шілде күні ұсталып, "заңсыз митингіге қатысты" деген айыппен 15 тәулікке қамалған.

Дәл осындай ұстап әкету мен айыппұл салу өңірлерде де байқалды. Бүгін Шымкент қаласында бір топ белсенді "Қасірет" мемориалына барып, Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштамақ болған. Алайда полиция құран бағыштауға қатысамын деген белсенділерді күзетіп, үйлерінен шықпауды талап еткен, ал "Қасірет" мемориалы жабық деп, оған ешкімді кіргізбеген.

  • Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ биыл ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған. 25 ақпан күні ол Еуропарламент депутаттарымен кездесуі керек болған. Алайда 24 ақпан күні түнде оны азаматтық киімдегі бірнеше азамат үйінен мәжбүрлі түрде алып кеткен. Келесі күні таңертең полиция белсендінің изоляторда жатып көз жұмғанын хабарлады. Қырық үш жастағы белсендінің өлімінен соң Қазақстанның бірнеше қаласында митингілер мен шерулер өтті. Қатысушылар Дулат Ағаділдің өліміне билікті кінәлап, белсенді жүрек ауруынан қайтыс болды деген ресми мәлімдемеге сенбейтінін айтты.
  • Марқұмды жерлеген соң, 27 ақпан күні әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің денесі бейнеленген видео тарады. Кадр сыртындағы адам марқұмның денесінде көгерген іздер бар деп айтқан. Кейінірек прокуратура "видео Интернетте белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды", ал денедегі дақтар биологиялық өлімнің белгілері деп мәлімдеді.
  • Қазақстан құқық қорғаушылары Дулат Ағаділдің өлімін "саяси кісі өлтіру" деп атап, биліктен өлімнің себебін ашық әрі әділ тергеуді талап етті. АҚШ мемлекеттік департаменті, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы да Қазақстан билігін ашық тергеу жүргізуге шақырды.
  • Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев прокуратура мәлімдемесін қолдап, Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деді. Қоғам өкілдері Тоқаевты ресми сараптама қорытындысы шықпай жатып, осындай пікір білдіргенін сынға алды. Ал марқұмның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Тоқаев тергеу аяқталмастан бұрын белсендіні "жүрек талмасынан қайтыс болды деп сеніммен айта аламын" деу арқылы іс бағытына сілтеме жасағандай болды" деп мәлімдеді.
  • 28 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы Дулат Ағаділдің өлімі туралы қылмыстық істі тоқтатқанын мәлімдеді. Комиссия Ағаділдің денесінде жарақат болмады деген қорытынды жасады. Марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, қайтадан арызданды.
  • Дулат Ағаділ көзі тірісінде көп балалы аналардың наразылық акцияларында да бой көрсетті. Ол сондай-ақ саяси тұтқындарды босатуды, азаптауды тоқтатуды, бейбіт митингіге шығу құқығын таптамауды, әділ сайлау өткізуді талап етіп, қарсылық акцияларына шыққан. Белсенді ел аралап, түрлі акциялардан, резонансты істерден Facebook желісіне тікелей эфирге шыққан.
  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG