Accessibility links

Дулат Ағаділдің анасы тергеу органдарының әрекетіне шағымданды


Дулат Ағаділді еске алу шарасы. 27 ақпан 2020 жыл.
Дулат Ағаділді еске алу шарасы. 27 ақпан 2020 жыл.

Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында ақпан айында қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің анасы Гүлбараш Жолмұханбетова ұлының өлімін зерттеп жатқан тергеу органдарының әрекетіне шағымданды. Интернетте жарияланған видеоүндеуде Гүлбараш Жолмұханбетова 24 ақпанда түнде үйінен ұлын алып кеткен бес жігіттің үстінен арыз түсіргенін, бірақ істің дұрыс қаралмай отырғанын айтып, прокуратура мен соттың әрекетіне шағымданған.

Жолмұханбетованың айтуынша, адвокаты Айман Омарова тергеу сотына арыз түсіргенмен нәтиже шықпаған. Ол мәлімдемеде бірқатар адамдардың аты-жөнін атайды.

"Сот пен прокурордың жасап жатқан ісіне сенбеймін. Сенімім жоқ. Дұрыс қаралып жатқан жоқ. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаевтан балам ісінің әділ жүргізілуін қадағалауыңызды өтінемін" дейді президенттен көмек сұраған Гүлбараш Жолмұханбетова. Бұл ақпаратты бірінші болып ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Видеоүндеуде Жолмұханбетова "баламды жүрек талмасынан қайтты деп жазып жатыр, бірақ ол жүрек талмасынан қайтқан жоқ" дейді.

"Ол сау кезінде жүрегіне шағымданған емес. Өзінің түсірген бір видеосында "мен арақ ішпеймін, шылым тартпаймын, еш жерім ауырмайды" деп айтады" дейді Жолмұханбетова.

Ал адвокат Айман Омарова ҚазТАГ агенттігіне іс бойынша ақпаратты растаған.

"Шынымен де біз Ағаділ өліміне қатысты тіркелген қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ашық әрі объективті түрде жүргізіліп жатқан жоқ деп санаймыз. Бұған қоса, Ағаділ өліміне қатысы бар полицейлерге, оның ішінде тергеу изоляторы қызметкерлеріне қатысты ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ" дейді Айман Омарова.

Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасынан әзірге жауап ала алмады.

24 ақпанда түнде штаттық киімдегі бірнеше адам билікке қарсы наразылықтарда көзге түскен белсенді Дулат Ағаділді үйінен тергеу изоляторына алып кеткен. Ертесінде таңертең белсендінің Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қаза тапқаны белгілі болды. ІІМ оның “жүрек талмасынан” қайтыс болғанын мәлімдеген. 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсіріп тұрған адам марқұмның денесінен көгерген іздер барын айтады. Кейінірек жергілікті прокуратура видеоның интернетке белсендінің жақындарының рұқсатынсыз жариялап кеткенін, марқұмның сүйегіндегі дақтар - "биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.

Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акцияларына қатысушылар белсендінің өліміне билікті айыптап, жоғары басшылардың қызметтен кетуін талап етті.

28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынаған.

Дулат Ағаділдің полиция әкеткен соң жұмбақ қазаға ұшырауына байланысты шетелдік дипломаттар да, атап айтқанда, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі өз ұстанымдарын білдіріп, Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған.

Оқи отырыңыз: Дулат Ағаділ. Әділеттік үшін күрескен белсенді


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG