29 тамыз күні Шымкентте ондаған әйел қала әкімдігінің алдына барып, баспанасы мен балалары қашықтан оқуға дайын емес екеніне шағынды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Таңғы сағат тоғыздан бастап жиналған әйелдердің саны 11.00 шамасында жүзге жуықтады. Олардың кейбірі жөргектегі балаларымен келген, арасында мүгедектері де бар. Оларды оннан аса полицей күзетіп тұрды.
Наразылардың бірі Динара Тұрысбекованың жеті баласы бар. Олардың төртеуі мектеп оқушысы. Мектеп төрт балаға деп бір компьютер берген. Компьютер кейін қайтарылуы тиіс. Егер ол қандай да бір себеппен бұзылып қалса, ата-ана жаңасын алып беруі тиіс.
– Отбасыммен кепе тамды жалдап тұрамыз. Кеше жауында төбемнен су ағып кетті. Жаңадан берген компьютер бұзылып қалса, өтейсіңдер деген соң алудан бас тарттым. Қалай өтеймін? Тапқанымыз ішіп-жемімізден артылмайды. Үш балама әлеуметтік көмек ретінде 90 мың теңге берілді. Оның 60 мың теңгесіне планшет сатып алдық. Қалған 30 мың теңгесін балаларымның мектепке керек құрал-жабдықтарын сатып алуға жеткізе алмай қиналып кеттік, – дейді ол.
Жиналғандардың алдына әкімдік қызметкерлері шығып, шағымдарын тыңдамақ болды. Бірақ олар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің келуін талап етіп "Әкім, шық!" деп айқайлады. Шамамен жарты сағаттан соң қала әкімі шығып, әйелдерді Көрме орталығына шақырды. Қала әкімімен бірге қаладағы басқарма басшылары мен аудан әкімдері әйелдердің арыздарын жеке-жеке тыңдады. Олардың дені мектепке дайындық, балаларын қашықтан оқытуға құрал-жабдық пен сапалы интернет жоқ екенін, баспана мәселесін айтып жатты.
Азаттыққа пікір білдірген қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қаланың кей шағын аудандарында интернет желісі бар болғанымен жылдамдығы аз екенін, әкімдіктің бұл мәселені шешуге тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, уақытша қолдануға берілген компьютерлер мемлекеттік бюджеттен алынған. Пайдаланып болған соң кері қайтарылады. Қолмен бұзатын болса, ата-ана жауап береді. Алған компьютердің құнын өтейді.
Жиналған әйелдер сұрақтарына жауап алған соң, үйлеріне тарады. Кейбірін мектеп директорлары мен қалалық білім басқармасының қызметкерлері арнайы автобустармен алып кетті.
Шымкенттік әйелдер бұған дейін қала әкімдігіне бірнеше рет әлеуметтік мәселелермен келген. Олар қала әкімінің шығуын талап еткенімен, әкім түрлі себеппен шықпай жүрген.
Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, 2019-2020 оқу жылында Шымкент қаласында 173 орта мектеп жұмыс істеген. Онда 104 416 оқушы білім алған.
Эпидемия басталғалы Шымкентте 5173 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Ауру салдарынан 61 адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР