Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұққаны тест арқылы расталған 6 адам және белгілері Covid-ке ұқсас пневмонияға шалдыққан 3 адам көз жұмған. Бір күнде вирус пневмониясына шалдыққан 27 адам анықталған, 103 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері коронавирустан барлығы 1600 адам қайтыс болған. 1-30 тамыз аралығында вирус пневмониясынан 295 адам көз жұмған. Соңғы бір айда пневмонияның осы түріне шалдыққандар саны 25 751-ке жеткен, 5694 адам жазылған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 6 973 адам емделіп жатыр. 29-ы – бала. Стационарда – 3 527 науқас, амбулаторлық жағдайда 3 446 адам емделіп жатыр. 195 адамның жағдайы – ауыр, 30 адамның жағдайы өте ауыр, 40 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Ал пневмониядан қанша адамның емделіп жатқаны туралы мәлімет жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсас науқастар есебін біріктіруге кеңес берген. Екі есепті қосқанда елде науқастар саны 131 751 адамға жетеді. Адам өлімі 1900-ға жуықтайды.
ПІКІРЛЕР