Осы аптада ондаған түркімен азаматы АҚШ-тың Вашингтон, Хьюстон және Питтсбург қалаларында наразылық акциясын өткізіп, Түркіменстанның авторитар басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің Конституцияны өзгерту жоспарына қарсы шықты.
Түркіменстанның Вашингтондағы елшілігі алдында 1 қыркүйек күні митинг өткізгендердің бірі, шетелде құрылған "Түркіменстанның демократиялық таңдауы" тобының жетекшісі Марат Гурбанов Азаттыққа наразылар биліктен Конституцияны өзгерту жоспарынан бас тартуды талап етіп отыр деді.
"АҚШ-тың түкпір-түкпірінде тұратын отыз шақты түркімен азаматы бүгін Түркіменстан елшілігі алдына жиналып, еліміздің Конституциясын тек жалпыұлттық референдум арқылы өзгертуді талап етіп отырмыз" деді. Ол "азаматтардың пікірін ескермей Конституцияны өзгерту олардың құқықтарын таптаумен пара-пар" деді.
Бердімұхамедов Конституцияға түзету енгізу туралы бастаманы бір жыл бұрын көтерген және негізгі заңды өзгерту жобасын әзірлеген комиссияға жетекшілік еткен.
Азаматтары қатаң бақыланатын, шикізатқа бай Орталық Азиядағы мемлекетте негізгі заңға нақты қандай өзгерістер енетіні айтылмай отыр. Әзірге белгілісі – елдің бір палаталы парламенті – межіліс Халық кеңесімен біріктіріліп, екі палаталық органға айналмақ.
Халық кеңесі (Халық мәслихаты) Ақсақалдар кеңесі негізінде 2017 жылы құрылған. Бердімұхамедов – осы кеңестің төрағасы.
19 тамызда Конституцияға түзету енгізу жөніндегі комиссия жобаны Халық кеңесіне жіберген, 25 қыркүйек күні Халық кеңесінің отырысында жоба бекітіледі деп айтылады.
АҚШ-та наразылық акциясын өткізген азаматтар Бердімұхамедов Конституцияны өзгерту арқылы өзінің президент өкілетін ұзартқысы келеді немесе билікті ұлына тапсыруды "заңдастырғысы" келеді деп санайды. Олар Бердімұхамедовтің отставкасын талап еткен плакаттар ұстап тұрды.
Гурбановтың айтуынша, елшіліктен ешкім шықпаған. Бірақ қолында видеокамерасы бар адам шығып, митингті түсіре бастаған. Наразылар онымен сөйлеспек болған кезде бірден ғимаратқа кіріп кеткен.
Елшілік алдындағы митингіден кейін наразылар Капитолий жаққа қарай жүріп, АҚШ конгресінің ғимараты алдында акцияларын жалғастырған.
АҚШ, Түркия, Солтүстік Кипрде тұратын түркімен азаматтары маусым айынан бері Бердімұхамедов саясатын сынап, наразылық акциясын өткізіп келеді.
Билік сыншылары мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедов "өзгеше ойлайтындарды" қудалайды, 2006 жылы автократ Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң билікке келген Бердімұхамедов тұсында адам құқығы жағдайы өзгермеді деп санайды.
ПІКІРЛЕР