Ақтөбеде полиция қызметкерімен кикілжіңнен кейін кенеттен қайтыс болған белсенді Серік Оразовтың өліміне қатысты қылмыстық іс адвокаттың талабымен қосымша тергеуге жолданды. Бұл туралы Азаттыққа Оразовтар отбасының адвокаты Расиля Өтегенова хабарлады.
- Серік Оразовты ауласына келіп жұлқылаған полиция қызметкері күдікті статусына өтпестен қылмыстық іс жабылып қалды. Яғни, учаскелік инспекторға айып тағылмады, куә күйінде қалды. Заң талаптарына сай мұндай жағдайда қылмыстық іс жабылмауы керек. Тергеу барысында жіберілген бұдан да өзге өрескел қателіктер бар. Оның үстіне Оразовтың өлімінен соң тергеу органдары куәларды шақырмаған. Яғни, іс толық зерттелген жоқ. Осыған орай Ақтөбе облысы прокуратурасына шағымдандым. Прокуратурадан «шағымыңыз қанағаттандырылды» деген жауап келді, - дейді Расиля Өтегенова Азаттық тілшісіне.
Марқұм Серік Оразовтың ұлы Берік Оразовтың айтуынша, әкесінің өліміне байланысты қозғалған іс 26 маусым күні жабылған.
- Учаскелік инспектор үйімізге басшыларының бұйрығымен келгені анық. Сондықтан да полиция департаментінің бұл істі жауып тастайтыны о бастан белгілі болды. Меніңше, әкемнің өліміне себепкер болған инспектор жазалануы керек. Біреудің әкесінің өліміне себеп болып, тайраңдап жүргені ақылға сыймайтын нәрсе, - дейді Берік Оразов.
8 қыркүйекте Азаттық тілшісі полицияға хабарласқанмен жауап ала алмады.
Ақтөбелік белсенді Серік Оразов биыл 15 маусымда 69 жасына қараған шағында қайтыс болған. Туыстарының айтуынша, Серік Оразов сол күні күндіз өзі тұратын көпқабатты үйдің ауласында полиция қызметкерімен сөзге келіп, жұлқысқан, содан кейін қайтыс болған.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты «Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану» бабы (Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Бұған дейін марқұмның сүйегіне сот-медицина сараптамасы жасалған. Туыстары Азаттық тілшісіне көрсеткен сараптама қорытындысында «Серік Оразов жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінен қайтыс болды» деп жазылған. Белсендінің ұл-қызы әкеміздің өліміне полиция қызметкері себепкер болды деп санайды.
Адам құқығы және заңдылықты қорғау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның жазуынша, полиция "қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан" істі жапқан.
Оразов 2016 жылы жерді шетелдіктерге жалға беру заң жобасына қарсы өткен митингіге, 2019 жылы Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы митингіге, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандарды босатуды талап еткен шараларға, билікке талап айтқан бейбіт митингілерге қатысып, көзге түскен. Бірнеше рет алдын ала жоспарланған бейбіт митингілер қарсаңында полиция Оразовты ұстап, бөлімшеге апарған.
2020 жылы көктем және жаз айларында Ақтөбеде Серік Оразовтан өзге тағы екі белсенді қайтыс болды. Олардың бірі Аманбике Хайрулланың өлімін полиция наурыз айынан бері тергеп-тексеріп жатыр.
Белсенді Аманбике Хайрулланың денесі 28 наурыз күні Ақтөбенің шеткері ауданындағы қалың ағаш арасынан табылған. Полиция «Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғаған.
Биыл 19 шілде күні Ақтөбеде белсенді Қарлығаш Асанова да қайтыс болды. «Полиция қызметкеріне ине сұғып алды» деген айыппен бас бостандығы 1 жыл 6 айға шектелген Асанова жазасын өтеп бітпеген күйі қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР