Американың инфекциялық аурулар бойынша әйгілі сарапшысы Энтони Фаучи ел президенті Дональд Трамптың АҚШ коронавирус пандемиясына күресте "шешуші кезеңнен өтті" деген сөзімен келіспейтінін мәлімдеді.
"Мен бұнымен келісе алмаймын, өйткені сіз жаңа ғана айтқаныңызға, [яғни] статистикаға зер салсаңыз, ол алаңдаушылық туғызады", – деді Фаучи 11 қыркүйекте MSNBC телеарнасына.
Фаучи президент Трамптың коронавирус дағдарысына байланысты оптимистік пікірлеріне жиі қарсы уәж айтады. Ақ үй басшысы болса, көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Фаучидің коронавирус қаупі жайлы айтқан ескертулеріне күмән келтіреді.
Энтони Фаучидің сөзінше, АҚШ індетке дейінгі жағдайына қайта оралуы үшін әлі көп шаруа атқарылуы қажет.
"Егер сіз Covid келгенге дейін өзіміз өмір сүрген белгілі бір дәрежедегі қалыпты жағдайға оралу туралы айтып тұрсаңыз, ол 2021 жылы, мүмкін тіпті 2021 жылдың соңында болуы ықтимал", – деді ол.
Фаучи елдегі Еңбек күні мерекесіне (АҚШ-та бұл мейрам қыркүйектің алғашқы дүйсенбісінде атап өтіледі – ред.) орай үш күнге жалғасқан демалыстан кейін індет қайта өршімейтін шығар деп үміттенетінін айтты. Шілде айында мейрамға байланысты демалыстан кейін коронавируспен ауырғандар көбейген.
Бұған қоса Фаучи суық түскен соң тұрғындар көбінесе жабық орындарда болатындықтан, күзде аурудың көп адамға жұғу қаупі бар деп ескертеді.
Ал бұл кезде, 11 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы пандемиямен күрес туралы қарарды көпшілік дауыспен мақұлдады. Соңғы сәтте Кубаның бастамасы бойынша түзету енгізілген қарарды қабылдауға АҚШ пен Израиль қарсы болды. Ол түзету ұйымға мүше елдерді пандемия кезінде біржақты түрде экономикалық, қаржы немесе сауда санкцияларын салуға қарсылық танытуға үндейді.
ПІКІРЛЕР