Accessibility links

Ақтөбеде алаңға 20 шақты адам жиналды, Семейде "митинг өтетін орынға апаратын жолды бөгеді"


Ақтөбедегі "Демпартия" жиыны. 13 қыркүйек 2020 жыл.
Ақтөбедегі "Демпартия" жиыны. 13 қыркүйек 2020 жыл.

13 қыркүйекте Алматы мен Шымкенттен бөлек, Ақтөбе мен Семейде де белсенділер билікке талаптарын айту үшін қала орталығына жиналды, бірақ ауқымы шектеулі болды.

Ақтөбеде күндізгі сағат 11-де 20 шақты адам қалалық мәдениет үйі алаңы аумағына келіп, бірнеше лозунг көтерді. Рұқсат етілген митингіде сөйлегендердің бірі, тіркелмеген "Демпартияның" Ақтөбедегі бөлімшесінің жетекшісі Тарбия Алмышыева кейбір заңгерлер тиімсіз санайтын "несие амнистиясының халыққа керек" екенін айтты.

- Себебі халықтың табысы аз, көптеген азаматтар қарызға батып кетті. Мен өзім әртүрлі проблемасы бар адамдардан өтініш қабылдағанмын. Кейбір отбасыларда 4-5 несиеден бар. Адамдар оны амалсыздан алған. Кейбірі оқу ақысын өтеу үшін алса, кейбір студенттер пәтерақысын төлей алмай банктен қарыз алуға мәжбүр болған. Ал төлей алмағандардың кейбірінің мүлкі, карточкалары бұғатталып жатыр. Ал билік банктерді қолдау қаншама қаржы бөліп жатыр. Ендеше сол бөлінген қаржы банкир емес, халықты қиындықтан құтқару үшін жұмсалуы тиіс қой, - деді Тарбия Алмышева.

Митингіге келгендер түрмеде отырған саяси тұтқындарды: "Шаңырақ" оқиғасы бойынша 18 жылға сотталған ақын, диссидент Арон Атабек, Жер митингілерінен кейін қамалған атыраулық белсенді Макс Боқаев, жаңаөзендік жастар мәселесін көтерген Ержан Елшібаев, алматылық белсенділер Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұловты босатуды талап етті. Бұған қоса, наразылар жердің сатылмауын және шетелдіктерге жалға берілмеу қажеттігін айтты. Кейбірі пандемия кезіндегі билік әрекетсіздігін сынады. Түскі бірлер шамасында жиналғандар тарады. Полиция оқиғаны бақылады.

Жексенбі күні Семейде Спартак стадионының маңына 15 шақты адам жиналған. Кейбір наразылардың қолында "Қытай экспансиясына қарсымыз!", "Шетелдіктерге жер жалға берілмесін!", "Азаматтардың несиесі кешірілсін!" деген жазуы бар плакаттар болды.

Қатысушылардың бірі әкімдік митинг өткізетін ыңғайлы орын бермегендіктен шара ойдағыдай өтпеді деген.

- Барлық жолдарды жауып, блокпосттар қойып тастаған, төңіректі қарап шыққаннан кейін осыған көзім жетті. Олар жолға полицейлерді қойып қойған. Олар адамдардан "қайда бара жатырсыз?" деп сұрайды, егер "митингіге" десе, "шара болмайды" деп қайтарып тастайды, - дейді "Демпартия" құрғысы келетін бастама топ өкілдерінің бірі Қуаныш Бакерланов Азаттық тілшісіне.

Ақтөбе мен Семейде де оқиға орнына мемлекеттік "Хабар" арнасы келген, Семейде шараға билікшіл блогерлер де қатысқан.

Бұған дейін тіркелмеген "Демократиялық партия" жақтастарын 13 қыркүйекке митингіге шақырған еді. Осы аптада билік Алматы, Қарағанды, Семей, Ақтөбеде митинг өткізуге рұқсат берген. Шара тақырыптарының арасында қытай экспансиясына қарсылық, несие амнистиясы мен саяси тұтқындарды босату сияқты талаптар бар. Жексенбі күні акциялардың ең ірісі Алматыда өтіп, оған шамамен 150-200 адам қатысқан. Нұр-Сұлтанда өздерін "Демпартия" өкіліміз емеспіз деген топ митинг өтуі тиіс болған аумаққа барғанмен ұйымдастырушыларды таппай қайтқан. Шымкентте митинг басталмай тұрып, екі белсенді ұсталған, оннан астам белсенді алаңға жиналып, билікке талаптарын айтқан. Қарағандыда да шағын акция болған.

Саясаткер, белсенді Жанболат Мамай бастаған "Демократиялық партия" құрғысы келетін топ бұған дейін партияны тіркеуге күш салғанмен ресми түрде тіркете алмағанын айтқан еді. Ақпан айында бастама тобы партияның құрылтай съезін өткізуге тырысқанмен биліктің қысымына байланысты өткізуден бас тартатынын хабарлаған.

Қазақстан заңы бойынша партияны тіркеу үшін ұйым кемінде мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізіп, кемінде 20 мың қол жинау керек. Қазақстандық құқық қорғаушылар партиялар, митинг және сайлау туралы заңнамада шектеулер көп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG