Accessibility links

Өткен тәулікте 52 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды


Маска таққан қыз коронавирус індеті жайлы ескерту жазылған баннердің жанынан өтіп барады. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.
Маска таққан қыз коронавирус індеті жайлы ескерту жазылған баннердің жанынан өтіп барады. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.

13 қыркүйекте Қазақстанда тағы 52 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде 12 адам жазылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысы мен Атырау облысында әрқайсында 11 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қалған қалалар мен облыстарда тіркелген науқастар саны оннан аспайды. Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында бірде-бір науқас тіркелмеген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан бойынша Covid-19 жұқтырғандар 106 855 адамға жетті. Алайда бұған Covid-19 ауруына ұқсайтын, бірақ ПТР-тест қорытындысы коронавирус белгісін таба алмаған пневмониямен ауырғандар енгізілмеген. Олардың саны құбылып тұр. Коронавируспен ​байланысты адам өлімі де азаймай отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда 136 384 адамға коронавирус жұққан. Кемінде 1948 адам қайтыс болған.

Қазақстанда ресми статистикасына күмән келтіретіндер аз емес. Олар ПТР-тест аймақтардың барлығын қамтымайтынын, маусым мен шілдеде ауруханалар науқасқа лық толып, бос орын болмағандықтан, аурудың жеңіл және орташа түріне шалдыққандардың көбі дәрігерге бармай, үйінде емделгенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG