Accessibility links

"Келеңсіз нәрселер шешіліп жатыр". Министр жекешеленетін нысандар тізімінен алынған "Қазақфильм" туралы айтты


Фильмге арналған декорация әзірленіп жатыр. Көрнекі сурет.
Фильмге арналған декорация әзірленіп жатыр. Көрнекі сурет.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 16 қыркүйекте мәжіліс отырысында елдегі кинолардың негізгі бөлігін түсіретін "Қазақфильмнің" жекешеленетін нысандар тізімінен алынып тасталғанын айтып, киностудия төңірегіндегі "келеңсіз нәрселер шешіліп жатыр" деді.

- Бұл біздің брендіміз және 2019 жылы жекешелендіруде тұрған "Қазақфильмді" [жекешеленетін нысандар тізімінен] шығардық. Онда өздеріңіз айтып отырған келеңсіз нәрселер шешіліп жатыр. Бүгінде мемлекет басшысының қолдауымен оны модернизациялау жол картасы жасалып, ендігі жылдан бастап үш жыл бойы модернизацияға кірісеміз. "Кино туралы заңға" сәйкес, орталық құрылған. Осы орталықтың эксперттік және ведомствоаралық комиссиясының отырыстарының нәтижесінде фильмдердің, оның ішінде "Қазақфильмнің" сапасын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, - деді министр.

30 жылдары құрылған "Қазақфильм" студиясының жекеменшік қолға өтетіні, акционерлік қоғамның 49-55 пайызы аралығында үлесі сатылатыны туралы ақпарат соңғы бірнеше жылда жазылып, айтылып келген. Дегенмен былтыр жыл соңында оның жекеменшікке берілмейтіні хабарланды.

Бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы киностудия жекешеленетін нысандар тізімінде 4-5 жыл тұрғанмен оның акциясын сатып алушылар табылмады деп мәлімдеген еді.

Жақында киностудия аумағында өрт болып, ондағы қойма мен "Қазақ хандығы" сериалына арналып жасалған декорация толық жанып кеткен. Киностудия басшысы Ақан Сатаев мұны "бәзбіреулердің қасақана істеген қылмысы" деп атаған. Бұл "жоғалған қыруар ақшаны өртке жауып, соны жасырудың амалы" деген де болжам айтылған.

Осыған дейін киностудия жергілікті әкімдікпен де жер дауына байланысты соттасқан.

Елде "Қазақфильм" шығарған кинолардың сапасына қатысты сын жиі айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG