Accessibility links

Әкімдік пен "Қазақфильм" арасында жер дауы өршіді


Киностудияның жер дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Киностудияның жер дауы туралы видеосюжет

Алматы әкімдігі "Қазақфильм" киностудиясына жалға берген бес жарым гектар жерді қайтарғысы келеді. Ал киностудия бұған қарсы. Бір жарым жылға созылған екі мекеме арасындағы дауға тамыз айының соңында сот нүкте қоюы мүмкін.

Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы орналасқан 16 гектардан асатын аумақты мемлекет 2056 жылға дейін киностудияға жалға берген. Алматы қалалық әкімдігі былтыр келісім-шарттың күшін жойып, "мемлекетке қажет" деп бес жарым гектарды қайтаруды ұйғарған.

Әкімдік жердің "он жылдан бері пайдаланусыз бос жатқанын" айтса, киностудия мұны жоққа шығарады. ​

ӘКІМДІК МӘЛІМДЕМЕСІН ЖОҚҚА ШЫҒАРУ

Тамыздың 17-сі күні болған "Қазақфильмнің" баспасөз конференциясы Алматы қалалық әкімдігінің дауға қатысты таратқан ресми мәлімдесіндегі кейбір тұжырымдарды жоққа шығарудан басталды.

Бұған дейін жергілікті бірнеше БАҚ-та "қала әкімдігінің киностудия жерін мәжбүрлеп тартып алатыны" туралы хабар тараған соң, қала әкімдігі мұны терістеп, ресми мәлімдеме таратқан.

Мәлімдемеде: "Бұған дейін "Қазақфильм" өздері жалдап отырған жердің 5,5 гектарын жаңа жобаны іске асыру үшін қолдануды бірнеше рет ұсынған. Осыдан кейін киностудиямен бірге осы аумақта "Этнолэнд" ұлттық-мәдени кешенін құру идеясы пайда болды. Бұл мәселе Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2017 жылы қыркүйектің 20-сында өткен жиында қаралып, әкімдікке жобаны іске асыру жүктелді. "Қазақфильм" қаржылық шығындарды ескеріп, жобаны іске асыруды әкімдіктің өзіне қалдырды. (...) Бос жатқан жерде туристік жоба ұсынған "Қазақфильм" кейін ұсынысынан тайқып, бізді сотқа берді" деп жазылған.

Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов пен "Қазақфильм" киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықов. 17 тамыз, 2018 жыл.
Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов пен "Қазақфильм" киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықов. 17 тамыз, 2018 жыл.

​Киностудияның вице-президенті Серік Жұбандықовтың сөзінше, "Қазақфильм" мұндай ұсыныс жасамаған.

- "Қазақфильм" басшылығының атынан ресми мәлімдеме жасайын. "Біз өз жерімізде этноқалашық құруға дайынбыз" деп Астанаға ешқандай хат жазған жоқпыз, - деді ол.

Әкімдік мәлімдемесінде "Қазақфильмнен" алынғалы жатқан жер 10 жылдан бері пайдаланылмай тұр. Қала тұрғындарының игілігіне жарауы тиіс аумақтың Алматыда жер тапшы кезде қоршалып тұруы дұрыс емес" деп жазылған. Мұны да жоққа шығарған "Қазақфильмнің" вице-президенті "аумақ іске жарап жатыр" деді.

- Пресс-конференция аяқталған соң барып көрсеңіздер болады. Екі декорация тұр. Бірі – түсірілімі біткен "Қазақ елі" сериалыныкі, екіншісі – "Томирис" кинокартинасының құрылысы аяқталып қалған декорациясы, - деді ол.

"ЖЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛАРДЫ" СӨГУ

Киностудияны қолдап жиынға келген режиссерлердің бірі Ермек Тұрсынов әкімдіктен "жобаларды Алматының маңында игерілмей жатқан жерлерде іске асырып, киностудия жерін жайына қалдыруды" сұрады.

- "Қазақфильмнің" жері түрлі коммерциялық құрылымдардың, дөкейлердің мазасын кетіріп жүргеніне біраз болды. Бұл қызығушылық жыл сайын тұрақты түрде байқалып тұрады. Бір жылдары "Қазақфильмді" басқа жерге көшіргісі келді, киностудияны Астанаға жібергісі келді. Талғарға апару туралы да айтылды. Бұл жер – жіліктің майлы басындай. Бәрінің қызығуы да содан, - дейді Тұрсынов.

"Қазақфильм" киностудиясының көркем фильмдер бойынша жетекшісі, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов студияның "қорғансыз" қалғанын айтып, басқа елдерде мұндай жер "мемлекеттік құндылық" ретінде саналатынын айтады.

Ресейде алты киностудия бар. Соларға көз алартқан адамды көрген емеспін. Ешқандай олигарх та тимейді. Ол ұлттық қасиетті жер деп есептеледі.
Сатыбалды Нарымбетов, режиссер

- Ресейде алты киностудия бар - "Мосфильм", Горький атындағы киностудия, Уфада, Ялта, Одесса. Солардың ешқайсына ешқашан көз алартқан адамды көрген емеспін. Ешқандай олигарх да тимейді. Ол ұлттық қасиетті жер деп есептеледі. Егер "Қазақфильм" ұлттық құндылыққа жатпаса, Опера театрын да, Әуезов театрын да, ТЮЗ-ді де – бәрін бірге алсын, -дейді ол.

НАЗАРБАЕВАНЫҢ ФИЛЬМІ ТҮСІРІЛЕТІН АУМАҚ

Қазір даулы жерде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева бас продюсерлік ететін және сценарисінің бірі болған "Томирис" кинокартинасының қыркүйекте басталатын түсіріліміне арналған декорация құрылысы жүріп жатыр. "Қазақфильм" өкілдерінің айтуынша, жер әкімдікке өтсе, декорациялар бұзылады.

Жиында "Әлия Назарбаева жер дауы туралы естіді ме?" деген сұрағына режиссер Ермек Тұрсынов жауап берді.

- Әлия Нұрсұлтанқызына әзірге айтқан жоқпыз. Мына елдегі көп мәселе өркениетті елдердегідей шешіле бермейтінін меңзеп тұрғаныңызды түсінем. Біз кімге болса да жүгінуге дайынбыз. Әзірге оның әкесі мен сот орындарына хат жазамыз. Ресми емес үндеу болғанын қалаймыз. Себебі, "Жігіттер, мына тірліктерді қойыңдар" деген бір қоңырау Алматы әкімдігіне жетіп жатыр, - дейді ол.

"Томирис" фильміне декорация әзірленіп жатқан аумақ. 17 тамыз, 2018 жыл.
"Томирис" фильміне декорация әзірленіп жатқан аумақ. 17 тамыз, 2018 жыл.

"Киностудиядан жер сұрала бастаған 2017 жылы мұнда "Томирис" фильмінің түсірілімі болатынынан хабардар болдыңыздар ма?" деп сұрау салған Азаттықтың ресми хатына қала әкімдігі әлі жауап берген жоқ.

СОТ ПРОЦЕСТЕРІ

Жария түрде енді айтылғанымен, бір жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан жер дауы сотта осыған дейін екі рет қаралған. Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметовтің сөзінше, 2017 жылы қарашаның 29-ы аудандық сот және 2018 жылы қаңтардың 31-і күні Алматы қалалық соты әкімдіктің әрекетін заңды деп таныған.

"Қазақфильм" киностудиясының заң мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әлтайыр Ерімбетов әкімдіктен алғашқы екі сот инстанциясында жеңілгендерін растады. Оның сөзінше, қазір жерді мәжбүрлеп алу жөніндегі қосымша шағым түсірген әкімдіктің арызы бойынша сот процесі болып жатыр.

Киностудияның мәлімдеуінше, жер заңнамасы бойынша бірнеше жағдайда ғана жалға берген жерді мәжбүрлі түрде қайтаруға болады. Бірақ нақты жағдай олардың қатарына кірмейді.

"2010 жылғы жер актісінде киностудияның жері бөлінбейді деп жазылған. Демек, жалға берілген жердің бір бөлігін алып қою Қазақстанның жер заңнамасына қайшы" деп жазылған киностудия мәлімдемесінде.

Әкімдік "Қазақфильмнің" жерін мәжбүрлі түрде тартып алды деу – қате. "Бұл жер - "Қазақфильмнің" меншігі емес, олар бұл аумақты жалдап отыр.
Алматы қалалық әкімдігі

Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов "әкімдік "Қазақфильмнің" жерін мәжбүрлі түрде тартып алды деу – қате" дейді. Азаттыққа берген сұхбатында ол: "Бұл жер - "Қазақфильмнің" меншігі емес, олар жалдап тұрған. 2017 жылы жалға беру туралы келісім бұзылды" деген.

Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов. 17 тамыз, 2018 жыл.
Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов. 17 тамыз, 2018 жыл.

Алайда "Қазақфильм" заңгері Әлтайыр Ерімбетов "жерді жалға беру туралы келісім-шарт бұзылды деген әкімдік мәлімдемесі қате" деп санайды.

- Бұзылған келісім-шарт 2008 жылғы ескі құжат еді. Ал "Қазақфильмге" жерді 49 жылға беру туралы 2010 жылғы келісім әлі өз күшінде. Құзырлы органдарда бұл құжат әлі тіркеуде тұр. Біз әлі жердің заңды қолданушымыз. Әкімдік келісім-шартты алдын ала бұзып, жерді алмақ болса, оның орнына басқа жерді ұсыну керек. Бірақ бізге ондай ешбір ұсыныс түспеді, - деді заңгер.

"Қазақфильм" киностудиясының заңгері соңғы сот отырысы дүйсенбі күні – тамыздың 20-cында өтетін айтады.

- Егер соңғы сотта біз жеңілсек, қыркүйекте 5,5 га жер қала әкімшілігінің коммуналды меншігіне өтеді, - дейді ол.

"Қазақфильм" киностудиясы - 1934 жылы Алматы киномұрағат студиясы ретінде құрылған. 1960 жылдың 9 қаңтарынан бастап «Қазақфильм» киностудиясы деп атала бастады. 1984 жылы киностудияға қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі Шәкен Аймановтың аты берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG