Accessibility links

Апрымов отбасы драмасымен экранға оралды


"Әкеге қоңырау шалу" фильмінің бас кейіпкері. Экраннан түсірілген сурет.

Түсіру тобы мен кәсіби актерлерсіз жасалып, жеке бюджеттен қаржыландырылған фильм. Қазақ киносының жаңа толқын режиссері Серік Апрымов "Әкеге қоңырау шалу" көркем фильмін түсіріп бітті.

Режиссер фильмнің негізгі желісі өрбитін орынды Алматы қаласынан жүздеген километр жерден тапқан. Апрымовтың шығармашылығымен таныс көрермендердің пікірінше, режиссер "сапа жағын ұмытпаған". Азаттық тілшісі Алматыдағы жабық көрсетілімге барып қайтты.

Серік Апрымов – ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында кинематография саласында жарқырып танылған "жаңа толқын" өкілі, бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты (ВГИК) режиссерлік факультеті (режиссер Сергей Соловьев шеберханасы) түлектерінің бірі. "Соңғы аялдама", "Ақсуат", "Үш ағайынды", "Аңшы" - Серік Апырымовтың ең әйгілі фильмдері. Режиссердің жарыққа шыққан әр фильмі кино саласында жаңалыққа айналады. Көптеген картинасы халықаралық кинофестивальдерде жүлде алған.

Бірақ кейінгі жылдары Серік Апрымов кино алаңына маңайламай жүр. "Озернаядағы үй" телесериалын ол Ресейде жасады. Елде кино түсірмеу себептерінің бірі – "Қазақфильм" мемлекеттік киностудиясымен арадағы кикілжің. Оның бұрынғы президенттерінің бірін ол қазақ киносына "геноцид орнаттың" деп айыптаған болатын. "Қазақфильмнің" келесі президенті режиссерге өзі телефон соғып, фильм түсіруді ұсынған. Ақыры "Бауыр" фильмі жарыққа шығып, кинокөрермендер оны 2013 жылы көрген.

Енді міне, төрт жылдан кейін Серік Апрымов көрерменге тағы бір фильмін ұсынды. Қазанның 18-інде "Арман" кинорталығында режиссердің "Әкеге қоңырау шалу" деген жаңа фильмінің көрсетілімі болды. Көрсетілім жабық өтті. Ал жалпы аудиторияның фильмді қашан көретіні белгісіз. Жақында кинокартинаның "фестивальдік" кезеңі басталады.

КҮМӘНДІ ДИАГНОЗ

"Әкеге қоңырау шалу" фильмі жас жігіттің бала кезінен бастап есейген шағына дейінгі 25 жыл өмірін қамтиды. Бас кейіпкердің өмірінің әр кезеңін үш актер ойнаған. Фильмнің көп бөлігі Қазақстанның советтік кезеңінің мұрасы – қараусыз қалған және жартылай қираған үйлері көп кентте тұратын баланың балалық шағы туралы баяндайды.

Бас кейіпкердің шомылып жүргенде суға батып қайтыс болатын ағасы бар. Еркін (фильм кейіпкерінің есімі) әке-шешесімен тіл табыса алмайды. Бұған дәрігерлер қойған психикалық дамуындағы тежеліс деген диагноз да себеп болады. Бірақ бала кәдімгі мектепте оқиды. Әкесі оны осы мектепте оқыту үшін директорға өгізшесін сойып беруге тура келгенін айтып береді.

Жазғы каникул кезінде Еркін әкесінің "бизнесіне" қолғабыс жасап, кірпіштерін сату үшін жартылай қираған үйлерді бұзады. Ал оқу жылының басында мұғалима "Жазды қалай өткіздім" деген тақырыпқа шығарма жазуға тапсырма берген кезде бала әкесімен бірге үйлерді бұзғаны туралы болмаса, өзге жазатын ешқандай қызық жоқ екенін түсінеді.

"Әкеге қоңырау шалу" фильмінен көрініс
"Әкеге қоңырау шалу" фильмінен көрініс

Үлкен ұлының қазасынан кейін анасы отбасын тастап, қалаға кетіп қалады. Еркін араққа салына бастаған әкесімен бірге қалады. Ес-түсін білмейтін мас әкесін талай рет арбаға салып үйге әкеледі. Ал бір күні ол әбден масайып алып баласы мен көрші үйдегі адамдарды атып тастай жаздайды. Полицияның мылтықты таба алмағанының арқасында ғана түрмеден аман қалады.

Бірде әкесі ұлынан "Арманың бар ма? " деп сұрайды. Бала қалада оқығысы келетінін айтады. Әкесі "Қалада ешкіміміз жоқ қой" деп әуелі мырс етіп күледі. Бірақ сосын отбасын тастап кеткен әйелінің медбике болып жұмыс істейтін сіңлісі бар екені есіне түседі. Қала мектебінде оқу үшін баланың диагнозын өзгертуге балдызы көмектесе алатын шығар деп ойлайды. Көп ұзамай әйелінің сіңлісі келіп, Еркінді қалаға алып кетеді.

Келесі эпизодтарда фильмнің соңғы көріністері қамтылған. Қалаға кеткен сәттен бері 20 жыл әкесін көрмеген Еркін әкесіне қоңырау шалады. Әкесі қайта үйленіп алған, кішкентай ұлы бар. Еркіннің де өмірі сәтімен болып жатқаны байқалады. Ол арқасы биік етіп жасалған былғары креслода отыр. Үстінде талғаммен тігілген костюм.

БЮДЖЕТСІЗ ЖӘНЕ КӘСІБИ АКТЕРЛЕРСІЗ

"Әкеге қоңырау шалу" фильмін Серік Апрымов өз ақшасына түсірген. Ол мұның себебін эксперименттік фильм болғандықтан деп түсіндіреді.

— 30 жыл бұрын фильмді ешқандай топсыз түсіргенмін. Қазір сол тәжірибемді қайталауды ұйғардым, - дейді ол.

Серік Апрымов фильмнің режиссері, сценарисі әрі продюсері ғана емес, операторы да. Титрде фильмді "Қазақфильмнің" қатысуымен түсірілді деп көрсету себебін Серік Апрымов киностудия пост-продакшнға көмектесті деп түсіндірді.

Серік Апрымов, режиссер. Алматы, 18 қазан 2017 жыл
Серік Апрымов, режиссер. Алматы, 18 қазан 2017 жыл

Серік Апрымовтың фильмдерді өзіндік тәсілімен түсіру дәстүрі қалыптасқан – ол бюджетсіз, сценарийсіз және түсіру тобынсыз жұмыс істейді. Сценарий бар, әрине, бірақ ол оны актерлерге көрсетпейді екен.

— Сценарийді оқыған актер рөлді қиялында ойнай бастайды да, штамп пайда болады. Соның кесірінен екі жұмыс істеуіме – актерді әлгі штамптардан арылтып әрі рөлді ойымдағыдай ойнауға мәжбүрлеуіме тура келеді, - дейді режиссер.

Серік Апрымов көбінесе кәсіби емес актерлермен жұмыс істейді. "Әкеге қоңырау шалу" фильмінде де баланың әкесін ойнаған Ерболат Оспанқұловтан өзге ересек кейіпкерлерді ойнайтын кәсіби актерлер жоқ. Оспанқұловтың сөзінше, Апрымов фильмдеріне 1994 жылдан бері түсіп жүргендіктен, "өз актері" болып кеткен.

ҚАТЕ БАҒЫТ

Фильм оқиғасы өрбитін кентте қираған, жартылай қираған үйлер көп. Бұл - Жамбыл облысындағы бұрынғы уран кеніші жанында орналасқан Ақсүйек кенті. Совет заманында бірнеше жылдың ішінде уран кеніші жанынан үйлер, дүкендер, мектеп, ауруханалар салынып, Ақсүйек ауылы «түз даладағы оазис» сияқты болатын. СССР күйрегеннен кейін кеніш жабылып қалған, ал тұрғындардың көбі әр жаққа көшіп кетіп, кезіндегі бетке ұстар кенттің сиқы кеткен. Фильмді неліктен әлгі жерде түсіруді ұйғарып, жанрын қалай таңдағанын Серік Апрымов өзіне тән әзілқойлығына салып айтып берді.

"Әкеге қоңырау шалу" фильмінен көрініс.
"Әкеге қоңырау шалу" фильмінен көрініс.

— Бір күні Астанадан келе жатып, жолда бұрылыстан өтіп кетіппін. Алматы жаққа оңға бұрылу керек болатын, ал мен тура кетіп қалыппын. Сөйтіп әлгі кентке тірелдім. Оны аралап шыққаннан кейін осы жерде фильм түсіремін деп ұйғардым. Бірақ қандай фильм? Іштей өзімнен "Мына жерде өзіңнің тұрғың келер ме еді? " деген сұрадым. "Мүмкін. Онда драма болады". "Ал әйелің ше, тұрғысы келер ме еді? Жоқ, әрине! О! Онда отбасылық драма болсын" деп ойладым.

Серік Апрымов оқиға желісі өрбитін уақытты фильмде сәл бұрмалап жібергенін мойындайды.

— Билік ренжімесін деп фильм оқиғасын 20 жылға шегердім. Қазіргі Қазақстан қандай екенін білмеймін,- дейді ол.

Бірақ кадрда - қазіргі заманымыздың, нақтырақ айтқанда, фильм түсірілген кездегі көріністер. Фильм екі жыл бұрын түсірілген.

КӨРЕРМЕНДЕР ПІКІРІ

Кинотанушы Андрей Черненко фильмнің мәнін "адамды іске алғысыз етіп тастауға болмайды" деген сөйлеммен сипаттады.

— Фильмдегі баланың мүлде ақымақ емес екені аяғында дәлелденді ғой. Ол өмірден ақыры өз орнын тапқан. Меніңше, егер мына фильмді шетелде көрсетсе, шетелдіктер мән-мағынасын түсінеді, - деп санайды Андрей Черненко.

Ол фильмнің негізгі кемшілігін де атады:

— Өкінішке қарай, фильмді тым созып жіберген. Оны сәл қысқартып, қарқындырақ еткен жөн еді, - дейді ол.

Кинотанушының пікірінше, тұтастай алғанда, Серік Апрымов қабілет-қарымын жоғалтып алмаған.

Қазақстандық танымал суретші Сәуле Сүлейменова "Өзім режиссер Серік Апрымовты қатты құрметтеймін, сондықтан фильм көрсетілімі туралы Facebook-тен оқыған кезде көру керек деп ойладым. Кезінде "Соңғы аялдамасы" қазақстандық киноның әлдебір болашағы бар деген үмітімді оятқан. Серік Апрымов - өзіндік эстетиканың негізін салушы. Ол қарапайым әрі маңызды дүниелерді ешқандай пафоссыз, күпініссіз, жасандылықсыз жеткізеді. Меніңше, бұл - оның ең мықты ерекшелігі. Ондай ерекшелік алдыңғы фильмдерінен де байқалған, мына фильмінде де бар екен. Ол әлгі қасиетінен бұл жолы да айнымаған" дейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG