Accessibility links

«Күндіз артист, түнде аула сыпырушы болдым»


Актриса Венера Нығматулина. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.
Актриса Венера Нығматулина. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.

Қазақстандық белгілі актриса Венера Нығматулина тергеу абақтысындағы түсірілім туралы, базардағы саудасы жөнінде және каратенің өтпелі тұста қалай кәдеге жарағаны жайлы айтты.

Азаттық Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз адамдар» жобасын жалғастырады. 1990 жылдардың басынан бастап осы уақытқа дейін беделді, қоғамдық пікірдің жетекшісі болған саясаткер, музыкант, журналист, экономист, әртіс және танымал БАҚ өкілдерінен сұхбат аламыз. Жоба кейіпкерлері жаңа мемлекетте адам ретінде және маман ретінде алдына қандай мақсат қойғанын, 2016 жылы оның нәтижесі қандай болғаны туралы баяндайды.

Жобаның 15-сериясында «Тоғысқан тағдырлар» («Перересток») сериалының жұлдызы, «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі директоры актриса Венера Нығматулина 1990 жылдарды фильмді қандай ақшаға түсіргендерін, қазіргі қазақстандық кинематографияның кемшін тұстарын айтып берді.

«ҚАЗАҚФИЛЬМГЕ» КІРСЕҢ, ҚАРАҢҒЫ, СУЫҚ ӘРІ ЖАҢҒЫРЫҚ ЕДІ»

Вячеслав Половинко: – Әдетте сұхбатымыздың алғашқы сұрағы стандартты болушы еді, бірақ бұл жолы 1991 жылы шыққан «Әйелдер түрмесі» («Женская тюряга», алғашқы атауы «Жизнь-Женщина» – «Әйел-Ғұмыр» болған фильмдегі басты рөлдердің бірін Венера Нығматулина ойнаған – ред.) фильмінен бастайық. Ол қандай фильм еді?

Венера Нығматулина: – Бұл өмірде болған оқиғаға негізделген толық метражды көркем фильм болатын. Қазіргі фильмдердің титрінде «Өмірде болған оқиғаға негізделген» деп жазғанды жақсы көреді, сондықтан жұрттың назары бірден ауады. Мен сомдаған бас кейіпкер келіншек өмірдің талай тауқыметінен өтіп, рухы мықты тұлғаға айналады, сондықтан онымен бірге өмірінің бүкіл «кезеңінен» өту маған өте қызық болды. Өмірімде «қоршаудың арғы жағы» деп аталатын тіршілікпен алғаш өте жақын тоқайластым. Біз ғұмыр кешіп, жұмыс істеп жүрген әлеммен параллель тағы бір әлем бар деп мүлде ойланбаймыз. Ол – мистикалық мағынадағы емес, әлеуметтік мағынадағы әлем. Ал тағдыры қилы жандар отырған ол жақтағы өмірдің өз заңдары бар. Түсірілім алдында маған «фильмді нағыз тергеу абақтысы мен зонада түсіреміз, шынымен істі болып, сотталған адамдармен жұмыс істейміз» деп ескерткен болатын.

Пётр Троценко: – Бұған теория немесе практика жүзінде дайындалдыңыз ба?

Вячеслав Половинко: – Ол жақтағы өмірді зерттеп дегендей...

Венера Нығматулина: – Бостандықта ондай «зерттеу» жүргізетіндей ешкім болмады, сондықтан оны темір тордың арғы жағына барғаннан кейін «зерттей» бастадық. Ол жаққа таңғы сағат алтыда қақпа ашылғаннан кіргеннен түсірілімнен түн ортасына таман бір-ақ шығатынбыз. Бұрын ол жақтағылардың бәрі қылмысқа үйір адамдар шығар деп ойлайтынмын, бірақ ол жердегі адамдарды таныған сайын өмірді көбірек түсіне бастадым. Кедейлік пен түрмеден ешкім сақтана алмайды екен. Ол жерде тағдыры ғажап адамдарды кездестірдім, бірінің өмірі жаныңды түршіктіреді, енді бірін аяйсың. Әлгі жобада жұмыс істеу маған қатты ұнады. Өз өмірің жайлы да ойландыратын сабақ болды.

Негізі, ол кез елде аласапыран басталып, ертеңгі күніміз не болатынын білмей дағдарып қалған заман болатын. Өз күшіммен бірдеңе ұйымдастыруға, бір жақтарға шығуға тырыстым, күнкөрістің қамымен түнімен тігін тігіп, тоқыма тоқыдым, қысқасы, айналыспаған шаруам қалмады. Мамандығымды да ұмытқан жоқпын, бірақ «Қазақфильм» киностудиясының тоқырап тұрған кезі, ішіне кірсең, тас қараңғы, суық әрі қаңыраған дәліздерде дауысың жаңғырады.

Пётр Троценко: – Мұндай қиын жағдайда «Әйел-Ғұмыр» фильмін түсіруге ақшаны қалай таптыңыздар? Әлде бұл қоғамды криминалдық романтика жайлап, түрме жайлы фильм түсіруге ақша оңай табылатын кез болды ма?

Венера Нығматулина: – «Фора-фильм» компаниясының продюсерлері қылмыстық ортаға еш қатысы жоқ, көргенді адамдар болды. Әлгі кезеңде қайтарымсыз берілген қомақты несиелерді игеру керек болды. Кино өндірушілерге ешқандай жеңілдік, артықшылық берілген жоқ. Бірақ өз киносын түсіріп, кейін оны әлдебір кинофестивальде көрсетіп, шетелге шыққысы келетін бизнесмендер өте көп болды. Сол тұста шекаралар енді ғана ашылып, жұрт Батыс пен Америкаға ағыла бастады. Ақша да солай келді. Бір жағынан, режиссердің «...мына кино шықпаса, әлем жұтап қалады!» деп, әлдебір фильмді міндетті түрде түсіру керек деген уәжге иландыру қабілетінің де орасан зор маңызы болды. Ал картина режиссері Жанна Серікбаева иландыруға мықты жандардың бірі болды.

Вячеслав Половинко: – Меніңше, Қазақстанда фильмнің тағдыры онша қиюласпады.

Венера Нығматулина: – Одан да сорақы болды. Әлгі картинаның премьерасы болған кезде оны көруге жиналған жұрттың көптігі соншалық, кино үйіне милицияның салт атты жасағын шақыртуға тура келді, жұрт есіктерді сындырып, іштегі нәрселердің бәрінің күл-талқанын шығарды. Ол жерге өзім де, туыстарымды да кіргізе алмадым. Әйелдер түрмесі, дәстүрге жат махаббат туралы фильм болғандықтан, жұрт фильмді көру үшін тіпті есікке өрмелеп кетті. Секс деген нәрсе киносында да, өмірде де болмаған елде лесбилердің махаббаты таңсық тақырып болды.

Актерлер Венера Нығматулина мен Владимир Толоконников «Әйел-Ғұмыр» фильмінде. 1991 жыл.
Актерлер Венера Нығматулина мен Владимир Толоконников «Әйел-Ғұмыр» фильмінде. 1991 жыл.

Әлгі фильмде адамның тағдыры мен таңдауы деген тақырып қозғалды, бірақ негізгі желісі осы тақырыпқа көбірек ойысты. Премьерасы ғаламат деңгейде өтті, бірақ бәрі сонымен аяқталды, өйткені «Мынау не сұмдық, кино емес, порно!» деген мақалалар легі басталды. Ал бір мақалада «Қазақстанда лесби махаббат жоқ, бұл – авторлардың ойдан шығарғаны, фильм Қазақстан халқының ар-намысын таптайды» деп жазды. Олар сценарий авторын, режиссерді және мені жазғырып, сөгіп жатты. Бір рецензияда «...Нығматулина әп-сәтте лагерь сұмпайысына айналды» деп жазылғаны есімде қалыпты.

Бірі кино үйінде, екіншісі фильмді түсірген әйелдер түрмесінде қатар өткен екі премьераны көрсеткен «Презентация в изоляции» фильмін түсірдім. Сотталған әйелдер әлгі фильмді қандай эмоциямен және қызу қабылдағаны есімде. Жазасын өтеп жатқан әйелдердің арасында бір-біріне мүлде қайшы қаншама пікір айтылды. Біреулері «Біз мына жерде онсыз да жетісіп отырған жоқпыз, ал сіздер бізді бүкіл әлемге масқараладыңыздар!» деп айқайлады. Енді бір әйелдер «Дұрыс, өзгелер көріп, біздің қателігімізді қайталамасын!» деп дауласты.

Пётр Троценко: – Бұл 1992 жыл емес пе? Тәуелсіз баспасөз бен либералдық өзгерістер ене бастаған заман.

Венера Нығматулина: – Бірақ әлгі картинаның тағдыры тамаша болды, талай фестивальге қатысты, режиссер екеуміз онымен бүкіл әлемді аралап шықтық. Германия, Франция, Ұлыбритания, Польша, Болгарияда көрсету үшін таныстар арқылы немесе әлдебір өзге жолдарын тауып, турасын айтқанда, оны қолтығымызға қысып алып жүрдік деуге болады. Бізге Жапонияның бір газетінде жарияланған рецензия да келген. Бүкіл Еуразия кеңістігінде жалғыз Қазақстанда ғана әлгі картина жайлы ешкім ештеңе естіген жоқ. Премьерадан кейін оны «Алатау» кинотеатрында тек бір рет қана көрсетті.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ АҚШАҒА ФИЛЬМДЕР ТҮСІРІЛГЕНІН БІЛЕМІН»

Пётр Троценко: – Әлгі фильмді фестивальдерде көрсеткеннен кейін шетелде киноға түсуге шақыру алдыңыз ба?

Венера Нығматулина: – Германия мен Польшада екі жоба болғаны есімде, бірақ әуелгіде отбасы жағдайыма байланысты бара алмай қалдым, ал кейін түсірілім кестесі сәйкес келмеді. Өйткені сол тұста Қазақстанда қызық жобаның түсірілімі басталып жатқан болатын.

Пётр Троценко: – Ал Еуропада қалғыңыз келген жоқ па? Әсіресе Қазақстанды тоқырау жайлаған 1990 жылдардан кейін.

Венера Нығматулина: – Мелодрамалық деуге болатын бір әңгіме айтып берейін. Талай жылдан өткеннен кейін бір жарым жыл Еуропада тұрдым. Кабельді телевизиямен байланысты бір жобаға қатыстым, ол жақта маған пәтер берді, көлігім болды. «Сағыныш», «ностальгия» деген сөздің мәнін сол кезде ұқтым. Күнде таңертең тұрғанда «тағы бір күнім елден жырақта өтті ғой» деген оймен оянатынмын. Бір жарым жылдан кейін «болды, енді шыдай алмаймын, енді қалсам осы жақта өлетін шығармын» деп ойладым. Құжат, кітаптарымды жинап, баланы алдым да, ұшаққа билет сатып алып, үйге ұшып келдім. Әлдебір мелодрамадағы сияқты қаланың әуежайында тұрған бағанды құшақтап «Туған елім!» дедім. Ал елім «Сен кімсің?!» деді.

Содан тауқымет басталды, базарда тұрып сауда жасап, тігін де тіктім, аула да сыпырдым. Қысқасы, сол кездегі жұрттың бәрі сияқты күнкөріс қамымен жанталастым.

Ол кезде коммерциялық студиялар енді ғана ашылып жатқан, солардың бірі – режиссер Едіге Болысбаевтың студиясы. Күндіз әртіс болып, ал түнде басыма кепка киіп, бет-аузымды байлап алып, аула сыпырушы болып жұмыс істедім. Ықшам аудандардың бірінде бірнеше үйдің подъезін жуып, ауласын сыпыратынмын. Подъездерді түнде жуып жүрдім, біреу жанымнан өтіп бара жатып, бетіме үңілсе, «Бөгелме, тез өт! Неменеге бақырайып қарайсың» деймін дауысымды әдейі жуандатып. Ал базарда саудамен айналысқан кезде таныстарым «Венера, мұнда не істеп жүрсің?» деп сұрайтын. «Базарда зат сататын әйелдің рөлін ойнауға тиіспін, мұнда соған жаттығып жүрмін, тек ешкімге айтпаңдаршы» дейтінмін. Бірақ сөренің артында камуфляж бен көзілдірік киіп тұрсам да, жұрт дауысымнан танып қоятын.

Пётр Троценко: – Бірақ сіздің әлдебір жобаларыңыз болды емес пе, актерлердің нәпақасы соншалықты мардымсыз болған ба сонда?

Вячеслав Половинко: – «Әйел-Ғұмыр» фильміне түскеніңіз үшін алған қаламақыңыз көп нәрсеге жетті ме?

Венера Нығматулина: – Ол ақша қарызымның бір бөлігін беруге, аздап киінуге, қызымның мектепке керек-жарағын сатып алуға ғана жетті. Көлігімді жаңартуға жететіндей көп ақша тапқан жоқпын. Өз пәтерім де болмай, режиссер құрбымның үйінде тұрдым, картинаны түсіріп біткеннен кейін, жаңа жоба басталар алдында қаржыдан қысылып, екеуміз бірдеңе етіп күн көру керек болды.

Вячеслав Половинко: – 1990 жылдары базарда немесе «мына фильмге түсіңіз» деп талап еткен қарақшылар ұшырасқан жоқ па?

Венера Нығматулина: – Алматыдағы СИЗО жанында болған бір жағдай есімде. Фильмді «зонада» түсіргендіктен, рұқсатты да ішкі істер министрлігінен алуға тура келді. Бірде милицияның жоғарыдағы бастықтары мәскеулік актрисаларды, фильмді әйелдер түрмесінде қалай түсіріп жатқанын көргісі келді. Ал бізді абақтыға кіргізбес бұрын студияда гримдеп, жағымызды суалыңқы етіп, көзіміздің астын көгертіп, бетімізге тыртық салып, татуаж жасап, қысқасы, өңдейтін. Ал түсірілімнің алғашқы күні аяғын сындырып алған мәскеулік актрисалардың бірі Таня Орлова абақтының кіре берісінде балдақпен тұрған болатын. Сол мезетте артист қыз-келіншектерді көруге үлкен бастықтар келіп қалды. Оларға «Міне, артисткалар, танысыңыздар!» деп бізді көрсетпей ме? Олардың біздің кейпімізді көріп аң-таң болған түрлері, бізді қорашсынған көзқарасы әлі есімде. Әлгілер режиссерімізді жеке шығарып алып: «Жанна, мына ұсқынсыздардың бәрін қайдан жинап алғансың? Бізге айтсаң, хас сұлуларды тауып берер едік қой!» депті.

Әлгі абақтыда жазасын өтеп жатқан Рая Героева деген бір келіншек біздің фильмге түскені есімде. Әлгі мекеменің әйелдер жағының ерекше ықыласына бөленіп, түсірілімге күн сайын Adidas, Puma сияқты фирмалардың қымбат тұратын спорт костюмдерін киіп келеді. Кейде бір эпизодты бірнеше күн қатарынан түсіруге тура келеді, сондықтан одан киімін бұлай жиі ауыстыра бермеуін өтіндік. Ол «бір киіммен бірнеше күн қалай жүремін» деп миығынан күлді. Түрмеде ол келіншекке ғана камерада теледидар қоюға, мысық ұстауға, жататын төсегінің тұсына жаймадан шымылдық құруға рұқсат беріп қойған.

Вячеслав Половинко: – Сонымен қарақшылар жолықты ма?

Венера Нығматулина: – Ондайлар болды. Бірақ бізге жылы жүзді бандиттер жолықты ма әлде олармен біз дұрыстап келісе алдық па, білмеймін – әйтеуір қарым-қатынасымыз жай сыйластықтан арыға аспайтын. Ол кезде [қарақшылар]: «Біз туралы неге түсірмейсіңдер. Басымыздан өткен талай нәрсені айтсақ, сендердің киноларың жайына қалады» деген ұсыныстар айтты. Бірақ ондай дүниелерді түсіргіміз келмеді. Өйткені жұмсаған әр теңгемізді бір мың теңге етіп қайтарып аларын түсініп, олармен жылы шыраймен сөйлесіп, түрлі сылтау тауып шығарып салатынбыз. Бірақ қылмыстық жолмен табылған ақшаға фильмдер түсірілгенін білемін.

Вячеслав Половинко: – Бірақ криминалдан бөлек кинематографқа тағы кім ақша берер еді? Ол кезде мемлекетте ақша жоқ болды ғой.

Венера Нығматулина: – Жоқ, ол кезде мемлекет киноны қаржыландырған жоқ. Олардың бәрі жеке меншік компаниялар, бизнесте жүрген адамдар болатын. Ал олардың немен айналысқанын өздерінің ар-ұяты білсін. Бірақ ақша ұсынып, «менің айтқан оқиға бойынша кино түсір, бас кейіпкердің рөліне ана бір сұлу қыз түссін» десе, режиссерлердің көбі келісетін. «Қайдан келіп жатқан ақша екенінде шаруам қанша, өзімді танытсам болды» деп ойлайтындар болды.

«АЛДЫМА КЕЛІП ӨНЕР КӨРСЕТІҢДЕР, АЛ МЕН ТАМАҚ БЕРЕМІН»

Пётр Троценко: – Актерлер күн көру үшін қандай амалдарға жүгінді? Мысалы, сіз аула сыпырушы болып жұмыс істедіңіз, ал қалғандары қалай күн көрді? Олар да қолынан келген нәрселермен айналысты ма?

Венера Нығматулина: – Күнкөрістің өзге амалы болған жоқ. Адамдар ақша табудың кез-келген мүмкіндігіне жармасатын. Біз де өзге жұрт сияқты адамбыз ғой. Сондықтан актерлер де шамасы келген іспен айналысып, ақша тапты. Ол кезде актер мамандығының қадірі қашқаны соншалық, әлдебір бизнесмен әрі бір жағынан шенеунік бір кісіден «Маған келіп, спектакльдеріңді қойыңдар, ән салып, би билеңдер, ал мен сендерді тамақтандырамын» деген ұсыныс түскені есімде.

Пётр Троценко: – Басыбайлы театр еткісі келген ғой.

Венера Нығматулина: – Ақыры өзімнің продюсерлік орталығымды ашуды ұйғардым. Бұл 1995 жыл болатын, сонымен қазақ киносын насихаттауға кірістім. Қазақстандықтар отандық картиналардың көбін көрмеген, халықаралық кинофестивальдерде жүлде алса да, оларды прокатқа шығармайтын, көрермен мүлде білмейтін. Продюсердік орталығымының ақшасына тележобалар, имидждік жобалар жасадым. Актерлеріміздің фотосессиясын ұйымдастырып, фотосуреттері басылған күнтізбелер шығардым. Оларды сата алмадық, бірақ қазақстандықтар біздің актерлердің шетелдік актерлерден кем түспейтін білсін деп тегін тараттым. «Шәкен жұлдыздары» фестивалін ұйымдастыру идеясы сол кезде туды.

Вячеслав Половинко: – 1990 жылдары әйелдер киім-кешек, косметиканы қайдан алды? Әр әйел өзгелерден ерекшеленіп тұрғысы келеді ғой. Ол заманда бұл жағынан проблемалар болды ма?

Венера Нығматулина: – Бүкіл әйелдің атынан айтпай-ақ қояйын, бірақ ол кезде соғыс емес қой. Дүкендер болды, маталар сатылды, шеберханалар мен ательелер жұмыс істеді. Бәрі әмияныңның қалыңдығы мен қиялыңа байланысты. Өз басым ол жағынан барды қанағат тұттым. 100 теңгеге майка сатып алып, джинсы болса, өзімді ешкімнен кем сезінбейтінмін.

Елена Миронованың мына өлеңі құдды маған арналғандай:

Какая роскошь — быть не в моде
И жить, ни на кого не глядя,
И одеваться по погоде,
Не ради взглядов встречных дядей.
Прослыть не побояться дурой,
Не прибавлять платформой роста,
Не подгонять свою фигуру
Под «шестьдесят» и «девяносто».
Веселой быть и сумасбродной,
Зевать, коль станет слишком скучно.
Какая роскошь — быть не модной,
А быть самой собою, штучной.

Вячеслав Половинко: – Карате тәсілдерін меңгергеніңіз (Венера Нығматулина – каратеден қара белдік иегері – ред.) 1990 жылдары кәдеге жарады ма? Әлдебір бұзақылардан қорғануға тура келетін кездер болды ма?

Венера Нығматулина: – Ой, оның жыры көп. Күнкөріс үшін анда-мында шапқылайсың да жүресің. Такси болып, кісі тасыған кезімде (ондай да болған) біреулер шабуыл жасап, тонамақ болып әрекеттенген. Ондай кезде әлгі тәсілдерім кәдеге жарады. Карате спорттың көшеде қолданылмайтын классикалық түрі болатын. Біз тіпті көшеде де, төбелес кезінде де ешбір тәсілін қолданбаймын деп қолхат та бергенбіз.

Бір күні сүт сататын дүкенге бармақ болып, бос бөтелкелер салған дорбамды көтеріп, гараждардың жанынан өтіп бара жатқанмын. Әлгі жерде жөні түзу сияқты көрінген бір топ адам тұрған. Ары қарай не болғаны еміс-еміс есімде. Құдайға шүкір, шалт қимылдап, қолымдағы дорбамды да, бөтелкелерді де сермей беріппін, бір қызығы, сонда бөтелкелердің біреуі де сынбапты. Мұндайды күтпеген болуы керек, әлгі төртеуі дағдарып қалды, сол сәтті пайдаланып қашып үлгердім. Төбелес маған ұнап қалды. Ондай сәттерде адамның өз-өзіне деген құрметі артады екен. Бірақ мұны қазір күліп айтып отырмын ғой, ал ол кезде күлуге шама қайда?! Жігіттермен ұстаса кеткен ондай жағдайлар одан кейін де қаншама рет болды. Бірақ әйел адам қанша жерден мықты жаттыққан болса да, ер адамның дөрекі күшіне қарсы қайрат қыла алмайды. Қашып кетуге сәл мүмкіндігі болу үшін әйел амалын тауып сытылып шығуы немесе әлдебір осал жеріне соққы беруі тиіс. Сондықтан бапкерім Талғат [Нығматулин] айтпақшы, ең дұрысы ешқандай жекпе-жекке шықпаған жақсы.

«ПЕРЕКРЕСТОК» «САНТА-БАРБАРАДАН» ДА ҰЗАҚ БОЛУЫ ТИІС ЕДІ»

Пётр Троценко: – Енді 1990 жылдардағы қазақстандық телевизияның ең басты оқиғаларының біріне айналған «Перекресток» («Тоғысқан тағдырлар») сериалы жайлы әңгімеге көшейік.

Венера Нығматулина: – Сериал түсіру идеясын ағылшындар ұсынды, сондықтан алғашқы 13 сериясы солардың басшылығымен түсірілді. Сериал жанрынан мүлде хабары жоқ біздің қазақстандық команданы солар үйретті. Кәсіби кино актерлері болғандықтан біз әуелгіде сериалға түсуді аздап қомсынып, өзімізді кемсіткендей сезіндік. Сериал жанрдың өгей қызы сияқты болды. Сериал продюсері кейіпкердің мінез-құлқын «Мәдина – музыкадан сабақ беретін мұғалім, ер кісілермен, жұртпен араласудан қашатын, бөлмесінде отырып скрипкасын қиқылдатудан өзгені білмейтін, әйелдік қылықтан жұрдай, сұрықсыз әрі мінезі жасық кәрі қыз» деп сипатталған сюжет мәтінін берді. Ал актриса Ира Әжмұхамедова ойнаған сіңлісі әпкесін киіну мәнеріне, ер адамдамен араласып, сөйлесуге үйретеді. Әлгі мәтінді оқып отырып «Осы іздер ештеңені шатастырып алған жоқсыздар ма? Сіз мені осындай жан деп ойлайсыз ба?» дедім. Олар «Иә! Дәл сондай жансыз! Бізге дәл сіз керексіз!» дейді. Кейін «Өмір-бақи бізбен бірге жұмыс істеуге әзірсіз бе? Сізбен 25 жылға шарт жасасқымыз келеді» деді. Ол кезде «Санта-Барбарадан» да ұзақ сериал етіп түсіру жоспарланды. Ондай дәрежеге жеткен жоқпыз, бірақ «Перекрестоктің» 465 сериясын және тағы екі фильм түсірдік.

Қысқасы, мен оларға өз ойымдағы Мәдинаның бейнесін ұсындым, ал егер ұнамай жатса, алғашқы нұсқасына ораласыңдар дедім. Ақыры шамамен жетінші сериясында сценаристер скрипканы тастату үшін кейіпкерімінің қолын сындыра салды және оны каратеге жаттықтыруға кірісті, кейін ол өзіне қызықтыру үшін жігітін айналдыруға тырысты.

Актриса Венера Нығматулина "Перекресток" ("Тоғысқан тағдырлар") фильмінде.
Актриса Венера Нығматулина "Перекресток" ("Тоғысқан тағдырлар") фильмінде.

Пётр Троценко: – Ал олар ұсынған бейнені сомдау актриса ретінде сізге неліктен қызықсыз болды? Өзінің болмысына келмейтін рөлді ойнау кез-келген актер үшін қызық емес пе?

Венера Нығматулина: – Иә, ол рас, бірақ сол сәтте менің бүкіл әйелдік болмысым «Жоқ, бұлай болмайды, мен мұндай емеспін!» деп қарсы болған сияқты.

Пётр Троценко: – Ал қазір әлгі образды сомдауды ұсынса, ойланып көрер ме едіңіз?

Венера Нығматулина: – Әрине! Егер қазір, яғни ақыл тоқтатып, есейген кезімде ұсынса, әлгі бейнені өзіме бейімдеп алу мүмкіндігін табар едім. Бір күні сценаристер сериалға тағы бір кейіпкерді – бет-әлпеті менің кейіпкерім Мәдинадан аумайтын, бірақ одан жас болғанымен, нағыз сұмпайы Зарема деген кейіпкерді енгізуді ұйғарды. «Ал маған ұқсайтын актрисаны қайдан табасыздар?» деп сұрадым. Олар маған «екі сериясында сен ойна, сосын оны өлтіреміз» деді. Сонымен әлгі образды іздей бастадым. Ақ сары парик тауып, оны жүріс-тұрыс, сөйлеу, ойлау, дене қимылдарын келтіріп жаттықтым. Ақыры екі сериядан кейін Зареманы қалдырамыз деп шешті. Бірде режиссер Бағдат Мұстафин «Перекрестокті» (Мәдина мен Зарема түскен көріністері) анасымен бірге көріпті. Анасы: «Мына екінші актриса Венераға қатты ұқсайды екен! Бірақ одан сұмпайы әрі жасырақ екені көрініп тұр» депті. Маған бұдан асқан мақтау болған жоқ. Ал кейін Зарема бейнесін біртіндеп көмескілендіріп, ақыры оны тыныш қана «жоғалтып жібердік».

Пётр Троценко: – Ол кезде сізге ақшаны екі рөл үшін төледі ме?

Венера Нығматулина: – Сіздерге қанша төлегенін айтсам... Ал кейін бастықтар мені «сіз көп алып жатырсыз» деп жазғырғаны бар.

Вячеслав Половинко: – Сонда қанша ақша төлеп еді?

Венера Нығматулина: – Ол кезде бұл күлкі келетіндей мардымсыз ақша болатын. Сериалдың рейтингі шарықтап тұрған кезде көшеде әлдебір әйел тоқтатып, қолымнан ұстап «Сен неге соншалықты долысың?» деді. Әлгі сөзіне әуелі сасқалақтап қалдым, ал ол кісі: «Ана жігітті мазалама. Олсені сүймейді, қызым. Әлі-ақ өз бақытыңды жолықтырасың, ал әйел адам өзін бұлай ұстамауы тиіс» деді. Әлгі кісі қолымнан жібермей сөйлеп тұр, ал мен оның Мәдинамен «сөйлесіп» тұрғанын ұқтым. Алда әлі 15 серия барын, жақсы адамға айналатынымды білемін ғой, сондықтан: «Айтқандарыңызды түсіндім, сізге көп рахмет. Бірақ әлі аздап жаман бола тұрамын, өйткені бірден түзеліп кете алмайсың ғой» дедім. Әлгі әйел «Рахмет саған, жарайсың!» деді де, қолымды сүйіп, кетіп қалды. Ол кезде адамдар бізді кейіпкерлерімізге теңестіретін.

Кейін марқұм болып кеткен Сағи Әшімов (қазақстандық актер [1961–1999], «Перекресток» сериалында Тимур деген бизнесменнің рөлінде ойнаған – Азаттық) «Базарға бару мүмкін болмай кетті. Саудалассаң болды, «өзің шылқыған байсың, ал мына жерге келіп саудаласып тұрсын» деп сөгеді дейтін. Сағи ғажап адам болатын, экранда жайнап кететін. Бір күні грим жасатып отырсам, жаныма келіп: «Көлік жүргізу куәлігінің жаңа үлгісін енгізіпті, дереу ауыстырмасаң, айыппұл салады екен» деді. «Ал сен ауыстырып алдың ба?» десем, басын шұлғып, куәлігін көрсетті. Ал фотосуреттің орнында 10 теңгелік қағаз ақшадағы Шоқан Уәлихановтың портреті тұр. Сөйтсем, ол әлгі суретті куәлігіне жапсырып алып, жол инспекциясына барған ғой. Ал ол жақтағылар белгілі актер болғандықтан, ештеңе деместен әлгі фотосуреттке мөр басып беріпті. «Перекрестоктің» қаншалықты танымал болғанын осыдан көруге болады.

Пётр Троценко: – Кейін сериал коммерциялық жобаға айналды. Құрақтан өндірілетін қант ұзақ әрі ашық жарнамалағаны есімде.

Венера Нығматулина: – Одан өзгелері де аз болған жоқ. Бір күні продюсер демеушілік көрсетуге «Смирнов» арағын шығаратын компанияны көндіріпті. Содан бәріміз әлгі арақты іштік. «Арақ ішпеймін» дегенімде «дәмін көрсеңші, саған ұнайды» деген эпизод бар. Дәмін татып көріп, «қызық, жақсы арақ екен» дегенім есімде.

Вячеслав Половинко: – Бекмамбетов сіздерден үйренген екен ғой.

Венера Нығматулина: – Кейін әлдебір жинақ банктері, сосын сақтандыру полистерін жарнамаладық. Кейін «мына сорақылық қаншаға дейін созылады, ойнаудың орнына, демеушілерді жарнамалайтын болдық қой» деп наразы бола бастадық. Содан кейін барып жарнама сәл азайды.

«ШӘКЕН ЖҰЛДЫЗДАРЫНЫҢ» 15 ЖЫЛЫНДА ЕҢ ӘЛСІЗІ ҚАЗАҚ КИНОСЫ БОЛДЫ

Пётр Троценко: – «Перекресток» өз деңгейін біткенше ұстап тұрды ма әлде сериалдың деңгейі төмендеп кетті ме? Мүмкін, сценаристер де шаршаған шығар.

Венера Нығматулина: – Енді не жайлы түсіреміз деп дал болып, сюжетті ойдан шығара салатын кездер болды. Бірақ кейін біреу тамаша идея айтып, түсірілім жалғасатын. Ал кей идеяларды өмірдің өзінен алдық. Мысалы, алғашқы бинестің пайда болуы, стартаптар мен отбасылық қарым-қатынастар сериалдың ең қызықты бөлігі. Көрермендерге «үш тармақты» махаббат хикаялары қатты ұнайтын. «Перекресток» сериалына түскен кезеңге өте ризамын. Командамыз бір отбасы мүшелеріндей жұмыс істеп қана қоймай, актерлер үшін бес жыл тамаша тренинг те болды.

Актриса Венера Нығматулина. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.
Актриса Венера Нығматулина. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.

Вячеслав Половинко: – «Перекресток» біткеннен кейін сізде құлазу сезімі болған жоқ па?

Венера Нығматулина: – Жоба аяқталғанына қатты өкініш болды. Оны жалғастыруға болар еді, бірақ продюсер «бұл жобаны аяқтап, заманға сай, коррупция, криминал туралы өзекті сериал түсіру керек» деп шешті.

Вячеслав Половинко: – Енді қазіргі сериалдарға ойыссақ. Қазір түсіріліп жатқан сериалдар сізге сол кездегі сериалдардан нашар болып көріне ме?

Венера Нығматулина: – Оларды «Перекресток» сериалымен мүлде салыстыруға болмайды, өйткені ол кезде көретін өзге ештеңе болған жоқ. Қазір сериалдар жетеді, ал бір кездері саны сапаға ауысады деп үміттенемін. Ал қазір көріп жүрген сериалдарға көңілім толмайды. Режиссерлік, актерлік деңгейдің төмендігі қынжылтады.

Вячеслав Половинко: – Сценарийлері де нашар ғой.

Венера Нығматулина: – Сценарий жағы тіпті сорақы. Драматургиядан жұрдай, іргетасы жоқ нәрседен жөні түзу дүние шықпайды. Кинофестиваль [«Шәкен жұлдыздары»] өтіп келе жатқан 15 жылда қазақ киносы ең әлсіз кино болып тұр.

«ФИЛЬМГЕ ЖАРЫМЖАН ЖАНДАЙ ҚАРАЙ АЛМАЙМЫН»

Вячеслав Половинко: – Сізге кейінгі шығып жатқан қазақстандық фильмдердің қайсысы ұнады? Мысалы, «Анаға апарар жол», «Тараз» деген сияқты фильмдер шықты ғой.

Венера Нығматулина: – Соңғы көрген фильмім «Үзілмеген үміт» деп аталады. Мамандығына адалдығы үшін түсірілім тобына рахметтен өзге айтарым жоқ. Жұрт қайткенмен тырысып жатыр, бір кездері сан сапаға айналады. Түсінесіз бе, мен фильмге жарымжан жанды мүсіркегендей қарай алмаймын. Киноның жақсы, кәсіби деңгейде түсірілгенін қалаймын. Кейде маған «егер бәрін білсең, өзің неге түсірмейсің» деп айтады. Ал мен әркім өз шаруасымен айналысуы тиіс деп ойлаймын.

Вячеслав Половинко: – Ал кейінгі шыққан сериалдардың ішінде сізге ұнағаны бар ма?

Венера Нигматулина: – «Зәуре» деген сериал ұнады. Өйткені кейіпкерімді «адам кейпіне келтіру» үшін маған ойымнан қосуға, мәтінін өзім жазуға, өзім түсетін көріністрді өзім редакциялауға мүмкіндік берді.

Актриса Венера Нығматулина. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.
Актриса Венера Нығматулина. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.

Пётр Троценко: – Ал жалпы сериал атаулыны алсақ...

Венера Нығматулина: – Көрермен көзқарасы тұрғысынан алғанда, алғашқы бірнеше сериясын бас көтермей көрер едім. Бірақ авторлар керемет дүние болады деп жар салады да, кейін уәделерін орындамайды, өйткені бұл да адамдардың өз мамандығына деген көзқарасын, жауапкершілігін білдіреді. Режиссерді айтпаймын, оның түсірілім алаңында қалай жұмыс істегені ұнады. Мұны бүкіл драматургиялық материалға қатысты айтып отырмын. Сценаристер аяғын өзгеше етіп жазған еді, бірақ сериалдың рейтингі өрлеп тұрған соң «Хабар» басшылығы «әлі жалғастырайық, екінші маусымын түсіреміз, аяғын ашық етіп қалдырыңдар» деді. Содан түсірілім барысында өзгертіп, бірнеше серия бұрын қайтыс болған кейпкер маусымның аяғына қарай кенеттен қайта пайда болды. Ал оны жерлеген кезде шешесі қайда болды? Оны жабық табытқа салып әкелген жоқ қой? Сондықтан басы мықты басталған сериалдың аяқ жағы қисынға келмей сұйылып кетті.

Пётр Троценко: – 1990 жылдарды қайтарғыңыз келер ме еді?

Венера Нығматулина: – Уақыт машинасын ойлап тапқан кезде ол жылдарға міндетті түрде барып қайтамын. 1985 жылға қайта оралсам ғой деген өмірлік тілегім бар. Бәрін өзгертер едім. Бірақ Талғат Нығматулинге тән ұстаным, мұраттарыма адал болып, өз өмірім арқылы ғана өзгерте аламын. Ал 1990 жылдар... Бір ақын айтқандай, «құдай бүліншілік заманда өмір сүруден сақтасын». Сол бүліншілік заманда өмір сүруді біздің маңдайымызға жазыпты. Мүмкін, бұл жақсы да шығар. Біреу бүкіл ғұмырын бір елде, бір қоғамда, дүкендегі бағалар тұрақты, әлеуметтік тұрмыс жайлы кезеңде өмір сүреді. Иә, жағдайы жақсы, тұрмысы тоқ, бақытты. Ал бізде дүниенің астаң-кестеңі шықты. Бір жағынан, бәрімізді бір сілкіп алғаны жақсы да болды. Заман ағымына ілесе алмасаң, жолың әне, ал морт сынбасаң, мықты бола түсесің.

Вячеслав Половинко: – Онда оптимистік сарыны сәл басым соңғы сұрақ қойсам бола ма? Бізде керемет деп бағалайтындай кино қашан пайда болады?

Венера Нығматулина: – Егер сан сапаға ауысып жатса, саны көп болғанын қолдаймын. Бұдан өзгеше болады деп ойлағым келмейді. Бірақ ол заман қашан туады? Қазіргі жағдайға қарап бажайласам, оны айту қиын. Елімізде киноиндустрия өркендеймін дегенше Марста тіршілік табылады деп ойлағым келмейді.

XS
SM
MD
LG