Accessibility links

«Шетте жүріп қазақ фильмін өз тіліңде көрген қандай рақат!»


Халықаралық «Фаджр» кинофестиваліндегі «Оралман» фильмінің афишасы. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.
Халықаралық «Фаджр» кинофестиваліндегі «Оралман» фильмінің афишасы. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.

Қазақстандық «Оралман» фильмі сәуірдің 24-і күні Тегеранда көрсетілді. Фильм ирандық көрермен назарына сәуірдің 21-і мен 28-і аралығында өтіп жатқан халықаралық «Фаджр» кинофестивалі аясында ұсынылған. «Оралманды» көруге Иран қазақтары да барған, солардың бірі Жаппарбай Шадком «шетте жүріп, өз тіліңде қазақ фильмін көру қандай рақат» дейді.

Қазақстанның оралмандар жайлы алғашқы «Оралман» фильмі Алматыда 2016 жылы қарашада журналистерге көрсетілген еді. Фильмде Ауғанстаннан келген оралман отбасының тағдыры мен оралман психологиясы, жергілікті халықтың оралмандарға деген көзқарасы мәселелері көтерілген. Режиссер Сәбит Құрманбек фильмді түсіруге Азаттықтың оралмандар туралы мақаласы түрткі болғанын айтқан еді. Фильм әзірге прокатқа шыққан жоқ.

Оқи отырыңыз: «Мені ауғандар «кумандор Уәли қазақ» атайтын»

Иран астанасы Тегеранда тұратын этникалық қазақ Жаппарбай Шадком Азаттық тілшісіне фильмді көріп шыққаннан кейінгі әсерін әңгімеледі.

Азаттық: ­­­- «Оралман» фильмінің Тегерандағы көрсетіліміне барыпсыз. Кино көрермен көңілінен шықты ма?

Жаппарбай Шадком: - Фильм тегерандық көрермендер көңілінен шықты немесе шықпады деп айта алмаймын. Киноның, әлде өтіп жатқан фестиваль жарнамасы дұрыс жасалмаған сияқты. Қасыма жолдас жігітті ертіп, қойылым басталардан 10 минут бұрын бардық. Біз барғанда адам болмады. Кейін кино басталған тұста 10-15 көрермен жиналды. Фильм қазақ тілінде көрсетілді, жүгіртпе жолдармен парсыша аудармасын беріпті.

Тегеранда өтіп жатқан халықаралық «Фаджр» кинофестиваліндегі «Оралман» фильмінің көрсетілімі. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.
Тегеранда өтіп жатқан халықаралық «Фаджр» кинофестиваліндегі «Оралман» фильмінің көрсетілімі. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.

Азаттық: - Иран мен Ауғанстан – көршілес елдер. Ауғанстан қазақтарымен аралас-құраластығыңыз бар. Фильмде ауған қазақтарының тыныс-тіршілігі қаншалықты шынайы бейнеленген?

Жаппарбай Шадком: - Біз білетін ауғанстандық қазақтар еңбекқор еді. Иранға келген ауған қазағының нашар дегені тігін шебері болатын. Фильмде бас кейіпкерден ата жұртына барғанда әкімшілік басшысы «мамандығыңыз қандай» деп сұрайды. Сонда кейіпкер «мешіт азаншысымын» дейді. Иранда да, Ауғанстанда да ондай мамандық жоқ. Өйткені азанды әркім сауап үшін келіп, өзі шақырып кетеді. Осы кемшілік сияқты көрінді. Ауғанстанда адам азаншы болып өмір сүре алмайды. Бас кейіпкердің 82 жастағы әкесі, тілі жоқ қызы мен әйелі бар.

Азаттық: ­- Фильмде бас кейіпкердің ата жұртына оралғаннан кейінгі қиын тағдыры, көшіп келгендеріне өкінген сәттері, тіпті кейіпкер келіншегінің «қайта көшейік» дейтін сәттері бар? Осы сияқты келеңсіздіктерге төзбей Иранға қайта оралған қазақтар бар ма?

Жаппарбай Шадком: - Иран қазақтары арасында да түрлі себеппен қайта қоныс аударғандар бар. Әркім әртүрлі айтады. Кейбірі Қазақстан мәдениетімен үйренісе алмаған. Енді бірі «бізді бөліп қарады» дейді. Фильм осы сияқты сұрақтарға жауап іздеген. Көш қиыншылықпен басталады, бірақ сонда да балалар келешегі үшін оған шыдау керек. Бәрі балалар болашағы үшін. Қыс сияқты адамдар қатынасы да суық көрінді. Қайтыс болған әкесін бір өзі жерледі. Тепкіге де жығылды, бірақ бәріне төзіп кетті. Атамекенге барған соң әйелінен «жүктімін» деген жақсы хабар естіді. Минаға түсіп, тілі байланып сөйлей алмай қалған қызының да қазақша әнді сыбырлап айтып отырған сәті де режиссердің соңғы шешімі.

ВИДЕО: Оралмандар жайлы фильм көрсетті (Алматыдағы жабық көрсетілімнен репортаж, 8 қараша 2016 жыл)

Оралмандар жайлы фильм көрсетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Азаттық: ­- Осының бәрін жиып келгенде шетте жүрген қазақ ретінде фильмді қалай бағаладыңыз?

Жаппарбай Шадком: ­- Фильм менің көңілімнен шықты. Шет жұртта жүріп, өз тіліңде қазақ фильмін көру қандай рақат екенін сезіндім. Екіншіден, фильм оралмандар туралы болғандықтан, зор қызығушылықпен бардық. Әріптесім екеуіміз барғанымызға, киноның алғашқы көрермені болғанымызға риза болып шықтық.

Азаттық: ­- Иранда қазақ фильмдері жиі көрсетіле ме, әлде бұл алғашқы қазақ киносы ма?

Жаппарбай Шадком: ­- Иранда қазақ фильмдері жиі көрсетілмейді. Қаншама жылдардан бері иранда түрлі халықаралық кинофестивальдер өтіп жүр. Біз үнемі қазақ кинолары қатыса ма екен деп хабарландыруларды қарап жүреміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақстандық режиссердің «Киллер» (Дәрежан Өмірбаевтың фильмі - авт) деген фильмі фестивалға қатысқан. Бұдан басқа фестивалға келген кино есімде жоқ.

Тегеранда өтіп жатқан халықаралық «Фаджр» кинофестивалінің афишасы. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.
Тегеранда өтіп жатқан халықаралық «Фаджр» кинофестивалінің афишасы. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.

Азаттық: - Иранда қазақ киноларының фестивальден тысқары уақытта көрсетілмеуінің басқа бір себептері бар ма?

Жаппарбай Шадком: - Иранда шетелдік өнімдерді экранға көп шығармайды. Оның себебі - ішкі өндірісті қолдау, кино саласын дамыту. Сондықтан әлемдік деңгейде көрсетілетін голливудтық фильмдердің өзі тек осы секілді фестиваль кезінде көрсетіледі. Бұған дейін Иранның кино театрында «Қыз Жібек» фильмі болған. Бұдан басқа «Көшпенділер» фильмін телеарнадан бір рет көріп қалған едім.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG