Accessibility links

"Қазақстанды еске түсіреді". Тәжікстандағы президент сайлауы, Рахмон және "басқарылатын" кандидаттар


 Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 16 сәуір 2020 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 16 сәуір 2020 жыл.

Тәжікстанда президент сайлауына түсетін кандидаттар тіркеуден өтті. Бес үміткердің екеуі бұрын да сайлауға түскен. Кандидаттар кім, олардың бағдарламасы қандай?

14 қыркүйекте Тәжікстан орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына кандидаттарды тіркеп, үгіт-насихат науқаны басталды. Биылғы сайлау 11 қазанда өтпек.

САЙЛАУДЫҢ ҮШ ЕРЕКШЕЛІГІ

Біріншіден, бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан бір айдай ерте өткізілмек. Эмомали Рахмон іс басына келген 1994 жылдан бері 6 қараша, Конституция күнінде өткізіліп келген президент сайлауының мерзімі биыл COVID 19 індетіне байланысты өзгертілгені айтылады. 11 қазанды сайлау күні ретінде ұсынған парламенттің төменгі палатасы төрағасының бірінші орынбасары Махмадулло Ватанзода таулы өлкеде күн суығанда вирустың кең таралуы мүмкін екеніне меңзеп, оның алдын алу үшін сайлауды ертерек өткізу ұтымды болады деген. Ол бұған парламент президент сайлауы туралы заңда айтылған президенттің мерзімі бітуге екі ай қалған кезде сайлау мерзімін бекітеді деген бапты мысалға келтірген. Алайда парламенттің сайлау мерзімін ерте белгілеуін Социал-демократиялық партияның басшысы Рахматилло Зойиров заңға қайшы деп сынаған. Оның айтуынша, сайлаудың ерте өтіп, жаңадан сайланған басшының іс басындағы президенттің мерзімі бітпей жатып, ант беруі қайшылық тудырады. Бұл іс басындағы президенттің өкілетін қысқартады.

Рахматилло Зойиров.
Рахматилло Зойиров.

Бірақ Тәжікстанда президент сайлауының мерзімі заңда нақты бір күнге байланбаған. Бір қызығы – бұл жолы сайлаудың кеш жарияланып, ерте өткізілуі кандидаттарға әсер етпейтіні байқалады.

Екіншіден, қазіргі президент Эмомали Рахмон "Ұлт көшбасшысы – бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы" мәртебесін иеленгеннен кейін бірінші рет сайлауға түсіп отыр. Тұтастай алғанда, Рахмон осымен, президенттік сайлауға бесінші мәрте қатысады. Тәжікстанда президент жеті жылдан екі мерзімге сайланады. Бірақ бұл талап "ұлт көшбасшысына" жүрмейді. Ал сайлауға түсетін кандидаттар арасындағы арасалмақ жер мен көктей.

Үшіншіден, бұл – президенттікке кандидаттың жасы 35-тен 30-ға кішірейтілгеннен кейін бірінші рет өткізілетін сайлау.

ТІРКЕЛГЕН КАНДИДАТТАР КІМ?

Тәжікстан Орталық сайлау комиссиясы 14 қыркүйекте бес кандидатты тіркеді. Сайлауға өзін-өзі ұсынған тәуелсіз кандидат қажетті дауыс жинай алмай қалғандықтан, бұл науқанға қатыспайтынын жариялады. Орталық сайлау комиссиясы тағы бір кандидаттыққа ұсынылған адамның қажет дауысты жинай алмай, тіркелмегенін хабарлады. Тәжікстанда президент сайлауына түсу үшін кандидат 250 мың қол жинауы керек.

Сайлауға тіркелген кандидаттар:

  • Аграрлық партия атынан – партия төрағасы Рустам Латифзода. 59 жаста.
  • Социалистік партия атынан – партия төрағасы Абдухалим Ғаффоров. 68 жаста.
  • Экономикалық реформа партиясы атынан – партия төрағасы Рустам Рахматзода. 59 жаста.
  • Тәуелсіз кәсіподақ федерациясы, Жастар одағы және Халықтық-демократиялық партия атынан – партия төрағасы Эмомали Рахмон. 67 жаста.
  • Тәжікстан коммунистік партиясы атынан – партия төрағасы Миродж Абдуллоев. 72 жаста.
Тәжікстан президентіне кандидаттар (солдан оңға): Рустам Рахматзода, Рустам Латифзода, Миродж Абдуллоев және Абдухалим Ғаффоров.
Тәжікстан президентіне кандидаттар (солдан оңға): Рустам Рахматзода, Рустам Латифзода, Миродж Абдуллоев және Абдухалим Ғаффоров.

Бұл саяси партиялар 2013 жылғы сайлауда да кандидат ұсынған болатын.

Орталық сайлау комиссиясы сүзгісінен өтіп, кандидат болып тіркелгендердің төртеуі – депутат, біреуі – іс басындағы президент. Бұлардың ішінде Абдухалим Ғаффоров президент сайлауына – үшінші рет, Эмомали Рахмон бесінші рет қатысып отыр.

Кандидаттардың құрамы мен саны бұрынғы сайлаудан қатты өзгермеді. Алдыңғы сайлауға алты партия қатысса, бұл жолы олардың саны – бесеу. "Көшбасшы" қатысатын сайлаудан басқа ерекшелік күту де қиын.

ТІРКЕЛМЕГЕН ҮМІТКЕР, БОЙКОТ ЖӘНЕ ҚОЛ ЖИНАУДАҒЫ КҮМӘН

Сайлауға өзін-өзі ұсынған 30 жастағы тәуелсіз үміткер адвокат Фаромуз Иргашев кандидат ретінде тіркелуге қажетті 250 мың қолды жинап үлгермеді. Иргашевтің жинаған қолы 85 мыңды шамалаған. Ол Тәжікстан заңдарында президенттікке кандидаттар саяси партиялар, жастар одағы және кәсіподақ атынан ұсынылатыны айтылғанымен, өзін-өзі ұсынуға тыйым салынбағанына назар аударған. Осы негізде ол өзін тәуелсіз кандидат ретінде ұсынған.

Фаромуз Иргашев.
Фаромуз Иргашев.

Қажетті қол жинауға уақыт жеткіліксіз болса да, Иргашевтің әрекеті билікке жақпады. Хорогта сайлауға түсетінін жариялай сала оны жергілікті билік өкілдері ұстап алып кеткен. Кейіннен өзінің айтуынша, билік өкілдері Иргашевке "ел тыныштығын бұзбауды" ескерткен. Оның сайлауға түсуге әрекеттенуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

2013 жылы да президент сайлауына үміткер болып қатысқан, биыл да сайлауға қатысуға өтініш берген Саиджаъфар Усмонзоданың да кандидаттығын Орталық сайлау комиссиясы өткізбей тастады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы жиналған қолдың көбі жалған болып шыққанын және күшін жойғанын айтқан. Билікке адал адам ретінде аталатын Усмонзоданың бұл жолы тіркеуден өтпей қалғаны күтпеген жағдай болған сияқты.

Тәжікстан демократиялық партиясының төрағасы Саиджаффар Усмонзода.
Тәжікстан демократиялық партиясының төрағасы Саиджаффар Усмонзода.

Сайлауға тіркелген партиялардың қажетті қол жинауында да күмән көп. Өйткені Рахмон басқаратын Халықтық-демократиялық партиядан (460 мың мүшесі бар) басқа партиялардың мүшелерінің саны 250 мыңнан әлдеқайда аз. Мәселен, коммунистік партия өзінің құрылтай жиынын партиялар арасында ең соңғы болып 5 қыркүйекте өткізді. Айналдырған тоғыз күннің ішінде бұл партия кандидат тіркеуге қажет қолды қалай жинап үлгергені белгісіз. Елдегі "ежелгі" партия болса да, Тәжікстандағы компартия мүшелерінің саны 40 мыңға жетпейді. Бұдан алдын оқу орындарында студенттерге бос бланкілерге қол қойдыртып жатқаны туралы хабар тараған.

Ал құрылтайын 31 тамызда өткізген оппозициялық Тәжікстан социал-демократиялық партиясы сайлаудың 11 қазанға белгіленуін "заңсыз" деп тауып, бойкот жариялады. Партия 250 мың қол жинаудың да мүмкін емесін айтады. "Өйткені Тәжікстанның 50 пайыздан астам азаматы шетелде жүр және олар қол жинауға қатыса алмайды" деген партия басшысы Рахматилло Зойиров бұл туралы Facebook парақшасында жариялаған мәлімдемесінде.

КАНДИДАТТАРДЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ

Әлеуметтік саланы және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, аграрлық сала мен экономиканы реформалау, еңбек мигранттарын қолдау, ТМД елдерімен және Қытаймен байланысты дамыту – үміткерлердің сайлауалды бағдарламасының ортақ сипаты осындай. Кандидаттар сайлаушыларға мына мәселелерді жүзеге асыратынын айтып, уәде беріп отыр.

  • Рустам Латифзода. Еуразия экономикалық одағына мүшелікке өту.
  • Абдухалим Ғаффоров. Душанбеде метро салып, жолдардың сапасын көтеру. Азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етіп, ғылым, білімге бөлінетін қаржыны өсіру.
  • Рустам Рахматзода. Офшор аймақтарындағы қаржыны қайтару. Артта қалған экономиканы көтеріп, тиімді жұмыс істейтін кәсіпорындарды мемлекет қарамағана қайтару.
  • Эмомали Рахмон. "Ұлттық дамудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын" жүзеге асыру.
  • Миродж Абдуллоев. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге сараптама жасау, тиімді пайдаланылмаған мүліктерді кері қайтару, бақылаушы органдарды қысқартып, электронды үкімет енгізу, жемқорлықты жою.

"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУДЫ ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ"

Тәжікстандық саясаттанушы Шокирджон Хакимов президент сайлауына тіркелген үміткерлерді "басқарылатын" кандидат деп санайды. Оның айтуынша, бұл кандидаттар басқарушы элитаның билігін сақтап қалуға септеседі.

– Билік сайлауға салмақты саяси күштерді жіберуі керек болатын. Осы арқылы қоғамдағы көңіл-күйді зерттеп, дебаттарда барлық түйткілді талқылауға болар еді, – дейді Шокирджон Хакимов Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында.

Қазақстандық саясаттанушы Думан Қабдығалиев кандидаттар бағдарламасының дені билік назарға алған шараларды қамтитынын айтады.

– Кандидаттар құрамы да әлсіз. Мықты саяси күш жоқ. Бұл Қазақстандағы президент сайлауын еске түсіреді, – дейді сарапшы Азаттыққа.

Оның айтуынша, Эмомали Рахмон қолбала кандидаттарды сайлауға тарту арқылы өзінің ұзаққа созылған билігін заңдастырғысы келеді.

Тәжікстанда сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс берсе, сайлау өтті деп есептеледі. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Тәжікстандағы сайлауларды демократияға сәйкес емес және ашық өткізілмеді деп сынаған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG