20 қыркүйекте Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Уктам Барноев коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы ресми УзА агенттігіне сілтеме жасаған ресейлік РИА Новости агенттігі хабарлады.
Барноевқа коронавирус жұққаны шілде айының соңында белгілі болған. Шенеунік инсультке ұшырап, Германия ауруханасына ауыстырылған болатын. Сол жерде қайтыс болған.
56 жастағы Барноев ақпан айынан бері үкіметте аграрлық және азық-түлік мәселелерімен айналысқан. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін Бұқара облысын басқарған.
Жергілікті БАҚ шілде айының соңында Барноевтың денсаулығы нашарлағанын және коронавирусқа шалдыққаннан кейін жасанды аппаратқа қосылғанын хабарлаған.
Бұған дейін Өзбекстанда коронавирустан қаржы министрінің орынбасары Еркін Тұрсынов, Қарақалпақстан парламентінің төрағасы Мұса Ерниязов қайтыс болған. Тегі өзбек қырғыз құқық қорғаушысы Әзімжан Асқаров Қырғызстан түрмесінде көз жұмғанмен туған жері Ташкент облысына жерленген.
Өзбекстанда коронавирус ресми түрде алғаш рет 15 наурызда тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандар 51 мыңнан асқан, 429 науқас қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР