Accessibility links

Тұрмыстық зорлық бойынша түскен 130 мың шағымның 2,5 мыңына ғана қылмыстық іс қозғалған


Мәжіліс депутаттары пленарлық отырыста. Көрнекі сурет. Скриншот.

Сәрсенбі күні мәжіліс "Тұрмыстық әлімжеттікке қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат отбасында әлімжеттік жасағандарға жазаны күшейтуді және полицейлердің өкілетін кеңейтуге мүмкіндік береді деп айтылады. Бұған дейін жобаны кейбір белсенділер сынаған.

23 қыркүйек күнгі мәжіліс отырысында "Тұрмыстық әлімжеттіктің алдын алу" туралы 2009 жылы қабылданған заңның іс жүзінде тиімсіздігі айтылып, жаңа жобаның сонда кеткен кемшіліктерді жоюға бағытталғаны айтылды. Заң жобасы авторларының айтуынша, құжатта қылмыстың алдын алу, анықтау, бақылау, жолын кесу, жазалау және айықтыру мәселесі кезең-кезең бойынша қарастырылған.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидің айтуынша, қаңтар мен тамыз айында ішкі істер органдарына тұрмыстық әлімжеттікке байланысты 130 мың шағым түскен. Алайда тек 2,5 мыңы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған. 30 мыңы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қалған жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.

Жаңа құжат бойынша полицей тек үй ішіндегілерден ғана сұрамай, көршілерден де жауап алады. Отбасының тұрмыстық жағдайын, балаларының эмоциялық күйін және өзге жайттарды қағазға түсіріп, осының жиынтығына байланысты шара қолданылады. Полицейлердің әлімжеттік көрген отбасы мүшесіне қорғау нұсқамасын беруде де өкілеті артады.

Мәжіліс отырысында жәбірленушінің арыз түсіруіне кедергі жасайтын қағазбастылықты да азайту қажеттігі айтылды. Заң шығару орган өкілдері "қылмыскерді" жазаға тарту үшін кемінде бес орган қатысады, осы жағын жеңілдету қажет десті.

Бұл заң жобасы наурыз айында парламент қараауына түскен. Бұған дейін кейбір белсенділер заң жобасында "жазадан жалтаруға" мүмкіндік беретін ұғымдар бар деп алаңдаған.

Оқи отырыңыз: Заңды ізгілендіру отбасындағы зорлық-зомбылықты азайтты ма?

Халықаралық ұйымдар тұрмыстық әлімжеттік туралы Қазақстан заңнамасын сынап келеді. Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы мәлімдемесінде Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы заңнамасы "айыппұл төлеп, әрі қарай да күш көрсете беруге мүмкіндік береді" деп жазған. HRW "әйелдердің отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғалмауы - Қазақстанның адам құқығы бойынша міндеттемелеріне қайшы" деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG