Американың Луисвилль (Кентукки штаты) қаласында өткен стихиялық наразылық кезінде екі полиция қызметкері жарақаттанды. АҚШ билігі афроамерикалық Бреонна Тейлордың өліміне кінәлі делінген бұрынғы полицейге айып тақпағаннан кейін қалада наразылық тұтанған.
Тейлорды биыл наурыз айында пәтерінде атып кеткен. Полицейлер одан "есірткі сақтайды" деп күдікке ілінген танысы жайлы сұрамақ болып, үйіне барған. Оның үйінде жүрген адам полицейлерге оқ атқан. Оқиға кезінде ұйықтап жатқан Тейлорға оқ тиіп, қаза болған.
Ақпарат бойынша, есірткіге байланысты рейд кезінде Тейлор пәтерінде оқ атқан екі полицей жауапқа тартылмайды, себебі олардың қару қолдануына негіз болған. Ал үшінші полицейге Тейлордың көршілеріне қауіп төндірді деген айып тағылды. Наразылар оны қатаңырақ жазаға тартуды талап етіп отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп айыптаушы тараптың жұмысын мақтап, жақсы бағалады. Трамп қарсыласы, демократиялық партия кандидаты Джо Байден Луисвилл тұрғындарын бейбіт жолмен пікір білдіруге шақырды.
Луисвилдегі наразылықты басуға ұлттық гвардия күштері қатысты. Луисвилл мэрі қала аумағында коменданттық сағат енгізілгенін хабарлады.
Мамыр айының соңында АҚШ-та "Қара нәсілділердің өмірі маңызды" деген ұранмен наразылық акциялары өткен. Оған Джордж Флойд есімді афроамерикалық азаматтың өлімі себеп болды. Ұстау кезінде полицейлердің бірі Флойдты тұншықтырған. Ол ауруханада көз жұмды. Афорамерикалық "жалған ақша жасады" деген күдікке ілінген. Наразылықтың басым бөлігі бейбіт өтті, алайда кейбір жерде наразылар мен полиция қақтығысып, үйлер шағылған, тоналған. Акция кезінде "нәсілшілдік пен құл иелену кезеңіне қатысы бар" деп танылған бірнеше ескерткіш бұзылған.
ПІКІРЛЕР