Accessibility links

"Украинада сепаратистер қатарында соғысқан" Алматы тұрғыны 3 жылға сотталды


Украинаның шығысында соғысып жүрген сепаратистердің бірі. Көрнекі сурет.
Украинаның шығысында соғысып жүрген сепаратистердің бірі. Көрнекі сурет.

25 қыркүйекте Алматының Алмалы аудандық соты "Украинадағы қақтығысқа қатысты" деп айыпталған О. есімді адамды (аты-жөні толық айтылмаған) үш жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы sud.kz сайты хабарлады.

Сот хабарламасына сәйкес, оған Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша ("Шетелде қарулы қақтығысқа қатысу") айып тағылған. Соттың хабарлауынша, О. есімді адам 2014-2016 жылдар аралығында "өзін-өзі жариялап алған Луганский және Донецк халық республикасының күштері жағында Украина әскеріне қарсы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқан". Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындаған.

Сот үкім шығару кезінде "айыпталушының кінәсін мойындағанын және тергеу амалдарына белсене қатысқанын, бұрын сотталмағанын" ескерген. Сот үкімі әзірге күшіне енбеген.

2014 жылдан бері Қазақстанда Украинаның шығысындағы жанжалға байланысты бірнеше адам жауапқа тартылды. Олардың кейбірі шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін жазаланған. Өзгелері әлеуметтік желілерде Украинадағы жағдайды талқылап, "араздық қоздырды" деген айыппен сотталған.

Ресей Қырымды аннексиялап алған соң басталған Украинаның шығысындағы қақтығыстан 13 мыңнан астам адам мерт болды. Ресейдің Украина ісіне араласуы көрші елдердің, оның ішінде, Қазақстанның да алаңдаушылығын тудырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG