Accessibility links

"Украинада соғысқан" теміртаулық ұзақ жылға сотталды


Украинаның шығысында соғысып жүрген сепаратистердің бірі. Көрнекі сурет.
Украинаның шығысында соғысып жүрген сепаратистердің бірі. Көрнекі сурет.

Қарағанды соты екі адам өлімі бойынша іске үкім шығарды. Айыпталушының бірі Украина шығысында әскери шараларға қатысқаны үшін де жазаланды. Ол 25 жылға сотталды. Ал адам өлімі туралы хабарламаған тағы бір айыпталушы үш жылға бас бостандығынан айырылды.

"БАРЛЫҒЫН ҚОСҚАНДА" 25 ЖЫЛ

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Исламхан Есенбаев теміртаулық Никита Степинді алдымен 27 жыл түрме жазасына кесті. Екі адамды өлтіргені үшін 20 жыл, Украина шығысындағы қақтығысқа қатысқаны үшін 7 жыл бас бостандығынан айырды. Екеуін қосқанда 32 жасар Никита Степин 25 жылға сотталды. Оның бес жылын "барынша қауіпсіз" түрмеде (қатаң режим колониясы), қалғанын "төтенше қауіпсіздік" мекемесінде, яғни ерекше режимді колонияда өткізеді.

Сотталушы Никита Степиннің туыстары ұлдарын ұзақ уақытқа соттайтын шешімге дайын болғандарын айтады. Жарыссөзде прокурор айыпталушыға 25 жыл сұраған еді.

Оқи отырыңыз: "Шығыс Украинада соғысқан" теміртаулық сотқа тартылды

Қалай болса да, ол - менің ұлым, оны күтемін және қолдаймын. Адам өлімі туралы айту қиын. Ол жерде болмадым. Көрген адам сотқа келіп түсініктеме бермеді, қорықты. Донбасқа барғанына келсек, бейбіт халықты қорғау үшін барды. Біз казакпыз, қиындыққа тап болған жандарға бірінші болып көмекке келеміз, - деді Азаттық тілшісіне сотталушының әкесі Юрий Степин.

Тағы бір айыпталушы 32 жастағы Павел Левкутин 2017 жылы шілденің 28-і күні Теміртауда болған екі адам өліміне қатысты оқиғаны жасырғаны үшін үш жылға сотталды.

Екі адамның өлімі ісі қаралған Қазыбек би аудандық сотының ғимараты. Қарағанды, 28 мамыр 2018 жыл.
Екі адамның өлімі ісі қаралған Қазыбек би аудандық сотының ғимараты. Қарағанды, 28 мамыр 2018 жыл.

Сот залындағы атмосфера өте ауыр болды. Кісі қолынан өлген адамдардың туыстары мен сотталушының жақындары қайта-қайта керісіп қалды. Судья оларға жиі ескерту жасады. Сотталушылар үнсіз отырды. Левкутин басын көтерген жоқ. Сұраққа қысқа ғана жауап берді. Соңғы сөзінде Никита Степин "Донбасқа орыс халқын құртушыларды қорғау үшін барып, міндетімді абыроймен атқардым" деді.

Тінту кезінде оның үйінен "әскери билет", казак шені тағайындалған куәлік пен "Донбасты азат еткені үшін" марапаты табылғаны айтылды.

- Өзімді Донбасқа барып, бейбіт халықты қорғағаным үшін айыпты санамаймын. Бұзақыларға қарсы тұрдық, өзімізді қорғадық, - деді адам өлімі бойынша тағылған айыпты мойындаған Никита Степин.

Оның қорғаушысы Светлана Драч Украинадағы шиеленіске қатысу туралы айыпты "нақты емес" деп санайды.

- Ол қарулы қақтығысқа қатысқаны я әскери істерге араласқаны белгісіз. Қандай заң бұзушылық жасады? Табылған құжаттар, болжамдар мен айыпталушының түсініктемесіне қарап, үкім шығаруға болмайды. Тергеу тарабы дәлел табуға күш салмады. "Әскери іс-қимылдарға қатысу" бабы бойынша оны ақтауды сұраймын, - дейді адвокат.

Степиннің қорғаушысы прокурор сұраған мерзімді азайтуды сұрап, онысын "сотталушы адам өлтірейін деп емес, өзіне қауіп төнген соң қорғану үшін абайсызда өлтіріп алды" деп түсіндірді. Левкутиннің қорғаушысы оған шартты мерзім сұрады.

"ДОНБАСҚА ЕКІ РЕТ БАРҒАН"

Мамырдың 29-ы күні өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Елдос Жаппар соттан Никита Степинге 25 жыл, адам өлімі туралы "хабарламаған" Павел Левкутинге бес жыл сұрады. Айыптау ісі бойынша, Теміртау тұрғыны Никита Степин БАҚ пен интернеттен Украинада болған жағдай туралы естіп, қарулы қақтығысқа қатысуға барады.

Прокурордың айтуынша, сотталушы "Матвея Платов атындағы полк" қатарында соғысқан. Дереккөзге сүйенсек, "Матвей Платов атындағы полк" Украина шығысында 2014 жылы сәуірдің соңы мен мамырдың басында құрылған. Полктің ресейшіл сепаратистерді қолдайтыны жиі айтылады.

Іс материалы бойынша, Степин Украинаға бірінші рет 2015 жылдың ақпанында барып, желтоқсанға дейін болған. Кейін Теміртауға оралады. 2016 жылдың көктемінде қайтадан Украинаға кетіп, 2017 жылдың ақпанына дейін қарулы қақтығысқа қатысады. Прокурор Елдос Жаппардың айтуынша, оны Қазақстаннан Украинаға ешкім жібермеген.

Тергеу мен айыптау нұсқасы бойынша, Степин Украина шығысындағы әскери қақтығысқа әдейі және заңсыз қатысқан. Кейін ол үйіне, Теміртауға, оралып, гаражға автослесарь болып орналасады. Кейін, болжам бойынша, мүлікке дауласып, жергілікті екі тұрғынды өлтіреді.

- Олардың арасында кикілжің басталған және оның соңы трагедиямен аяқталған. Левкутин Рустамовтың (қаза тапқандардың бірі-ред) гаражға кіріп, оны ұра бастағанын айтады. Левкутин шошып қалған. Басқа куәгерлер бар-жоғын білмейді, бірақ "көрші гаражда үнемі адамдар болатын" дейді. Степиннің полиция шақыруына болатын еді, бірақ ол өз ойын жүзеге асырды. Левкутин берген түсінігінен бас тартқан жоқ. Көрген жайттардан қатты шошып қалғанын айтады. Степин ұзақ ойланып адам өлтіргенін мойындады. Екінші айыптау бабы бойынша да кінәсін мойындады. Оның "әскери билетін", "Донбасты азат еткені үшін" медалі мен фотосуреттерін тәркіледік, - деді прокурор Елдос Жаппар.

Екі адам өлімін тергеу кезінде ғана Никита Степиннің "Шығыс Украинаға барғаны" белгілі болды. Адам өлімінен соң Степин мен Левкутин Ресейге кетіп, сол жақта қолға түсті. Никита Степин "ешкімді өлтіргісі келмегенін, бірақ шыдамы таусылғанын" айтты. Павел Левкутин өз қатесін түсінгенін жеткізді.

ҮКІМГЕ НАРАЗЫЛЫҚ

"Апелляциялық шағым бола ма?" деген сұраққа Никита Степин мен оның қорғаушысы жауап бермеді. Адвокат "ол үшін үкім көшірмесін алу керек. Оны бірнеше күн күту керек" деп қысқа қайырды.

Ал Павел Левкутиннің адвокаты мен туыстары сот үкімімен келіспейді. Олар "шартты мерзім берсе де болар еді" деп санайды.

- Ол айыбын толық мойындады. Алғаш ұстаған сәтте-ақ бәрін айтып берді. Левкутиннің кішкене баласы бар. Бұрын сотталмаған, оған берген мінездеме жақсы. Болған жағдайға ол айыпты емес. "Өш алады" деп қорыққандықтан қашып кетті. Бірақ оралып, "бәрін айтамын" деп дайындалып жүрген. Айыптау бабы бойынша «осынша жылға сотталу керек» деген уақыт шектеуі жоқ, қылмыс туралы қашан мәлімдеу керектігі де көрсетілмеген. Онымен жолығып, аппелляция мәселесін талқылаймын. Шартты мерзім сұрайтын боламыз, - деді Азаттық тілшісіне қорғаушы Саламу Алиев.

Адвокат Саламу Алиев. Қарағанды, 28 мамыр 2018 жыл.
Адвокат Саламу Алиев. Қарағанды, 28 мамыр 2018 жыл.

Жапа шегуші тарап ретінде қатысып отырған қаза тапқандардың туыстары үкіммен келіспейді. Олар Степинді өмір бойы бас бостандығынан айыруды, ал екіншісін алты жылға соттауды сұраған еді. Кейбір туыстары екеуін де "өмір бойы түрмеге қамауды" талап еткен.

- Левкутиннің жазасына клиенттерім келіспейді. Сомасы азайтылған моральдық шығынға да көңілдері толмайды. Левкутиннің жазасын арттыруды сұраймыз. Клиенттерім "бәрі соның кесірінен болды" деп санайды, - деді басына оқ тиіп, көз жұмған 30 жастағы Руслан Рустамовтың туыстарының қорғаушысы Елена Мурадян.

Оқи отырыңыз: Украина дағдарысы туралы барлық ақпарат

Сотталған Степин жапа шегуші тарапқа бірнеше миллион теңге төлеуге міндетті. Шағымданушы тарап 20 миллион теңге (60 мың долларға жуық) сұраған. Ал сот шешімімен Степин екі жапа шегушіге моральдық шығын ретінде бір жарым миллион теңге төлеуге тиіс. Бір шағымданушыға 800 мың теңге төлеуі керек. Екінші марқұмның туыстары материалдық шығын талап етпеді.

Оқи отырыңыз: Сепаратистер сапында жалдамалы өзбектер бар

2014 жылдан бері Қазақстанда Украинаның шығысындағы жанжалға байланысты бірнеше адам жауапқа тартылды. Олардың кейбірі шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін жазаланған. Өзгелері әлеуметтік желілерде Украинадағы жағдайды талқылап, "араздық қоздырды" деген айыппен сотталған.

Ресей Қырымды аннексиялап алған соң басталған Украинаның шығысындағы қақтығыстан 10 мыңнан астам адам мерт болды. Ресейдің Украина ісіне араласуы көрші елдердің, оның ішінде, Қазақстанның да алаңдаушылығын тудырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG