Accessibility links

Донбаста табылған "құпия қару қоймалары" нені білдіреді?


Британиялық блогер Грэм Филлипс Ресейдің Т-72Б3 танкісінің жанында тұр.

Ресейдің айтуынша, Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер осы елдің әскерімен соғысуға қажетті қару-жарақты «Донбасс шахталарынан» тауып алған. Белсенділер мен сарапшылар қаруды (айта кетерлігі, ең заманауи қару-жарақтар) Донбасқа Ресей жеткізіп берді дейді, дәлелдері де бар.

Наурыз айының басында Гаагадағы БҰҰ халықаралық соты Украинаның шағымын қарай бастады. Украина Ресейді «Терроризмді қаржыландыруға қарсы тұру туралы» және «Нәсілдік кемсітушілікті жою туралы» конвенцияларды бұзды деп айыптайды. Киевтің ресми пікірінше, бұл конвенцияларды Ресей Қырымды аннексиялап, Донбастағы ресейшіл сепаратистерді әскери тұрғыда қолдау арқылы бұзған.

Наурыздың 7-сі күні сот процесіндегі Ресей өкілдерінің бірі, Ресей сыртқы істер министрлігінің жаңа қауіп-қатерлер жөніндегі департаментінің директоры Илья Рогачев Украина шағымданған мәселелердің біреуіне орай жауап берді. Ол «Көтерілісшілер негізінен Украина аумағында советтік кезеңнен қалған қару-жарақты қолданып отыр. Олардың көбі Донбасс шахталарында қалған, солайша көтерілісшілердің қолына түсті. Оған қоса, қашып бара жатқан украиналық әскер де біраз қаруын тастап кеткен» деген.

Донбаста шынымен де Рогачев айтқан қоймалар бар. Нақтырақ айтсақ, Донецк облысының Парасковеевка ауылында жер асты қоймасы бар. 2014 жылы Украинаның шығысында соғыс басталғанда сепаратистер оған шабуылдауға тырысты, бірақ қолдарына түсіре алмады.

Донбастағы ресейшіл сепаратистердің қандай қаруларды пайдаланып соғысып жатқаны белгілі – интернеттегі фотосуреттер мен бейне жазбаларды жақсылап зерттеген еріктілер мен сарапшылардың халықаралық тобы бұл тараптағы өз зерттеулерін жасап шықты. «Донбасс. Реалии» жобасынан ресейлік қару-жарақтың ең жаңа бес түрі туралы біле аласыздар.

Иловайскіде видеоға түсіп қалған Т-72Б3

2015 жылғы ақпанның 15-і. Дебальцево елді мекенінің маңы. «Новороссияны» белсенді қолдайтын британдық блогер Грэм Филлипс кезекті ролигін түсіріп жатыр. Бірақ ол сол сәтте Украинаның шығысындағы шиеленіске Ресейдің қатысып жатқаны туралы салмақты дәлел ұсынып жатқанын байқамайды. Ол видеосын үш Т-72Б3 танкісі қасынан өтіп бара жатқанда түсірген.

Т-72Б3 – Ресей қарулы күштерінің негізгі шабуыл танкісі. 125 миллиметрлік зеңбірекпен және пулеметпен жабдықталған. Танкіге «Контакт-5» динамикалық қорғанысы орнатылған. Модернизацияның алдыңғы нұсқаларынан Т-72Б3 «Сосна-У» (Беларусьте жасалады – ред.) көздеу құрылғысымен ерекшеленеді. Көздеудің бұл жаңа жүйесін Ресей 2012 жылы сатып алған. Жүйе Украинаға бұрын-соңды сатылған емес.

Т72Б3 танкісі
Т72Б3 танкісі

Филлипстің бейнебаянында танкінің көздеу құрылғысы анық байқалады, ол Т-72-нің басқа түрлерінен айтарлықтай ерекшеленіп тұрады. Бұл танк Донбаста камераға бірінші рет түсіп тұрған жоқ.

2014 жылғы тамыздың соңы. Иловайск ауданы. Осы жерде жап-жаңа Т-72Б3 бірінші рет көзге түсті. Украиналық әскерилер осындай бірнеше танкіні атты, біреуін жарамды күйінде қолға түсірді. Журналистер оны жақсылап суретке түсіріп алды, бұл танкінің «Сосна-У» көздеу құрылғысы оқ тиіп бүлінген.

Т-72Б3 танкісінің бүлінген көздеу құрылғысы.
Т-72Б3 танкісінің бүлінген көздеу құрылғысы.

Қолға түскен әскери олжаның тарихын украиналық журналист, censor.net сайтының редакторы Юрий Бутусов жан-жақты зерттеді. Бутусов Азаттық тілшісімен әңгімесінде «Бұл танкімен Украина қарулы күштерінің 17-танк бригадасының танкішілері мен полковник Евгений Сидоренко Многополья ауданындағы Иловойск түбінен қоршауды бұзып шықты. Танкі қалған әскерге жол ашты, бірақ кейін оқ тиіп, жолда қалған» дейді. Полковник Сидоренко журналистерге танкінің ішінен оның Ресейде шыққанын растайтын құжаттар табылғанын айтқан еді. «Танкінің ішінен Ресей Федерациясының №540960 әскери бөліміне тиесілі екені растайтын құжаттарды таптық, 8-жеке мотоатқыш бригада, 3-танкі ротасы, рота командирі – Рашитов А.Р., танк командирі – кіші сержант Гончаров» дейді ол.

Донбаста ғана емес, Сирияда да жүрген БПМ-97

2014 жылы желтоқсанның 30-ы күні Донбастағы ресейшіл сепаратистерге тәуелді News Front ақпарат агеттігі өзін-өзі жариялаған «Луганск халық республикасында» басталған ауқымды оқу-жаттығуларды көрсетті. Басқа әскери техникалармен бірге кадрге БПМ-97 беренді көлігі түсіп қалды.

Ресейдің БМП-97 беренді көлігі Луганскідегі әскери жаттығуларда жүр.
Ресейдің БМП-97 беренді көлігі Луганскідегі әскери жаттығуларда жүр.

БПМ-97 – Ресейдің беренді жеңіл автокөлігі. «Выстрел» және «Дозор» атты екі модификациямен шығарған.Ресейдің құрлықтағы әскер бөлімшелері қолданады. Модификациясына байланысты көлікке КПВТ немесе «Корд» пулеметтері орнатылуы мүмкін. Ресей қару-жарағы тізіміне 2009 жылы қосылған. Украинаға сатылған емес.

Ресейлік БПМ-97 беренді көлігі 2015 жылдың қаңтарында Луганскіден шығып келе жатқан жерінен тағы бір видеоға түсіп қалған. Видеоны жергілікті тұрғындар кездейсоқ түсірген. Бұл көліктер Украинада ғана емес, басқа да қақтығыстарғақатысқан. Inform Napalm халықаралық зерттеу тобы белсенділері БПМ-97 беренді көлігінің Абхазияда, жақында Сирияда болғаны туралы деректер тапты.

БПМ-97
БПМ-97

InformNapalm өкілі Михаил Макарук «Бұл көліктерді біз Ресей арнайы жасығы Сирияның Пальмира қаласынан қашып шыққан соң байқадық. Олар беренді көліктерді ИМ («Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы – ред.)» содырларына тастап кетті» дейді.

Сириядағы БПМ-97.
Сириядағы БПМ-97.

"Аистенок" радиолокациялық станциясы

2015 жылғы қаңтардың 15-і. Донецк. Сепаратистер ЕҚЫҰ өкілдеріне (миссия жетекшісі Александр Хуг те бар) украиналық армияның «Град» қондырғысын қолданғаны туралы «дәлелдерді» көрсетіп жатыр. Осы жерде шағын құрылғы мен тасымалдаушы антенна видеоға түсіп қалған. Түрлі бөлшектеріне қарап отырып оның «Аистенок» атты ресейлік радиолокациялық станция (РЛС) екенін байқауға болады.

Ол контрбатареялық атыс жүргізіп, қарсыластың зеңбіректерін жою үшін қолданылады. РЛС 10 километр қашықтықтағы ұрыс позициясын барлауға мүмкіндік береді, 20 километр қашықтықтағы техника қозғалысын анықтай алады. Ресейде ол 2008 жылы шыққан, бірақ Украинаға сатылған емес.

Видеода РЛС-мен жұмыс істейтін адам түрін жасырады. Inform Napalm өкілі Михаил Макарук оның жергілікті тұрғын емес екенін айтады, кешенмен тек ресейлік әскерилер жұмыс істей алады.

"Аистенок" РЛС-ы.
"Аистенок" РЛС-ы.

«Бұл енді топастықтың шегі - Украинада ешқашан болмаған құрылғының видеоға түсіп қалуын айтамын. Бұл құрылғы мұнда жасалмаған, әкелінбеген. Оның үстіне бұл жоғары технологиялық құрал» дейді Михаил Макарук.

"Форпост"

2015 жылғы мамырдың 21-і. Украина әскерилері журналистерге ұшқышсыз ұшу құралының сынықтарын көрсетіп тұр. Ол Ресейдің «Форпост» атты ұшу аппараты. Ресей Израильдің IAI Searcher Mk II ұшқышсыз ұшатын аппаратын лицензиямен шығарып, «Форпост» деп атаған. Негізгі міндеті – әуе барлауын жасау. Артиллерияның ататын жерін көздеуге қолданылады, қанаты – 7 метр, аппарат ұзындығы – 5 метр, 200 километр қашықтыққа барып, әрекет ете алады. 2012 жылдан бастап Ресейдің Екатеринбург қаласында шығарылып жатыр. Украинаға сатылмайды.

Донецк облысында атып түсірілген "Форпосттың" сынықтары.
Донецк облысында атып түсірілген "Форпосттың" сынықтары.

Бұл аппараттты Донецк облысының Водяный ауылы маңында атып түсірген. 2016 жылдың тамызында осындай ресейлік «Форпост» Сириядан Израиль аумағына кіріп кеткен еді. Израиль оған қарсы бірнеше зымыран жібергенімен, оны атып түсіре алмаған болатын. Бұл жағынан Украина әскері Израильден асып түсті.

Күрделі техника болғандықтан оны тек Ресей әскерінің штаттағы бөлімшелері ғана қолданады. Украинадағы Defense Express консалтинг агенттігінің директоры Сергей Згурецтің айтуынша, «бұл аппаратты біліктілігі төмен жергілікті маман басқарып көрген емес».

"Форпост".
"Форпост".

"Панцирь-С1" зенит-зымыран кешені

2015 жылғы ақпанның 8-і. Луганск, Оборонная көшесі. Видео авторы әскери техниканы байқап, автокөлікте отырған жерінен суретке түсіре бастайды. Бұл ресейлік әскери өнеркәсіптің жаңа өнімінің бірі – «Панцирь-С1» өздігінен жүретін зенит-зымыран кешені.

Ол минутына екі жарым мыңдай оқ атады, «жер-ауа» санатындағы 12 зымыраны бар. Тула құрылғы жасау бюросы мәліметіне қарағанда, зымырандарын ату арасы 1,5 секунд, бұл – әлемдік рекорд. Радиолокация жүйесінің жұмыс қашықтығы – 30 километр. «Панцирь-С1» Ресей армиясында 2008 жылы пайда болды. Украинаға берілмеген.

Видеода техниканың Луганскіде кетіп бара жатқанына күмен жоқ, оған техника жанынан өткен бірнеше жарнама тақтасы дәлел. Ол тақталардың бірінде өзін-өзі жариялаған «Луганск халық республикасының» басшысы Игорь Плотницкийдің суреті тұр.

"Панцирь С-1".
"Панцирь С-1".

Әскери сарапшы Сергей Згурецтің айтуынша, «Панцирь-С1» кешені украиналық ұшақтардың бірін атып түсірген. 2010 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс парадында диктор салтанатты түрде «Алдарыңызда Ресей әуе-ғарыш күштерінің салтанатты жасағы. "Панцирь-С" зенит-зымыран кешендері колоннасын капитан Иван Большаков бастап барады. "Панцирь" кешені батыр қала, Ресей қару-жарақөндірісінің астанасы Тула қаласында жасалады» деп хабарлаған болатын.

Луганскідегі "Панцирь С-1".
Луганскідегі "Панцирь С-1".

Донбастағы қақтығыста Ресей қарулы күштері қатысып жатқаны туралы айғақтарды үш жыл бойы зерттеп келе жатқан еріктілер «Мұндай дәлелдердің жетіп артылатынын» айтады. Inform Napalm тобы ғана Донбаста Украинаға бұрын-соңды сатылмаған және бұл елде өндірілмеген техниканың 42 түрі бар екенін анықтады. Белсенділер мен еріктілер Донбаста ресейлік әскерилердің жүргеніне дәлелдер жинауды жалғастырады.

«Украинаға Ресейден 70-тен астам әскери жасақтар келді. Олар Куриль аралдарынан бастап, Грузия мен Приднестровьедегі басып алынған жерлерден келген» дейді Inform Napalm өкілі Михаил Макарук.

Украина Inform Napalm тобынан осы материалдарды сұратқан және тексеріп, Гаагадағы БҰҰ халықаралық сотына қосымша дәлел ретінде ұсынбақ.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG