Accessibility links

Әлемде аласапыран көбейіп барады. Бірақ дүлей дауылдың ортасында сенімді әрі алаңсыз көрінетін жалғыз ел болса, ол – Владимир Путин басқаратын Ресей.

Ресей президенті жаһан назары Еуропа мен АҚШ-тағы саяси дүрбелеңге ауып тұрғанын пайдаланып тыныш қана өзінің сыртқы саясатын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Украинадағы бірнеше ай салыстырмалы тыныштықтан соң, қаңтардың 29-ы күні, Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистер Донецк әуежайының дәл іргесіндегі Авдеевка қаласына жойқын шабуыл жасады. Бір күн ішінде Украинаның кемінде төрт жауынгері қаза тапты, елдің қарулы күштері дайындық жағдайына келтірілді. Содан бері атыс қайта басталып, шығындар көбейді, бұл екі жақ бітімге келіп, бейбітшілік орнайды деген сенімге селкеу түсірді.

Путиннің сыртқы саясаттағы басты мақсаты – Украинадағы жағдайды тұрақсыздандыру, халықаралық қауымдастықтың қарсылығы мардымсыз болғандықтан, ол мұнысын жүзеге асырып та келеді. Оның сыртқы саясаттағы екінші мақсаты – Сирияның ішкі ісіне араласып, ондағы жағдайды да ушықтыра түсу сияқты.

Осыдан бір жылдай бұрын Сириядағы Батыстың қолдауына сүйенген жасақтар жеңілген соң Путин «Қорғаныс министрінің алдына қойған міндеттерді орындағанын» айтқан. Сөйтіп ол Ресейдің жақтасы – Башар Асадты және Тартустағы өзінің әскери-теңіз базасын қорғау үшін жіберген экспедициялық әскерінің негізгі бөлігін елге қайтаратынын мәлімдеген.

Сириядағы Ресей әскері. 15 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Сириядағы Ресей әскері. 15 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Әскерді шығару туралы сөз асығыстық болып шықты, себебі Ресей әскер санын тіпті еселеп жіберді. Сөйтіп, олар Сириядағы жасақтар мен бейбіт тұрғындарды өршелене бомбалай бастады. Алайда, Алеппоны қайтарып алғаннан кейін Ресей мен Түркияның араағайындығымен бітімге қол жеткен соң, 2016 жылы желтоқсанны 29-ы Путин Ресей күштері аймақтан кететінін тағы да мәлімдеді. Мұнда да кететін мерзім жеткендей болды. Асад режимі жасақтардың басты бекінісі – Алеппоны алып, тағы да біраз жеңіске жеткен соң Башар Асадтың биліктен кетпейтіні, көтерілісші жасақтардың жеңбейтіні белгілі болды. Яғни, Мәскеудің миссиясы орындалды.

2017 жылдың басында Жерорта теңізіндегі Адмирал Кузнецов ұшақ тасығышы бастаған әскери-теңіз күштері шыға бастағанда Ресейдің аймақтан шынымен кететіні белгілі болды. Ресей қарулы күштері бас штабының басшысы Валерий Герасимов «Ресей қарулы күштерінің бас қолбасшысы Владимир Путиннің шешімімен Ресей қорғаныс министрлігі Сириядағы қарулы әскерді азайтуды бастайды» деп мәлімдеген.

Алайда Ресей бұл жолы да толық кетпейтін болып шықты. Арада көп өтпестен АҚШ-тың екі ресми өкілі Fox News телеарнасына берген сұхбатында Ресейдің төрт бірдей Су-25 әскери ұшағын және оларды жерден жасалатын шабуылдан қорғайтын құрылғыларды Сирияға әкелгенін хабарлады. Бұдан Ресейдің әуе шабуылдарын тоқтатпайтыны анық болды.

Жағдай қатты ушықпағанымен, қақтығыс жалғаса береді. Сирия мен Ирактан көп хабар беріп отырған халықаралық қатынастарды зерттейтін Rubin Center орталығының директоры Джонатан Спайер Азаттыққа берген сұхбатында «Ресей әскері Асад режимін қорғап, оның өмірін ұзарту үшін жүр, әрі бұл мақсатқа жету үшін Ресей Сирияға жеткілікті күш әкелуі тиіс болады. Ресей әскері «Сирия соғысында енді жасақтар жеңе алмайды» дегенді ұғындыру үшін бұл елдің аумағында қала береді. Дегенмен, Ресейдің түпкі мақсаты – Асад/ Иран көмегімен бүкіл елдің басын қосу емес, режимді аман алып қалып, «жартылай тоқтатылған» конфликтіні жалғастыру».

Сириядағы соғыстың бір көрінісі. (Көрнекі сурет)
Сириядағы соғыстың бір көрінісі. (Көрнекі сурет)

«Жартылай тоқтатылған конфликт» сөзі Сирияға да, Украинаға да қатысты айтылады.

Асадтың бүкіл Сирияны қайта бақылауына алу мүмкіндігі туралы әңгіменің бәрі – бос қиял. Бірақ бұл оның жақтастары – Иран мен Ресейді мүлде толғандырмайды. Екеуі де Иранның Ливандағы «Хизбалламен» арадағы көпірінің «қауіпсіздігін» қамтамасыз етіп, сол арқылы Таяу Шығыста геосаяси үстемдік құрмауы үшін Израильге доқ көрсетуге жәрдемдесетін кішігірім «Асадстанның» құрылғанын қалайды. Ал Ресей болса, өзінің әскери-теңіз нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жақтастарын қорғай алатынына әлемді және өз халқын сендіріп, Таяу Шығыстағы соғыста жеңіске жете алатын жалғыз держава екенін паш етуге және террормен жалғыз өзі күресіп жатқан, бейбітшілік орнатқыш ел ретінде танылуға құлықты. Үні қатты бұл мессеждің халыққа жететіні анық, Мәскеу тағы да әлемдік державаға айналып сала береді.

Ал әңгіменің рас болуы міндетті емес. Себебі Ресейдің әу бастағы «жиһадизммен, соның ең бір азғындаған түрі – «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымымен күресеміз» деген мақсатының өзі – жалған. «Жиһадпен күрес» біздің заманымыздағы ең бір оңтайлы «әскери бүркемеге» айналды. Бұл сөз айтылған жерде аяусыз соғыс жүргізсең де көп күмән-күдік бола қоймайды. Оның үстіне, бұл империялық амбициясы бар елдердің өз пиғылдарын жасыруына да мүмкіндік береді.

Спайердің айтуынша, Ресей ИМ-мен күресте ештеңе тындырмады десе болады. Оның әрекеттері көбіне Асад режимімен соғысып жатқан негізгі күштерге қарсы бағытталды. Батыс коалициясының ИМ-ге қарсы соғыстағы басты әріптесі Күрд халық жасақтарының бөлшегі - Сирияны қорғау күштері болды. Шынтуайтына келсек, Сириядағы террормен күреске белсене араласып жатқандардың арасында орыстар да, Асад та, ирандықтар да, олардың суннит қарсыластары да жоқ.

Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Соған қарамастан, Ресей басшысы бытыраңқы топтарды бітімге келтіру үшін келіссөз үстеліне қалайша отырғызғанын айтып, мақтана береді. Тартыс Түркия, Иран, Сирия үкіметі, бәлкім тіпті АҚШ-тағы Трамп әкімшілігі арасында жүріп жатыр. Украина мәселесі бойынша Ресей Минск бейбітшілік процесі арқылы дауды дипломатиялық жолмен шешуге ықпал еттім деп мақтанады. Ресей Шығыс Украинада не Таяу Шығыста мәселенің дипломатиялық шешімін тапқан күннің өзінде ол кезінде өзі былықтырған нәрселерді өзі қалпына келтірген болып шығады.

Экономикасы нашарлап, халқы қолдауға көбірек мұқтаж болған сайын Ресейдің әлемдік деңгейдегі амбициясы шексіз ұлғая бермек. Бұл мәселелердің «шешкенінің» өтеуі ретінде Ресей АҚШ-пен және Еуропаның бірнеше державасымен арақатынасын жақсартып алуы әбден мүмкін. Бұл – ғаламдағы тұрақтылық үшін, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері халықаралық тәртіп орнатып келе жатқан батыстық либералдық жүйе үшін жаман жаңалық. Бұдан Ресей одан әрі еркінси түседі. Бұл – әсіресе Сирия халқы үшін жаман хабар, себебі олар соғыс тауқыметін әлі де тарта бермек.

Дэвид Патрикаракостың блогы ағылшын тілінен аударылды.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG