Accessibility links

"Украинада соғысқан тұрғын" сотта кінәсін мойындады


Украинаның шығысында соғысып жүрген сепаратистердің бірі. Көрнекі сурет.

Теміртау тұрғыны сотта "Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысты" деген айыпты мойындап, Донбасқа қалай барып, ол жақта қалай соғысқанын егжей-тегжейлі айтып берді.

Қарағанды сотында Шығыс Украинада Ресей қолдайтын сепаратистер жағында соғысқан теміртаулық тұрғыны аяқталуға жақын. Сотта 32 жастағы айыпталушы Донбасқа "бейбіт халықты қорғау үшін" барғанын айтты.

"ВОЕНКОМАТҚА" БАРДЫМ"

Мамырдың 16-сы күні өткен сотта көптеген жайттар ашылды. Мысалы, Никита С. 2015 жылы Украинаға аттануға бел буған, бірақ "кімге жолығып, нақты қайда баруды білмеген". Украина шекарасын кесіп өткеннен кейін ол ресейшіл сепаратистер жариялап алған әрі мойындалмаған Луганск халық республикасы (БАҚ-та "ЛХР" деген аббревиатурасы жазылады – ред.) территориясындағы жергілікті "военкоматқа" барып, "казак полкына" қосылған. Айыпталушының айтуынша, шайқасқа қатысардан бұрын ол жақта үш айлық дайындықтан өтіп, казак шенін алған. Никита "жалдамалы болған жоқпын, ешкіммен келісім-шартқа отырғамадым және соғысқаным үшін жалақы алмадым" дейді.

Донбаста туыстарым тұрады. Сондықтан ол жаққа бейбіт тұрғындарды қорғау үшін ерікті ретінде бардым.

- Донбаста туыстарым тұрады. Сондықтан ол жаққа бейбіт тұрғындарды қорғау үшін ерікті ретінде бардым. Біз Донбастың бейбіт халқын қырып-жойып жатқан Украина жалдамалыларына қарсы соғыстық. Оны өз көзіммен көрдім. Адамдарға емес, шабуылдаушы нысана жаққа ғана оқ аттым. Оларды өткізбеу үшін майдан шебін бақылайтын жасақта болдым. ЛХР мен ДХР-ға (Украинаның Донецк облысы аудандарын бақылауында ұстап тұрған сепаратистер жариялап алған тағы бір "республика" – ред.) ерікті түрде қосылу үшін ол жаққа бару Қазақстанда заңға қайшы әрекет әрі жазаланатын қылмыс екенін білген жоқпын. Өйткені Ресейде бұл қылмыс болып саналмайды, - дейді Никита С.

Судья Исламхан Есенбаев айыпталушының сөздеріне сенбейтінін айтты. Бұған қоса, ол айыпталушы айтқан "Луганск халық республикасы" деген ресми мемлекет жоқ" деді.

- Сіз өз-өзін жариялап алған "мемлекетте", адамдарды өлтіріп жатқан әлдебір топ жағында заңсыз соғысқансыз, - деді судья Исламхан Есенбаев.

Судьяның бұл сөзіне айыпталушы: "Олар адам емес, өйткені олар бейбіт тұрғындарға оқ атты. Ал соғысуға жіберген жас жігіттер, яғни солдаттар "соғысқымыз келмейді, бізді тұтқынға алыңдаршы" деп бізге өздері айтқан. Олармен сөйлесіп тұрдық қой" деп жауап берді.

"ПОЛИЦИЯ КӨҢІЛ АУДАРҒАН ЖОҚ"

Айыпталушының әкесінің айтуынша, екі адамды өлтірді деген күдікке іліккенге дейін қала ішінде әскери форма киіп жүргенін көрсе де, полиция ұлына көңіл аудармаған.

Органдар сол кезден бері оған мән берген жоқ. Оны адам өлтіру оқиғасы болған кезде ғана ұстады.

- Органдар сол кезден бері оған мән берген жоқ. Оны адам өлтіру оқиғасы болған кезде ғана ұстады. Мұның (шетел территориясындағы қарулы қақтығысқа қатысу – ред.) қылмыс екенін кейін ғана білдік. Бірақ әлсіз жандарды да біреулер қорғауы тиіс қой. Донбасс қаласын әлі күнге дейін бомбалап жатыр. Ол жақта жағдай жақсармай тұр. Жігіттер қырылып жатыр. Балам, құдайға шүкір, қайтып келіп еді, мына жақта мынадай бәлеге тап болды, - дейді сотталушы Никитаның әкесі Юрий.

Оқи отырыңыз: "Шығыс Украинада соғысқан" теміртаулық сотқа тартылды

Прокурор Елдос Жаппардың бұған дейінгі отырыста оқыған айыптау ұйғарымына қарағанда, теміртаулық тұрғын Луганск облысы территориясында өз-өзін жариялап алған республика жағында Украина қарулы күштеріне қарсы ерікті түрде, біле тұра әрі заңсыз қатысқан. Іс материалдарына сәйкес, ол Украина территориясына алғаш рет 2015 жылғы ақпанда барып, ол жақта желтоқсанның аяғына дейін болған. Одан кейін Теміртауға оралған. 2016 жылы көктемде қарулы қақтығысқа қатысу үшін ол Украинаға тағы баруды ұйғарып, Луганск аймағында 2017 жылы ақпанға дейін болған. Прокурор Елдос Жаппар айыпталушының әрекетін "қасақана заң бұзу" деп атап, Украинаға оны Қазақстаннан ешкім жібермегенін айтты.

- Ол Платов атындағы бірінші казак полкы құрамына қайта кіріп, "Луганск халық республикасы" (өз-өзін жариялап алған - ред.) территориясында болған. Кейін Қазақстанға қайта оралып, Теміртау қаласындағы автосервисте жұмыс істеген, - деп мәлімдеді Теміртау қаласы прокурорының орынбасары Елдос Жаппар.

ЕКІ АДАМДЫ ӨЛТІРУ ІСІ

Никита С.-ны "екі адамды өлтірді" деген айыппен де сотқа тартып жатыр. Айыпталушылардың бірі – оның досы, 32 жастағы теміртаулық тұрғын Павел Л.

Оған "аса ауыр қылмысты хабарламай, жасырып қалған" деген айып тағылған. Іс материалдарына қарағанда, Никитаның "шығыс Украинаға барып жүргені" кісі өлтіру ісін тексеру кезінде анықталған.

Екі кісіні өлтіру оқиғасы Никита С. Донбастан оралғаннан соң бірнеше айдан кейін, яғни 2017 жылы шілдеде болған. Күдіктілер жасырынып қалуға тырысқан. Оларға іздеу жарияланған. Тергеу болжамынша, олар заттарын, құжаттарын жинап, Ресейге кетіп қалған. Сотта куәгер ретінде тергелген таксист Никита С. мен Павел Л. екеуін Теміртаудан Новосибирскіге дейін апарғанын, кейін екеуіне іздеу жарияланғанын естіп, полицияға хабарлағанын айтқан. Күдіктілерді Ресей полициясы ұстап, Қазақстанға берген.

Қаза тапқандардың туыстары сот ғимараты алдында тұр. Қарағанды, 24 сәуір 2018 жыл.
Қаза тапқандардың туыстары сот ғимараты алдында тұр. Қарағанды, 24 сәуір 2018 жыл.

Никита С. "ашу үстінде қылмыс жасадым" деп екі адамды өлтіргенін мойындады.

Айыпталушының айтуынша, "қастандықтан мерт болғандардың бірі - гараж иесі өзге де адамдар бірігіп алып, досы Павел Л. екеуінің гаражда жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген. Олардан гаражды босатуды және бір жарым миллион теңге төлеуді талап етіп, бірнеше мәрте қоқан-лоқы жасаған".

Никитаның сөзінше, "жанжалды басқа жолмен реттеуді ойластырып, ешкімді өлтірейін деген ойы болмаған. Көрші гаражда жұмыс істеген адам (қазір істе куәгер) оған "досыңа қоқан-лоқы жасап жатыр" деп айтқан. Никита С. барған кезде гаражда досы мен өзге адамдардың қимылсыз жатқанын көрген. Ол Руслан Рустамовтың мойнына тапаншаны тақап, басынан атқан. Ал Имамәли Аббасовті өлтіргісі келмеген, бірақ ашу үстінде оны да атып тастаған".

Бұл сөзге судья "жанжал шықса, бас салып кісі өлтірмей, полиция шақыру керек болатын" деді. Сотталушының айтуынша, оқиғадан кейін ол 16 калибрлі тапаншаны жолдың бойына лақтырып жіберген.

Сот теміртаулық Никитаның айыпты деп тапса, ол бес жылдан тоғыз жылға дейін сотталуы мүмкін.

Украинаның шығысындағы жанжалға қанша қазақстандық аттанғаны белгісіз. Ресейшіл сепаратистер бақылауындағы территорияға азаматтардың барып жатқаны туралы ақпаратты Қазақстан билігі басында жоққа шығарған. Бірақ 2014 жылдың аяғында күш құрылымдар қарулы қақтығысқа қатысу үшін кей қазақстандықтардың шығыс Украинаға кеткені туралы мәліметтер бар екенін мойындаған.

Кейінгі төрт жылда Қазақстанда Украинаның шығысындағы 10 мыңнан астам адам мерт болған қарулы қақтығысқа қатысты деген айыппен бірнеше адам сотталды. "Сепаратистер жағында соғысқандарға" Астана, Ақтөбе, Атырау, Өскемен қалаларында айыптау үкімдері шыққан. Қылмыстық іске қатысты айыпталушыларды үш жылдан бес жылға дейін түрмеге кескен.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG