Accessibility links

Таулы Қарабақта түнде де атыс болды, тараптар бір-бірін кінәлады


Таулы Қарабақтағы қақтығыс. 27 қыркүйек 2020 жыл.
Таулы Қарабақтағы қақтығыс. 27 қыркүйек 2020 жыл.

Таулы Қарабақта Армения мен Әзербайжан күштері арасында қақтығыс жалғасып жатыр. Халықаралық қауымдастық екі мемлекетті әскери қимылды тоқтатып, келіссөз өткізуге шақырды. Ереван 28 қыркүйекке қараған түні атыс толастамағанын айтса, Баку армян күштерінің Тертер қаласын атқылағанын хабарлады.

Өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақ билігі 28 қыркүйекте әзербайжан күштерімен қақтығыс кезінде барлығы 32 сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеді. Арменияның қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян Facebook-та Таулы Қарабақтың қақтығыс аймағында түнде "түрлі дәрежеде" атыс болғанын жазды.

"Таңнан бастап қарсы тарап қайта шабуылға көшіп, артиллерия құралдары, бронды техника, ауыр отшашқыш жүйесін қолданды" делінген жазбада.

Әзербайжан қорғаныс министрі 28 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде "армян әскері [Таулы Қарабаққа жапсарлас жатқан] Тертер қаласын атқылады" деп мәлімдеді.

"Қорғаныс министрлігі басшылығы бұған сәйкесінше жауап береді деп соңғы рет ескертеді" делінген әзербайжан тарабының хабарламасында.

Әзербайжан әскерінің шабуылы 27 қыркүйек таңертең басталған. Әзербайжан әскери басшылығы мұны "контршабуыл" деп атады. Олардың сөзінше, алдымен Армения әскери күштері оқ жаудырған. Армения жағдайдың ушығуына Әзербайжанды кінәлады.

Екі тарап та әскери қимылдар жалғасып жатқан аумақта әскери жағдай енгізіп, қақтығыстың алғашқы күні ол жаққа тікұшақ, дрон, танк, артиллериялар әкелінген.

Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ ауданы Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян болған. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін бақылауына алып, өзінің қарамағына Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды да тіркеп алды. Әзербайжан бұл территорияны оккупацияланған деп атайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG