Accessibility links

Қазақстанда өткен тәулікте 71 адамнан коронавирус инфекциясы табылды


Қорғаныш киім киген медицина қызметкері.
Қорғаныш киім киген медицина қызметкері.

30 қыркүйекте Қазақстанда 71 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 63 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 қазан таңертең таратқан ақпаратында осындай мәлімет айтылады.

Сәрсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 16, Нұр-Сұлтан қаласында - 10, Атырау облысында 4 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Шымкент қаласы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған науқастар 107 979 адамға жетті. 90 пайыздан астамы жазылған. 3 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Наурыз айынан бері 1731 адам қайтыс болған.

Бұл статистикаға коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. Ресми мәлімет бойынша, 1 тамыздан бері 32 мыңнан астам адам халықаралық сарапшылар Covid деп санайтын пневмонияның осы түріне шалдыққан. Бұған қоса, денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұққаны анықталған жүздеген адам өлімін ресми есепке енгізбеген. Арнайы комиссия оларды "ілеспе аурудан қайтыс болды" деп санайды.

30 қыркүйекте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа оқу жылы басталғалы бері елде 104 оқушыға коронавирус жұққанын, 30 пайызы кезекші сыныпта оқығанын мәлімдеді. Сәрсенбі күні "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының" басшылығы соңғы бір аптада елде кавасакиге ұқсас аурудан екі бала шетінегенін хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың бұл түрі коронавирустан жазылып шыққан балалар арасында кездеседі. Шетінеген екі сәби бірнеше апта бұрын Covid-тен жазылып шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG