Accessibility links

Қазақстанда өткен тәулікте 65 адамнан коронавирус инфекциясы табылды


Медицина қызметкері.

1 қазанда Қазақстанда 65 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 91 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 2 қазан таңертең таратқан ақпаратында осындай мәлімет айтылады.

Бейсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 18, Солтүстік Қазақстан облысында 10 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Шымкент қаласы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталған науқастар 108 044 адамға жетті. 90 пайыздан астамы жазылған. 3 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Наурыз айынан бері 1734 адам қайтыс болған.

Бұл статистикаға коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. Ресми мәлімет бойынша, 1 тамыздан бері 32 мыңнан астам адам халықаралық сарапшылар Covid деп санайтын пневмонияның осы түріне шалдыққан. Бұған қоса, денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұққаны анықталған жүздеген адам өлімін ресми есепке енгізбеген. Арнайы комиссия оларды "ілеспе аурудан қайтыс болды" деп санайды.

Елде пандемия басталғалі бері 200-ге жуық медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болған. Дегенмен бұл мәліметте де қарама-қайшылық бар. Осыған дейін мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолованың дерегіне сүйенген жергілікті БАҚ 197 медицина қызметкері қайтыс болды десе, 1 қазанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой індет басталғалы бері 182 дәрігер Covid-тен көз жұмды деп мәлімдеді. Бұған дейін 12,8 мың медицина қызметкеріне індет кезінде коронавирус жұққаны хабарланған. Мемлекет тарабынан коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына - 10 млн теңгеден, коронавирус ауруына шалдыққан дәрігерге 2 млн теңгеден өтемақы беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG