Accessibility links

"Бейберекет", "тобыр". Қазақстандық БАҚ Қырғызстандағы жағдайды қалай көрсетті?


Бішкектің бас алаңында өткен наразылық акциясы кезінде Қырғызстанның туын көтеріп тұрған адам.

Қазақстандағы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Қырғызстандағы парламент сайлауынан кейінгі жұрт наразылығын – "бейберекет", наразыларды "бұзақылар" мен "тобыр" деп сипаттайды. Олар мұндай жағдай "елді кері кетіреді" деп, Қазақстанды "сабақ алуға" шақыратын саясаттанушыларды сөйлетеді. Мемлекеттік БАҚ-тағы Қырғызстан мен Қазақстанды салыстыратын спикерлер президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мақтайды. Азаттық бірнеше мемлекеттік басылымның көрші елдегі оқиғадан қалай хабар таратқанын шолып шықты.

"АТАМБАЕВ ЖАҚТАСТАРЫ" МЕН "ТОБЫР"

"Атылған оқ пен жарылыс даусы, жараланған тұрғын, полицейлер мен наразылар қақтығысы" – мемлекеттік Qazaqstan ұлттық арнасындағы "Ашық алаң" саяси ток-шоуы Қырғызстандағы ахуал жайлы шығарылымын осылай бастайды. 50 минуттай хабарда алаңға жиналған наразы жұрттың сөзі, оппозиция өкілдерінің талабы көрсетілмейді. Есесіне наразылық зардабы ретінде өртенген көлік, бүлінген ғимараттар бірнеше рет беріледі. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің "Билікті қарсыластарым заңсыз тартып алмақ болды" деген сөзін де береді.

Бағдарлама басында сөйлеген саясаттанушы, биыл маусым айында биліктегі "Нұр Отан" партиясы жақтастарының лигасын құрған Ерлан Сайыров Қырғызстандағы ахуалды "охлократия – тобырдың билігі" деп бағалап, мұның "демократиямен арасы жер мен көктей" дейді. Қырғызстандағы халықтың әлеуметтік жағдайы "өте төмен" деген сарапшы "мұндай елдерде демократия болуы мүмкін емесін" айтады. Оның сөзінше, "әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды манипуляциялау оңай".

Биліктегі "Нұр Отан" партиясын қолдайтын саясаттанушы Ерлан Сайыров (оң жақта) Qazaqstan мемлекеттік телеарнасындағы "Ашық алаң" саяси ток-шоуына қатысып тұр. Видеодан скриншот.
Биліктегі "Нұр Отан" партиясын қолдайтын саясаттанушы Ерлан Сайыров (оң жақта) Qazaqstan мемлекеттік телеарнасындағы "Ашық алаң" саяси ток-шоуына қатысып тұр. Видеодан скриншот.

"[Мынадай жағдай жалғаса берсе, Қырғызстанның көрші елдермен қарым-қатынасы нашарлап кетеді. Өйткені мынаны көрген мемлекеттің барлығы қарым-қатынасты ақырын доғарады. Осындай жағдай халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді. Әрқашан осы есімізде болуы керек" дейді. Сайыров "Қырғызстандағы ахуалды қайта қалыпқа келтіруге 10-15 жыл керек" деп болжайды. Саясаттанушы "Қазақстанға бұл үлкен сабақ болуы керек" дейді.

Қырғызстанда не болып жатыр?

4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, ресми қорытындысы бойынша, билікке жақын үш партия мен оппозициядан бір ғана партия Жогорку кеңештен орын алды.

5 қазанда басқа оппозициялық партиялар мен жұрт сайлау нәтижесімен келіспей қарсылық акциясына шықты. Наразылар "билікке жақын партиялар жұрттың дауысын сатып алды, әкімшілік ресурстарды пайдаланды" дейді. Олар парламент пен президент отыратын "Ақ үйді" басып алып, сайлауды қайта өткізуді, ел президенті Сооронбай Жээнбековтің биліктен кетуін талап етті. "Жемқорлық айыбымен" қамалған елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты жақтастары түрмеден босатып алды.

6 қазанда Орталық сайлау комиссиясы даулы сайлаудың нәтижесін жойды. Елде саяси дағдарыс әлі жалғасып жатыр.

Бағдарламаның екінші бір қонағы – қоғам белсендісі Мұрат Әбенов дау астарынан "жершілдік мәселесін" көреді.

"Біреу ортаға шығып, саяси көзқарасы мен ұсынысын айтқан жоқ. Тек апыр-топырда өзіне қажет нәрсені жасады. Бас мақсаттың бірі – өз лидерін [қамаудан] шығарып алу (Атамбаевты айтады – ред.) және билікті заңсыз тартып алу" дейді ол. Әбенов әлдебір нұсқаулық туралы айтып, "наразылық алдын ала дайындалған сияқты" деген ой тастайды. Оның сөзінше, "бір-біріне қарсы екі топтың қақтығысын түсінбей, еріп кеткен жастар да бар".

Екі сарапшы да Қырғызстандағы мемлекеттік институттардың "әлсіздігін" айтып, халқының әлеуметтік жағдайының "нашарлығын" сөз етеді. Екеуі де сөз соңында ондағы жағдайды Қазақстандағы ахуалмен салыстырып, Нұр-Сұлтанның "жағдайды ушықтырып алмас үшін" не істеп жатқанын тізіп шығады.

Сайыровтың сөзінше, Қазақстанда "еститін мемлекет" философиясы қалыптасып келе жатыр. Әбенов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өткен президент сайлауынан кейін "қоғам пікірін ескеріп, әрекет жасап жатқанын" айтты. Ол "президент бәрін көріп отыр, алдын ала проблеманы шешіп отыр" деп, жұрттың да Тоқаевқа "сенім артып отырғаны жақсы көрсеткіш" дейді.

"Ашық алаң" ток-шоуының жүргізушісі, Qazaqstan ұлттық телеарнасының бас продюсері Мақсат Толықбай Азаттық тілшісіне "бағдарламада мәселе түгел қамтылып, мейлінше бейтарап көрсетілгенін" айтты. Толықбайдың сөзінше, "бағдарлама мазмұнына қатысты басшылық тарапынан шектеу жоқ". Ол "мемлекет тұрақтылығына зиянын тигізетін, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, алауыздық тудыратын дүниелер көрсетілмейді" деді.

"БҰЗАҚЫЛАР" МЕН "ТӘРТІПСІЗДІК"

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі иелік ететін Qazaqstan ұлттық телеарнасы күнделікті жаңалықтарында да Қырғызстандағы жағдайды көрсетіп жатыр. 6 қазандағы эфирі кезінде шерулердің парламент сайлауында "билікке жақын екі партия жеңіске жеткен соң басталды" дейді. Қақтығыс кезінде "жапа шеккендер барын", наразылардың қамаудағы шенеуніктерді босатып алғанын айтады. Qazaqstan арнасы "Билікті қарсыластарым заңсыз тартып алмақ болды" деген Жээнбековтің сөзін тағы берген. Бірақ алаңға шыққандар мен оппозициялық партиялардың талаптары; елдегі наразылықтың басталуына не себеп болғаны бұл эфирде де, телеарнаның бұдай кейінгі жаңалықтарында да айтылмады. Qazaqstan арнасы эфирінде Қырғызстандағы ахуалды "бұзақылардың бейберекеті" деп жиі сипаттайды.

Qazaqstan мемлекеттік телеарнасындағы "Ашық алаң" саяси ток-шоуын жүргізетін Мақсат Толықбай Қырғызстандағы жағдай туралы хабар кезінде. Видеодан скриншот.
Qazaqstan мемлекеттік телеарнасындағы "Ашық алаң" саяси ток-шоуын жүргізетін Мақсат Толықбай Қырғызстандағы жағдай туралы хабар кезінде. Видеодан скриншот.

6 қазандағы кешкі жаңалықтарында телеарна Жээнбековтің "билікті заңсыз басып алу әрекеті" жайлы айтқан сөзін тағы көрсетті. Бұған қоса қырғыз элитасын айыптайтын сарапшы сөзін береді. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков бұл оқиғалар қырғыз саяси элитасына "мемлекеттік деңгейде ойлау жетіспейтінінен хабар беретінін"; "саясаткерлер өз амбициясын жоғары қойып, күресті Конституцияға сай жүргізуден бас тартып, тұрақсыздық орнатып отырғанын" айтады. Журналист "Шерушілер өңірлердегі алтын кеніштерін басып алды" дейді.

7 қазандағы кешкі эфирінде жүргізуші наразылықты – "тәртіпсіздік", наразыларды – "Ақ үйдің" тас-талқанын шығарғандар" деп сипаттайды. Билікшіл депутаттар жиыны өтіп жатқан "Достық" қонақүйін "бұзақы топ басып алған" дейді.

Наразылық күшейгенде парламенттегі "Жээнбековті қолдайды" деп саналатын бір топ депутат қонақүйде жиын өткізіп, парламент басшылығын өзгерткен. Жиынға барған журналистер мен жас белсенділерді ғимаратқа кіргізген жоқ. Депутаттардың екінші бір тобы парламенттің көп мүшесі онда болмағанын айтып, жиында қабылданған шешімді мойындамаған.

Qazaqstan телеарнасының журналисі бұл жиынды "парламенттің шұғыл отырысы" деп, онда кірмек болған шерушілердің есікті ашуды талап етуін "ғимаратты басып алу" деп сипаттайды. "Бұзақы топ бірнеше дүкен мен мейрамхананың сау-тамтығын қалдырмай қиратып кеткен" дейді телеарна.

Сюжетте екі саясаттанушы – Айдос Сарым мен Данияр Әшімбаев та наразылықты айыптай сөйлейді. Сарым Қырғызстанда "билікті рейдерлік жолмен басып алу науқаны жүріп жатқанын", Әшімбаев "наразылық білдіру үшін бас салып жиналу, қирату, тас ату, дүкендерді тонау секілді тәртіпсіздіктерді қолдану дұрыс емес" дейді. Әшімбаев "бейберекет [орнату] Қырғызстанда қалыпты жағдайға айналып барады, бұдан қарапайым халық опық жеп қалмауы керек" дейді.

Мемлекеттік Qazaqstan ұлттық телеарнасының Қырғызстандағы наразылық туралы хабарынан скриншот.
Мемлекеттік Qazaqstan ұлттық телеарнасының Қырғызстандағы наразылық туралы хабарынан скриншот.

Qazaqstan арнасы сол күнгі кешкі эфирінде де "Бейберекет басылар емес" деп, наразылыққа бұзақылық сипат берді. Телеарна саясаттанушы Айдос Сарымды тағы көрсетіп, сарапшы "наразылық зардабын" баяндайды. Ол "топтық мүдде, аймақтық-рулық әңгімелер, өкінішке қарай, басым болып кетті. Мұндай әңгіме жүргенде криминал топтар да, ауыл мен қаланың тентектері де пайдаланып кетеді. Қаншама бизнес нысанға нұқсан келіп, талан-таражға түсіп жатыр" дейді.

Журналист "бейберет басталғалы бизнес өкілдерінің берекесі қашқанын", "қақтығысқа қатысушылар алты жедел жәрдем көлігін өртеп, қымбат құрылғыларды қолды қылғанын" баяндайды. Алаңдағы әлдебір азаматты көрсетіп: "Алаңға шыққан әйелдер шырылдап, елдегі қақтығысты тоқтатуды сұрап жатыр. Себебі күн сайын жарақаттанып, ауруханаға түсіп жатқандардың қатары артып келеді" дейді. Көрші елдегі ахуал жайлы топтама Қырғызстанның жалпы ішкі өнімі "биыл онсыз да төмендеп кеткенін", наразылық жалғаса берсе, оның "экономикалық салдары ауыр болатынын" айтуымен аяқталады.

Бішкектегі митингілер туралы ең көп хабар таратқан тағы бір мемлекеттік арна – "Хабар 24". Бірақ бұл телеарна да басқа әріптестерінің тәжірибесінен таңбайды: қақтығыс салдары туралы айтқанымен, митингінің себебі, оппозициялық партия мен алаңға шыққан жұрт талаптары мүлдем көрсетілмейді. "Хабар 24" те Жээнбековтің мәлімдемесімен шектеледі.

6 қазандағы жаңалықтарында жүргізуші "тау-кен және алтын өндірісі зауыттарын ереуілшілер басып алып жатыр, наразылар қойманы тонап, алтын өндіретін фабриканы өртеп жіберген" дейді. Сол күнгі эфирде тілші "Ош қаласындағы Жээнбеков жақтастарының сөзіне" сілтеп, "Бұл – революция емес, Алмазбек Атамбаев жақтастарының тірлігі" дейді. Кешкі эфирде телеарна осыны тағы қайталады.

"Хабар" телеарнасы 6 қазандағы эфирінде Қырғызстандағы ахуал туралы сюжет әзірлеген. Журналист "Қырғызстан азаматтары бірнеше жылдан бері митингілер арқылы әділдікке қол жеткізуге тырысып келеді. Бірақ, сарапшылар сөзінше, мұндай толқулар елді аздырып, ондаған жыл артқа тастайды" дейді.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров "Ашық алаңда" айтқан пікірін мұнда да қайталап, "мұндай толқулар экономикаға да, халықтың әл-ауқатына да кері әсер етеді" дейді.

"КӨШЕ ЫҚПАЛЫНДАҒЫ БИЛІК ҚАУҚАРСЫЗ"

Президенттіктен кетсе де, билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясына тиесілі "Айқын" газеті Қырғызстандағы ахуалды басқа басылымдарға қарағанда молырақ жазған: газетте де, басылым сайтында да сараптама жарияланған.

Азаттықтың Қырғыз қызметі Қырғызстандағы наразылық жайлы

– Алаңға шыққандардың барлығы қамаудағы президент Алмазбек Атамбаевтың жақтасы ма?

– "5 қазанда алаңға шыққанның бәрі – Атамбаев жақтастары" деуге болмайды. Митингіге сайлау нәтижесі бойынша парламентке өтпей қалған партия қолдаушылары шықты. Олар – "Ата Мекен", "Республика", "Мекенчил", "Социал-демократтар" (Атамбаев жақтастары), "Ордо", "Мекен Ынтымагы" партияларының жақтастары.

– Атамбаев пен оның серіктерін қамаудан босатып алу наразылардың "негізгі мақсаты" болды ма?

– Митингінің бас мақсаты 4 қазандағы парламент сайлауының нәтижесін жою болды. Атамбаевты қамаудан босату туралы талап айтылған жоқ. Экс-президент жақтастары оңтайлы сәтті пайдаланып кеткен сияқты.

– 6 қазанға қараған түні болған оқиғаны "тәртіпсіздік" деуге бола ма? Өрт қою мен тонау, бүлдіру қаншалықты көп кездесті? Оны кім істеді және митингіге шыққандар оларға қандай реакция танытты?

– Иә, митингілерді күшпен таратудан кейін болған жағдайды "тәртіпсіздік" деуге болады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ереуілге шыққандар қақтығысты, көліктер өртеліп, тәртіп сақшылары соққыға жығылды. 6 қазанға қараған түні тонау көп болған жоқ. Тікелей эфир кезінде бірер жағдай байқалды. 7 қазанға қараған түні әлдекімдер жаппай тонауға тырысты, бірақ еріктілер тобы олардың жолын кесті. Бұзақылардың кім екенін анықтау қиын. Түрлі дереккөздерге сенсек, тонау мен бүлдіруге Бішкектегі митингіге аймақтардан келген адамдардың қатысы бар. Бірақ бұл деректі растау әзірге мүмкін болмай тұр.

– Qazaqstan ұлттық телеарнасы мен "Хабар 24" арнасы "Шерушілер өңірлердегі алтын кеніштерін басып алды" дейді. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

– Бішкекте толқу болып жатқанда Талас ауданында белгісіз біреулер Жеруй кенішінде жұмыс істейтін компанияға басып кірген. Ауыр техниканы бүлдіріп, кеңсені өртеді. Жергілікті биліктің сөзінше, жағдай тұрақталып, аймақты компания қайта бақылауға алған. Тап сол күні, 6 қазанда, "Кыргызкомур" мемлекеттік компаниясы Кара-Кече кеніші жаулап алынғаны туралы хабарлады. Ертеңіне компания жағдай тұрақтанып, жұмыс қалпына келгенін айтты. Екі кенішке басып кіргендер мен митингіге шыққандар арасында қандай да бір байланыс бары туралы дерек жоқ.

"Айқынның" бас редакторы Нұрмұхаммед Байғара газеттің 7 қазандағы нөмірінде жарияланған "Бішкекте тағы да төңкеріс..." мақаласында "президент Жээнбеков соңғы жылдары билік олимпін қарсыластарынан тазалап болған соң парламентті [де] өзіне қарасты етпек болғаны көрініп тұр. Бірақ енді "жоспар" да, сайлаудың нәтижесі де жарамсыз болып қалды" деп баға береді. Газеттің бас редакторы оппозиция билікшіл партиялардың "дауыс сатып алуға кіріскеніне наразы болғанын", "әлеуметтік жағдайы төмен қоғамда мұндай заңсыз әдістің жеміс беруі әбден мүмкін" екенін жазады.

Байғара наразылардың "кәнігі қылмыскерді босатуға септесті" деп айыпталып, ұзақ мерзімге түрмеге кесілген экс-президент Алмазбек Атамбаевты, жемқорлық айыбымен сотталған экс-премьер Сапар Исаков пен басқа да қамалған шенеуніктерді босатуына тоқталған. Бас редактор "ереуілшілердің басым бөлігі Атамбаевтың жақтастары, олар о бастан оны еркіндікке шығаруды жоспарлаған болуы ғажап емес" деген тұжырым жасайды. Сондай-ақ сайлау қорытындысынан соң жұрттың наразылыққа шығуын "кек қайтару актісіне ұқсас жағдай" деп бағалайды. "Сайлаудағы заңсыздыққа қарсы шыққан оппозиция сотталғандарды түрмеден шығарып, өздері басқа заңсыздыққа барып отыр" деп жазады.

Басылымның ресми сайтында жарияланған мақалада да сарапшылардың "наразылар әрекеті заңсыз" дегенге саятын пікірі берілген. Саясаттанушы Айдос Сарым "қырғыз ағайынды көріп түсінгеніміз, көшенің ықпалында жүрген биліктің қауқары болмайды. Бұл билік өз мойнына жауапкершілік алмайды" дейді. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев та "Азаматтардың заңсыз әрекет етуі қырғыз елінің болашақта дамуына кері әсер етеді. Қырғыз елінде наразылық шарасына қатысушылар уақытша премьер тағайындайтынын айтты. Ешқандай елде мұндай болмайды. Заңға қайшы" дейді.

COPY & PASTE

Толықтай мемлекетке тиесілі Egemen Qazaqstan газеті 6 қазандағы нөмірінде көрші елдегі парламент сайлауының қорытындысы туралы есеп мақаласын жариялаған. Шағын мақаланың соңына ғана Бішкекте "парламентке өтпей қалған партиялардың өкілдері мен жақтастары наразылық шеруіне шыққанын", Орталық сайлау комиссиясынан "сайлау нəтижесін жоққа шығаруды, сайлауды қайта өткізуді" талап етіп тұрғанын жазған.

Қырғызстандағы парламент сайлауы нәтижесіне наразылар мен олардың талабы туралы газеттің кейінгі күндері бар жазғаны – осы.

7 қазандағы нөмірінде Egemen Qazaqstan Қырғызстандағы ахуал туралы ештеңе жарияламаған. 8 қазанда Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескенін хабарлап, екеуінің Қырғызстандағы оқиға жөнінде "пікір алмасқанын", олардың "бауырлас елдердегі қоғамдық-саяси жағдайдың тезірек тұрақтанатынына үміттенетінін" жазған.

Қырғызстандағы наразылық акциялары туралы газет ресми сайтында да мардымды ештеңе айтпайды. Тек Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің "бейбітшілікті сақтауға, елді арандатушы күштердің үндеуіне ермеуіне шақырған" алғашқы мәлімдемесін де, "мемлекет мүддесі жеке бастың амбициясынан жоғары екенін" айтқан сөзін де қаз-қалпында көшіріп жариялаған.

Азаттық Egemen Qazaqstan газетінің бас редакторы Айбын Шағалақтан "Қырғызстандағы ахуал басылымға қызық емес пе, әлде наразылық туралы жазу редакция саясатына қайшы ма?" деп сұрады. Шағалақ материал "енді әзірленіп жатқанын" айтады.

– Неге қызық емес? Береміз. Ертең (сұхбат 8 қазанда алынды – ред.) шығады. Үлкен материал болады. Алғашқы күні шағын хабар бердік. Сайлау өткен күннің ертеңіне әлем-тапырақ болып жатқандықтан болған оқиғаны ғана бердік. Одан кейін берген жоқпыз. Күнара жаза бермейміз ғой. Біздің басқа да [тақырыптарымыз] бар, – дейді газеттің бас редакторы.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҚ-ТЫҢ "МАҚСАТЫ"

Көп жылдан бері қазақстандық медиаларда істейтін журналист Нәзира Дәрімбет мемлекеттік басылымдар Қырғызстандағы ахуалды "біржақты көрсетіп жатыр" деп санайды.

– Қырғызстан болсын, көрші елдер болсын – қандай да бір толқу болса, Қазақстандағы мемлекеттік арналар мен сайттар тек ресми ақпаратқа сүйеніп хабар таратады. Бізде де оны "бассыздық", "тәртіпсіздік" деп айтады. Қазақстандық билікшіл басылымдар Беларусьтегі жағдай туралы да сол елдегі ресми басылымдардың хабарын көшіріп жариялап отыр. Бұл журналист кәсібилігінің төмендігі емес, тілші өзі істейтін редакция саясатының шеңберінде қалып қояды. Одан бөлек, Қазақстанның кез келген жағдайға қатысты мемлекеттік позициясы бар. Олар сол көзқарасты ұстанады. Ақпаратты солай беруге мәжбүр. Бізде жағдай – солай.

Дәрімбет Қырғызстандағы парламент сайлауынан кейінгі ахуал жайлы қазақ сайттары көбіне ақпараттық хабар ғана таратып отырғанын айтады. "Эксклюзив, аналитика жоқ" дейді ол.

– Жағдайдың теріс жағын ғана көрсетіп жатыр. Басқа жағын да неге айтпасқа? Митингілердің себебі не? Жұрт көшеге бостан босқа шыққан жоқ қой. Халық сайлау нәтижесімен келіспеген соң шығып жатыр. Тек "бассыздық", "тәртіпсіздік", өртеуді көрсетеді, – дейді журналист.

Шолушы сөзінше, басқа елдерде оппозициялық күштер толқуы болғанда ақпаратты осылай тарату – Қазақстанда қалыптасқан тәжірибе.

– Мемлекеттік арналар хабарларында "Митингіге шығудың қажеті жоқ. Украина мен Қырғызстан халқы көтерілгеннен бір опа тапты ма?" дейтін билікшіл сарапшыны сөйлетеді. Осылайша "Қырғызстан мен Украинада болған революция бізге керек емес", "Майданда қанша адам қырылды?" дегендей контекст береді. Әрине, мұны көрген қарапайым халық "митингіден оларда ештеңе өзгермеген екен ғой – сол баяғы кедейлік, жемқорлық, ұрлық. Не үшін шығамын митингіге?" деп ойлайды. "Халықтың санасына осы ойды сіңіру керек". Мемлекеттік ақпарат құралдарының ақпаратының мақсаты – сол, – дейді Нәзира Дәрімбет.

Екі революцияны бастан өткерген Қырғызстан тағы толқыды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:40 0:00

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG