Accessibility links

Қытайда Циндао қаласының 9 млн тұрғыны тұтас коронавирус тестінен өтеді


Коронавирус тестінен өту үшін кезекке тұрған халық. Циндао қаласы (Шаньдун провинциясы, Қытай) 12 қазан 2020 жыл.
Коронавирус тестінен өту үшін кезекке тұрған халық. Циндао қаласы (Шаньдун провинциясы, Қытай) 12 қазан 2020 жыл.

Қытайдың шығысындағы портты қала - Циндао қаласының билігі осы апта аяғына дейін 9 млн тұрғынының бәрін коронавирус тестінен өткізетінін мәлімдеді. Билік соңғы екі айға жуық уақыт ішінде алғаш рет коронавирус инфекциясы анықталғанын айтып отыр. Алайда сарапшылар ауру белгісі байқалмаған науқастарды Covid статистикасына қоспайтын Қытайдың ресми орындары берген мәліметке күмәнмен қарайды.

12 қазанда Қытай билігі Циндао қаласында 12 адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, қалаға вирус сырттан келген. Циндао әкімшілігі пульмонологиялық клиника мен орталық аурухананың жедел жәрдем бөлімін жапқанын хабарлады. Коронавирус жұқтырғандар емделетін аурухана ғимараты да қауіпсіздік мақсатында жабылған.

Былтыр жыл соңында алғаш рет коронавирус табылып, вирус ошағына айналған Ухань қаласының билігі осыған дейін қала тұрғындарын тұтас коронавирус тестінен өткізгенін хабарлаған болатын. Пекин мен Үрімжіде де миллиондаған адам тестен өткен.

Жаппай тестілеу шарасы Қытайда вирустың тарауын бәсеңдетуге көмектесіп, көп жағдайда қалыпты өмірге оралуға септескен. Қазан айының басында ондаған миллион адам "Алтын апта" ұлттық мерекесін тойлап, ел аумағында еркін қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG