Accessibility links

Полицеймен кикілжіңнен соң қайтыс болған белсенді Оразовтың өліміне қатысты қылмыстық іс қысқарды


Белсенді Серік Оразов Ақтөбе облысы әкімдігі жанында өткен митингіде тұр. Ақтөбе қаласы. 6 шілде 2019 жыл. Мұрағаттан алынған сурет.
Белсенді Серік Оразов Ақтөбе облысы әкімдігі жанында өткен митингіде тұр. Ақтөбе қаласы. 6 шілде 2019 жыл. Мұрағаттан алынған сурет.

Ақтөбелік белсенді Серік Оразовтың өліміне қатысты қылмыстық іс тағы қысқартылды. Бұл туралы Азаттыққа Оразовтар отбасының адвокаты Расиля Өтегенова хабарлады.

- Белсенді Оразовтың өліміне қатысты қылмыстық іс қысқартылды. Прокуратура мен тергеу орындары бұл жолы да «учаскелік инспектор заң аясында әрекет етті» деп шешкен. Мен белсенді өліміне қатысты қылмыстық іс жеткілікті деңгейде зерттелмеді деп санаймын. Сондықтан тағы да шағым жаздым, - дейді адвокат Өтегенова.

Осыдан бір ай бұрын адвокаттың талабынан соң прокуратура Серік Оразовтың өліміне қатысты істі қосымша тергеуге жолдаған болатын. Ақтөбе облыстық прокуратурасы Азаттыққа қосымша тергеу қорытындысы туралы ақпарат бермеді.

«Істі қысқару туралы шешімді тергеу органы қабылдады. Сондықтан полицияға хабарласыңыз» деді Азаттыққа Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Оразовтың өліміне қатысты істе қылмыс құрамы болмаған.

«Істің қысқартылғаны рас. Учаскелік инспектор бұрынғы жұмысында, өзінің кәсіби міндетін атқарып жүр» деп хабарлады полиция.

Ақтөбелік белсенді Серік Оразов 2020 жылғы 15 маусым күні қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, зейнеткер Серік Оразов сол күні түскі 12-лер шамасында өзі тұратын көпқабатты үйдің ауласында полиция қызметкерімен сөзге келіп, жұлқысқан соң қайтыс болған.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі бойынша («Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану») қылмыстық іс қозғаған.

Белсенді Оразовтың сүйегіне сот-медицина сараптамасы жасалған. Туыстары Азаттық тілшісіне көрсеткен сараптама қортындысында «Серік Оразов жүрек-қан тамырлары жетіспеушіліген қайтыс болды» деп жазылған. Белсендінің ұл-қызы «әкеміздің өліміне полиция қызметкері себепкер болды» деп санайды.

Ақтөбелік белсенді Серік Оразов 69 жасына қараған шағында қайтыс болды. Ол 2016 жылы жерді шетелдіктерге жалға беру заң жобасына қарсы өткен митингіге, 2019 жылы Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы митингіге, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандарды босатуды талап еткен шараларға, билікке талап айтқан бейбіт митингілерге қатысып, көзге түскен. Бірнеше рет алдын ала жоспарланған бейбіт митингілер қарсаңында полиция Оразовты ұстап, бөлімшеге апарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG