Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп күдікке ілінген белсенді Бегімбетовтің денсаулығы нашарлағаны хабарланды


Белсенді Абай Бегімбетов. Сурет белсендінің Facebook парақшасынан алынған.
Белсенді Абай Бегімбетов. Сурет белсендінің Facebook парақшасынан алынған.

Тіркелмеген "Көше" партиясына қатысы бар деп күдікке ілінген, екі айдан бері Алматыдағы ЛА-155\18 тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтық белсенді Абай Бегімбетовтің денсаулығы нашарлағаны хабарланды.

Бұл ақпаратты Open Dialogue Foundation ұйымының жетекшісі Людмила Козловская Facebook-тағы #ActivistsNotExtremists тобының парақшасында жариялады.

Козловская жазбасымен қоса, онда Абай Бегімбетовтің Еуропарламент депутаттарына бағытталған өтініші де жарияланған. Онда Бегімбетов өзінде бар псориаз ауруының (медициналық құжатпен де дәлелденген) өршіп бара жатқанын жазып, мекемеде өзіне лайықты деңгейде медициналық көмек ала алмай отырғанын, төсек-орын жабдықтарының ескі әрі ластығына шағымданған.

Бегімбетов өтініште "Конституцияда жазылған денсаулықты сақтау құқығым осы мекемеде бұзылып отыр. Антисанитария жағдайы ауруымды емдеуге мүмкіндік бермейді. Денсаулықты сақтау құқығымның бұзылып отырғанына назар аударуды сұраймын. Сенімім мен сөз бостандығы құқығымның бұзылғанына назар аударуды сұраймын" деп жазған. Адам құқығын бұзуға қатысы бар лауазымды тұлғаларға жеке санкция салуды сұраған, бірақ ешкімнің аты-жөнін көрсетпеген.

Азаттық тілшісі Абай Бегімбетов қамауда отырған Алматының Түрксіб ауданында орналасқан ЛА-155\18 түзеу мекемесінің бастығы Әсет Жұмадиевпен сөйлескен еді. Мекеме бастығының сөзіне қарағанда, Бегімбетовтің денсаулығын дәрігерлер тексерген.

- Жалпы тексеру болды. Қазіргі жағдайы бірқалыпты. Псориаздан басқа шағымы жоқ. Енді дерматологты шақырып жатырмыз. Қарап, тиісті ем тағайындаған соң хабарлаймын. Мекемеде бар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеміз. Егер дәрігер бізде жоқ дәрі-дәрмектерді тағайындап жатса, оны туысқандар арқылы алдыртуына құқығы бар. Дерматолог тексергеннен кейін қандай ем тағайындалатынын қосымша хабарлаймыз, - деді Әсет Жұмадиев.

Ол мекемеде санитарлық талаптар сақталатынын айтып, белсендінің бұл мәселелер бойынша шағымын жоққа шығарды.

48 жастағы Абай Бегімбетов тағы бір белсенді Асхат Жексебаевпен бірге 23 тамызда Алматы тергеу соты шешімімен екі айға қамауға алған еді. Олар сот қызметімен тыйым салған "Көше партиясының жұмысына араласты" деген күдікке ілініп отыр. Белсенділердің апелляциялық арыздары да қанағаттандырылмай, 14 қазанда белсенділердің қамау мерзімі тағы бір айға созылған.

Наразылық шараларымен көзге түсіп жүрген Бегімбетовке 18 маусымда Алматыдағы "Субботаж" шеруіне қатысты деген айыппен айыппұл салынған. Ал Жексебаев биыл әртүрлі наразылық шараларынан кейін бес рет әкімшілік қамауға алынған. Билік оның бейбіт шараларын заңсыз деп тапқан.

Биыл мамырда Нұр-Сұлтан соты бас прокуратураның шағымынан соң "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бас прокуратура бұл қозғалысты елде жұмысына шектеу қойылған "Қазақстанның демократиялық партиясы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санаған.

Қазақстан билігі 2018 жылы ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған еді. Бұл ұйымды шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған.

Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG