Accessibility links

АҚШ сенаты Шыңжаңдағы қысымды геноцид деп тануды қарастыратын резолюцияны таныстырды


Қытайдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінің бірі.
Қытайдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінің бірі.

27 қазанда АҚШ сенаты Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр және өзге де мұсылман топтарды қудалауын геноцид деп танитын резолюциясын таныстырды. Сенатор-демократ Джефф Мерклидің айтуынша, резолюция БҰҰ-ның 1948 жылы қабылдаған Геноцид қылмысын ескерту және жазалау туралы конвенция шарттарына сәйкес, Қытайды Шыңжаңдағы қысым үшін жауапқа тартуды қарастырады. Сейсенбі күні ақпарат құралдарына таратылған хабарламада осылай деп жазылған.

Мерклидің айтуынша, Қытайдың ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарды қудалауы атап айтқанда, аңдып, түрмеге қамап, азаптауы, қайта тәрбиелеу лагерьлеріне күштеп қамауы - “таза геноцид”.

Резолюция мұсылман топтарға жасалып жатқан қысымды тоқтату мақсатында халықаралық қауымдастық болып, жұмыла әрекет етуге мүмкіндік береді. Алайда бұл процесс бірден басталмауы мүмкін, себебі келесі аптадағы президент сайлауына дейін сенат отырысы болмайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG