Accessibility links

Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 6 адам қайтыс болды


Медицина қызметкерлері.
Медицина қызметкерлері.

27 қазан күні Қазақстанда 422 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның басым бөлігі (274) – Covid тесті теріс нәтиже берген, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға (U07.02) шалдыққандар. Өткен тәулікте вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған (U07.01 коды) 148 науқас анықталған.

Бір күнде 6 адам қайтыс болған: коронавирус жұққаны тестімен расталған науқастар арасында - 5 адам өлімі, коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 1 адам өлімі тіркелген.

Індет басталғалы елде барлығы 148 037 адамға коронавирус жұққан: 110 832 адамға коронавирус жұққаны тестімен расталған, қалған 37 205 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.

Қазақстан билігі тек 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды есептеп келе жатқандықтан науқастар саны одан да көп болуы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, елде пневмонияның жалпы түріне шалдыққандар жазда күрт көбейген.

Наурыз айынан бері коронавирустан кемінде 2 231 адам қайтыс болған (1835-і - коронавирустан, 396-ы - коронавирус пневмониясынан көз жұмған). Коронавирусқа шалдыққаны Covid тестімен расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеген адам бұл статистикада көрсетілмеген.

​Қазір 3 114 адам коронавирустан емделіп жатыр, 275-і - бала. Стационарда - 2 267, амбулаторлық жағдайда 847 адам емделіп жатыр. 126 адамның жағдайы - ауыр, 12 адамның жағдайы - өте ауыр, 15 адам жасанды аппаратпен тыныс алып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG