Accessibility links

Өскемен мен Семейде коронавирусты анықтайтын зертханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды


Зертхана алдында кезек күтіп тұрған жұрт. Семей, 2 қараша 2020 жыл.
Зертхана алдында кезек күтіп тұрған жұрт. Семей, 2 қараша 2020 жыл.

Шығыс Қазақстан облысының ірі қалалары - Семей мен Өскеменде Covid-ті анықтайтын тест орталықтарында ұзын-сонар кезек пайда болды. Соңғы талапқа сәйкес, облыс аумағына кіріп-шығу үшін коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін ПТР-тест керек. Бұл талап жайлы кеш құлақтанған халық тест орталықтарына ағылған.

- Осында таңертеңгі сағат 9-дан бері тұрмыз, аяғымыз қатып қалды. Бізге анықтама пойызға қажет, ол сағат күндізгі 1-де жүреді. Енді ол жаққа қалай мінеміз? Кезекке тұрғандар көп, ара қашықтық мүлде сақталып жатқан жоқ, - деді қала тұрғыны Нәзира Досымбетова. Күндізгі сағат 12-де ол зертхана алдында кезек күтіп тұрды.

Дүйсенбі күні Семей қаласындағы Olimp клиникасында тұрғындарды қабылдайтын бір касса және бір кабина ғана істеп тұрды. Тест құны - 9 мың теңге. Адамдар ПТР-тестінен өту үшін көшеде суықта сағаттап тұруға мәжбүр. Мұнда түске қарай ауа температурасы -3 градусқа дейін "жылиды". Пунті маңындағы орталық алаңда қаз-қатар тұрған жаңа жедел жәрдем көліктерін нұсқаған ер адам:

- Ауруханаға жаңа көліктер беріп, тойлап жатыр. Ал мұнда адамдарды тұрғызып қойған. Індет кезінде ара қашықтық сақтамай тұрмыз, - деді қала тұрғыны Абдулла Көкшебаев.

Абдулла кезегін күтіп, 3 сағат көшеде тұрды, алайда күндізгі 12-ден кейін кетуіне тура келді. Өйткені пункт қызметкерлері түстен кейін тест тапсырғандар анықтаманы 24 сағат немесе 48 сағат күтеді деп айтқан.

- Көбі 2-4-іне билеттер алып қойған, бірақ қазір анализ тапсырып жатқандар анықтаманы уақытында ала алмауы мүмкін, себебі оны алу үшін 48 сағат керек. Сонда не істеуіміз керек? FlyArystan-ға хабарлассақ, толық қызмет көрсетеміз, барлық сұрақтарды санитар дәрігерге қойыңыз дейді, - дейді ер адам.

Клиникаға онлайн жазылу қызметі болғанмен келгендердің көбінің уақыты бір-бірімен сәйкес келіп жатты. Invitro+ клиникасындағы жағдай да Olimp-тікіне ұқсас.

Шығыс Қазақстан облысының тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің баспасөз қызметі "мәселе қаралып жатыр" деп хабарлады. Жауапты тұлғалар қосымша пунктер ашыла ма, жоқ па, ол жағын ашып айтпады.

Қазір бүкіл облыста 10 зертхана жұмыс істейді. Облыстың тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің мәліметінше, коронавирус жұқты деп шыққан тест қорытындысының 52 пайызы дәл болмай шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG