2 қарашада Қазақстанда 449 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Бір күнде 202 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 3 қараша таңертең таратқан хабарламасында осылай деп жазылған.
Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (226) тіркелген. Павлодар облысында - 40, Солтүстік Қазақстан облысында - 34, Ақмола облысында - 28, Алматы қаласында 25 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында бірде-бір науқас анықталмаған.
Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 113 309 адамға жетті. 106 мыңнан астамы жазылған. Наурыз айынан бері кемінде 1857 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам өлімі енгізілмеген.
Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 38 мыңнан астам адамнан анықталған, 402 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.
Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққанда 113 309 емес - 151 312 болады.
Қазақстанның бірқатар облыстарында шектеу шаралары күшейді. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары аумағына кіріп-шығу үшін жолаушылар қолында ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс. Соның кесірінен 2 қарашада Өскемен мен Семейде коронавирусты анықтайтын зертханаларда ұзын-сонар кезек пайда болып, адамдар облыс аумағынан шығу үшін ПТР-тест анықтамасын ала алмай қиналған.
Қарай отырыңыз: Семейде коронавирусты анықтайтын зертханаларда кезек пайда болды (2 қараша 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР