Accessibility links

Қазақстанда бір күнде коронавирус пен пневмониядан 6 адам қайтыс болды


Медицина қызметкерлерінің коронавирус жұққан науқасты ауруханаға жеткізген сәті. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкерлерінің коронавирус жұққан науқасты ауруханаға жеткізген сәті. Көрнекі сурет.

2 қараша күні Қазақстанда 9 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 17 адам жазылды. Тәулік ішінде аурудың осы түрінен 2 адам қайтыс болды.

Қазақстан билігі ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Үкімет дерегінше, тамыздың басынан 2 қарашаға дейін 38 0012 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: 28 836 адам жазылған, 404-і қайтыс болған.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар арасында 4 адам өлімі тіркелген. 13 наурыз бен 2 қараша аралығында 113 309 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, 1861-і қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирус пневмониясынан 4 732 адам емделіп жатыр. Оның 2 482-сі стационарда ем қабылдап жатыр. 161 науқастың ахуалы нашар, 19 адамның жағдайы - өте ауыр, 21 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Қазақстан коронавирус пневмониясы есебін жүргізгенімен, оны Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Вирус жұқтырғандардың дүниежүзілік картасында әдетте Қазақстанның ресми дерегі көрсетіліп, коронавирус пневмониясының сандары айтылмайды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар 151 321 адам болып шығады.

Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG