8 қарашада Қазақстанда 610 адамға коронавирус жұққаны тестпен дәлелденді. Бір күнде 175 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 9 қараша таңертең таратқан хабарламасында осындай ақпарат жазылған.
Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (254) тіркелген. Павлодар облысында - 61, Қостанай облысында - 60, Батыс Қазақстан облысында - 45, Солтүстік Қазақстан облысында 42 адамнан коронавирус табылған. Маңғыстау, Қызылорда облыстарында науқас тіркелмеген.
Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 116 772 адамға жетті. 108 мыңға жуығы жазылған. Наурыз айынан бері коронавирустан кемінде 1893 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам өлімі енгізілмеген.
Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 39 мыңнан астам адамнан анықталған, 409 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін де жүйелі түрде жарияламайды.
ПІКІРЛЕР