Accessibility links

Мәскеуде карантин күшейтілді. Жаңа жылда мейрамханалар жабық болады


Көшеде жатқан маска. Мәскеу, қыркүйек айы 2020 жыл.
Көшеде жатқан маска. Мәскеу, қыркүйек айы 2020 жыл.

Жаңа жылға қараған түні Мәскеуде мейрамханалар жұмыс істемейді. Қалада мейрамхана, бар, клубтар түнгі сағат 23.00 мен таңертеңгі сағат 6 аралығында жабық болады. Жаңа талап бойынша, қоғамдық тамақтану орындарына залдың төрттен бір бөлігін ғана толтыруға рұқсат етілген, мәдени шараларға тыйым салынады. Студенттер қашықтан оқуға көшірілуі тиіс.

10 қарашада қала мэрі Сергей Собянин карантиннің күшейтілетінін хабарлады.

Көрермендері бар ірі шара өткізу үшін азаматтар немесе ұйымдар мэрия және Роспотребнадзордан рұқсат сұрауы керек. Балалар лагері, ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтайды. Шектеу шаралары 13 қараша мен 15 қаңтар аралығында күшінде болады.

Собянин Мәскеуде коронавирус жұқтырғандар жылдам артып бара жатқандықтан осындай қатаң шара енгізуге мәжбүр екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, тұмау-сырқау кезеңі де қабаттасып жатқандықтан қалада ахуал онан сайын ушығуы мүмкін. Шектеу шаралары вирустың тарауын бәсеңдетуі тиіс.

6 қарашада Мәскеу мэрінің орынбасары Анастасия Ракова коронавирус жұқтырған науқастарға арналған орындардың 70 пайызы толып кеткенін хабарлаған еді. Қазан айында екі уақытша госпиталь ашылып, коронавирус жұқтырғандарға арналған стационарлар саны 4-ке жетсе де, қалада орын тапшылығы сезіле бастаған.

Ресми мәлімет бойынша, қазір Мәскеуде коронавирус жұқтырғандар 126 750 адамға жеткен. Статистика мамандары осыған дейін ресми мәліметтің азайтылып көрсетіп жатқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG