Accessibility links

Қазақстанда Covid пен оған ұқсас пневмониямен 856 адам тіркелді, 9 кісі көз жұмды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Өткен тәулікте (14 қараша) Қазақстанда Covid пен оған ұқсас пневмониямен ауырған 856 адам тіркелді. Олардың 630-ынан ПТР тесті нәтижесінде коронавирус анықталса, қалған 226 кісі "коронавирустық пневмония" дертіне шалдыққан. Бір тәулік ішінде Covid-тен жеті адам, "коронавирус пневмониясынан" екі адам көз жұмды.

Сөйтіп, Қазақстанда коронавирус инфекциясымен және соған ұқсас пневмониямен ауырғандар саны 160 мыңнан асты.

Бір тәулікте коронавирустан 368 адам жазылып шыққан.

Аймақтар бойынша қарасақ, індет әдеттегідей шығыс және солтүстік өңірлерде өршіп тұр. Коронавирус инфекциясы тест арқылы анықталғандардың аймақтар бойынша көрсеткіштері:

  • Нұр-Сұлтан – 48;
  • Алматы – 45;
  • Шымкент – 5;
  • Ақмола облысы – 34;
  • Ақтөбе облысы – 3;
  • Алматы облысы– 28;
  • Атырау облысы– 12;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 236;
  • Жамбыл облысы – 4;
  • Батыс Қазақстан облысы – 40;
  • Қарағанды облысы – 17;
  • Қостанай облысы – 52;
  • Қызылорда облысы – 0;
  • Маңғыстау облысы – 1;
  • Павлодар облысы – 50;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 54;
  • Түркістан облысы – 1.

Солтүстік аймақтарда коронавирус жұқтырғандардың күрт өсуіне Ресеймен ортақ шекара себеп дейді билік органдары. Шекарадағы тексеру кезінде Ресейден келгендердің Covid-ке шалдыққаны көп анықталады.

— Дәл осы аймақтарда жүріс-тұрыс көбейіп, соған қатысты сұрақтар туындады. Сондықтан әрі-бері көші-қонды шектеу және мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту бойынша тиісті шаралар қабылдадық. Шекарадан өтіп жатқан біздің азаматтар арасында [коронавирус] көп тіркеліп жатқан жағдайлар бар. [мемлекеттік шекарадан] өту кезіндегі шекаралық аймақта [Covid жұқтырған] 361 адам анықталды. Олардың 350-і – Ресейден келгендер, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Азаттық сауалына берген жауабында,

Қиясовтың айтуынша, солтүстік және шығыс аудандарда ПТР тестпен қамту көлемі басқа аймақтардан жоғары. Ауа температурасы оңтүстік аудандарға қарағанда анағұрлым төмен болғандықтан, солтүстікте вирустық респираторлық инфекцияның көбірек болуы да осының бір себебі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG