20 қарашада АҚШ-тың Алматыдағы консулдығы алдында Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің құқықтарының жиі тапталатынын айтып пикет өткізген белсенді Михаил Сейсебаев үш күнге қамалды. Жұмада полиция Сейсебаевты пикет өткен жерден ұстап әкетіп, сол күні сот оны Әкімшілік кодекстің "Бейбіт митинг өткізу заңын бұзу" бабымен жазалады.
Белсенді Михаил Сейсебаев пикет кезінде қоғамның назарын ЛГБТ мәселесіне аудартқысы келетінін жеткізді.
- Қазақстанда менталитет басқаша. Адамдар ЛГБТ қауымдастығы жайлы пікірін өзгертсін деп осы акцияны өткізіп отырмын. Мен де басқаша ойлайтынмын. Біраз қазір пікірім өзгерді. Ондай адамдар бар екенін жоққа шығара алмайсың. Олар "солаймыз" деп жасанды кейіп танытпайды. Көбі оларды күшпен өзгертуге болады деп есептейді. Бірақ адамның табиғаты ешқашан өзгермейді, - деді Михаил Сейсебаев.
Белсендіге Алматы әкімдігінің өкілі келіп, акцияның "заңсыз" екенін ескертті. Әкімдікке пикет жайлы ешқандай ескерту түспегенін де жеткізді. Сәлден соң "шараны тоқтатыңыз" деп талап қойды. Белсенді электронды түрде ескерту бергенін бірнеше рет қайталағанымен әкімдік өкілі жоққа шығарды.
Елде жұрт қандай да бір наразылық шарасын өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алуы тиіс.
Қазақстанда маусым айында "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар бейбіт жиынға шыққан азаматтарды ұстау мен оларды қудалау тыйылмады деп отыр. Жергілікті билік бұрынғыша шараның "рұқсат етілмегенін" алға тартып, заңсыз деумен келеді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар жаңа заңда ескі шектеулер қалғанын айтады.
20 қараша - трансгендер адамдарды еске алу күні. Әлемде әдетте бұл күні трансфобия кесірінен кісі қолынан қаза тапқан ЛГБТ-өкілдерін аза тұтады. Белсенді Сейсебаев пикетті осы күнге орайластырып ұйымдастырған.
ПІКІРЛЕР