Accessibility links

Сот блогер Тайшыбековтің адвокатының қорғау құқығын қалпына келтірді


Адвокат Ғалым Нұрпейісов. Талдыкорған, 21 қазан 2019 жыл.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов. Талдыкорған, 21 қазан 2019 жыл.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің блогер Ермек Тайшыбековті қорғау құқығын қалпына келтіру туралы сот қаулысы күшіне енді. Бұл ақпаратты 23 қарашада Азаттыққа Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, прокуратураның қаулыға шағым түсіруіне құқығы болғанмен шағым түспеген.

28 қыркүйекте Алматы қаласының полиция департаменті басқармасының тергеушісі капитан Р. Тоқабаев адвокат Ғалым Нұрпейісовті Ермек Тайшыбековке қорғаушы ретінде кіргізбеу туралы қаулы шығарған еді. Тергеуші адвокат ұсынған қорғау туралы ескерту қағазында "тіркеу нөмірі жоғын" алға тартқан болатын.

Сол күні тергеуші күдікті Тайшыбековтің адвокат Нұрпейісовті кіргізу туралы өтінішін кері қайтарған және Тайшыбековтің мемлекеттік адвокаттан бас тарту туралы арызын да қабылдамаған.

Ал 13 қарашада тергеуші Тоқабаев тергеу изоляторы басшылығын Тайшыбековке адвокат Нұрпейісовті кіргізбеуді ескерткен.

Осыған дейін адвокат Нұрпейісов тергеушінің әрекетіне байланысты тергеу сотына шағым түсірген еді. Сотта прокуратура тергеушінің мүддесін қорғаған.

17 қарашада тергеу соты тергеушінің қаулысының күшін жойып, адвокат Нұрпейісовтің қорғау құқығын қалпына келтірді.

Адвокат Нұрпейісов жақын арада Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отырған Ермек Тайшыбековке баратынын айтып отыр.

Алматы қаласының апелляциялық соты 1 қазанда Тайшыбековті екі айға қамау туралы қаулының күшін жоюды сұраған адвокат өтінішін қанағаттандырмаған еді. Адвокат соттан қамаудан басқа кез келген бұлтартпас жазасын қолдануды сұраған болатын.

Блогер Ермек Тайшыбеков Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабының (174-бап) белгілеріне келетін қылмыс жасады деген күдікпен 23 қыркүйекте Алматыда ұсталған.

Ресейшіл ұстанымымен танылған қазақстандық блогер Ермек Тайшыбеков 2015 жылы желтоқсанда Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары арқылы ұлтаралық араздық тудырды деп төрт жылға сотталған.

Саяси көзқарастары үшін Тайшыбековті "арандатушы", "Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы адам" деп санайтындар бар. Оның мәлімдемелері Қазақстан парламенті депутаттарының, ұлттық патриоттық қозғалыстардың наразылығын туғызған.

2016 жылы ЕҚЫҰ өкілі Қазақстандағы блогерлерге қатысты үкімдерді сынға алды. Ал 2017 жылы Тайшыбек мерзімінен бұрын босап шықты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG