29 қарашада Қазақстанда 43 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, 41 науқас жазылды. Бір тәулік ішінде пневмонияның бұл түрі бойынша адам өлімі тіркелмеді.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 42 147 адамға жеткен, 30 535-і жазылған, 443 адам қайтыс болған.
Жексенбі күні коронавирус жұққаны ПТР-тестпен дәлелденген науқастар арасында 7 адам өлімі тіркелді. Наурыз айынан бері 2034 адам қайтыс болды. Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың өліміне "коронавирус" себеп болғанын айтады.
Елде коронавирус жұқтырғандар мен "пневмонияға" шалдыққандар 173 806 адамға жеткен. Бірақ коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі Қазақстанның Covid статистикасына енгізілмеген.
Денсаулық сақтау министрлігі аймақтағы "пневмония" ахуалы жайлы мәліметті сирек жариялайды.
Қазір коронавирус инфекциясынан – 13 мың адам, коронавирус пневмониясынан 11 мыңға жуық адам емделіп жатыр. Коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 222 адамның жағдайы – ауыр, 31 адамның халі – өте ауыр, 33 адам тыныс алу аппаратына қосылған.
Көптеген сарапшылар Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми мәліметте көрсетілген саннан әлдеқайда көп деп санайды.
ПІКІРЛЕР