Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында "әлеуметтік желіде билік өкілін қорлады" деп айыпталып отырған жергілікті белсенді Бауыржан Әліпқалиевтің соты басталды. Орал қалалық сотында өтіп жатқан процесте екі полицей жәбірленуші ретінде танылған.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, полиция қызметкерлері 25 қыркүйекте КамАЗ көлігін тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексерген. Кабинада Әліпқалиев пен тағы бір адам болған. Құжаттарды тексеру кезінде Әліпқалиев оқиғаны мобильді телефонына түсіре бастаған.
— Әліпқалиев мессенжер арқылы видеоға түсіре бастады. Полиция қызметкерлерін балағаттады. Адамның намысына тиетін сөздер айтқан, – деді іс материалдарын оқыған судья Қайрат Өтешов.
Судья Әліпқалиевтен "айыппен келісесіз бе" деп сұрады. Ал белсенді полицейлердің елде билікке қарсы митинг өтетін күні машинаны тоқтатқанын айтып, бұл әрекеттің саяси астары болуы мүмкін екенін меңзеген. (Сол күні оны шамамен үш сағат полиция бөлімшесінде ұстаған). Судья "кінәңізді мойындайсыз ба" деп екінші рет сұрап еді, айыпталушы судьяны ауыстыру туралы өтініш жасады. Оның айтуынша, Қайрат Өтешов "іске немқұрайлы қарайды және істі объективті түрде қарағысы келмейді".
Дегенмен белсендінің судьяны ауыстыру туралы өтініші қанағатандырылмады. Өтінішті қараған Магира Китарова Өтешовті ауыстыруға негіз жоқ деді.
Ал Әліпқалиев қылмыстық іс саяси себеппен қозғалды деп санайды. Ол қудалауды өзінің азаматтық белсенділігімен байланыстырады.
Бауыржан Әліпқалиев – наразылық акцияларына белсене қатысып жүрген қала тұрғыны. Осы айда белсенді Орал қаласының азаматтық сотына арыз түсіріп, әкімдіктің бейбіт шеру өткізуіне рұқсат бермеуін заңсыз деп тануды өтінген.
Биыл қыркүйек айында шетелде тұратын қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қыркүйекте митингіге шақырып, карантинге байланысты биліктен өтемақы төлеуді талап етуге үндеген.
Митинг қарсаңында Қазақстан аймақтарында жүзден астам адам ұсталып, жазаға тартылды. Құқық қорғаушылар мұны "митинг өткізбеудің амалы" деп атаған. 25 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше қаласында полиция митинг орындарында адамдарды ұстады.
ПІКІРЛЕР