Accessibility links

Нұр-Сұлтанда биік үйлердің тығыз салынуына қарсы жұрт Тоқаевтан көмек сұрады


"Сармат", "Инфинити", "Номад" тұрғын үй кешендері тұрғындарынан құралған бастамашыл топ митингісі. 7 қыркүйек, 2020 жыл
"Сармат", "Инфинити", "Номад" тұрғын үй кешендері тұрғындарынан құралған бастамашыл топ митингісі. 7 қыркүйек, 2020 жыл

Нұр-Сұлтанда оқушылар сарайы мен саябақ салуды талап етіп жүрген "Сармат", "Инфинити", "Номад" тұрғын үй кешендері тұрғындарынан құралған бастамашыл топ биік үйлерді қаптатып сала беруге қарсылық білдіріп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады.

Арнайы баспасөз мәслихатын өткізген олар Есіл ауданындағы BI Group құрылыс компаниясы салып жатқан 18 мұнарадан тұратын 24 қабатты "Поколение" тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды талап етті.

"Бұл тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берген әкімдік әрекеттерін тексеру қажет" деген бастамашыл топ қала тұрғындарын азаматтық құқықтарын қорғап, аталған құрылысқа бірлесіп қарсы тұруға шақырды.

Жиналғандардың айтуынша, Нұр-Сұлтанда балалар баратын мектеп, оқушылар сарайы сияқты нысандар жетіспейді. "Адамдар тығыз қоныстанған аудандарда көп қабаатты үй салу үшін жер телімдерін қалай болса солай таратудың салдарынан тек экологиялық жағдай нашарлаған жоқ, мыңдаған бала тегін орта білім алу мүмкіндігінен айырылды. Қаладағы 91 мектептің 33-інде тиісті межеден екі немесе бірнеше есе көп бала оқиды. №59 мектеп-лицейде 1700 орын жетіспейді" деп жазылған бастамашыл топ жариялаған үндеуде.

"Сармат", "Инфинити", "Номад" тұрғын үй кешені тұрғындарының сол маңайдағы ашық алаңқай үшін "күресі" ақпан айынан бері жалғасып келеді. Олар бірнеше рет митингіге шығып, құрылысты тоқтатуды талап еткенімен, әзірге нәтиже жоқ.

5 қарашада наразы топтың митингісіне келген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов даулы алаңқайдағы құрылыс жобасына өзгерту енгізілгенін айтып, сендірген. "Ол жерде тұрғын үйлермен қатар 900 орындық мектеп те салынады. Оқушылар сарайы қаланың сол жақ бөлігіндегі "Жағалау" шағын ауданында салынады" деген Нұрлан Нұркенов.

Оның жауабын 2 желтоқсанда Antikor.Live жобасында қала әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев та қайталады.

BI Group құрылыс компаниясының баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің қоңырауына жауап бермеді.

Құрылысқа наразы тұрғындар бұған дейін қала әкімдігін сотқа берген. Cот "бұл істе әкімдік жауапты тұлға емес" деп, талап-арызды кері қайтарған. Тұрғындар сотқа қайта арыз дайындап жатқанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG