Accessibility links

Шымкентте қаржы пирамидасына алданған салымшылар Тоқаевқа үндеу жасады


Қаржы пирамидасына алдандық деген топ Абай саябағында наразылық өткізіп тұр. Шымкент, 14 желтоқсан 2020 жыл.
Қаржы пирамидасына алдандық деген топ Абай саябағында наразылық өткізіп тұр. Шымкент, 14 желтоқсан 2020 жыл.

14 желтоқсанда Шымкентте қаржы пирамидасына алданған 20 шақты адам Абай саябағына жиналып, биліктен мәселелерін шешіп беруді талап етті, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады. Жиналғандар "Халықты тонаған "Гарант 24", "Выгодный займ", "Эстейт", "Президент өзге елге көмектескенше өз еліңді жарылқа!", "Құқықтық мемлекетте қаржы пирамидасы кең етек жайды...", "% алып тастап халыққа көмектессін" деп жазылған плакаттар ұстап тұрды. Кейбірі беттеріне маймыл бейнеленген маска таққан.

Қаржы пирамидасына 1 миллион 200 мың теңге салып, қайтара алмай қалған Руслан Доспанбетов мемлекеттің қылмыстық топтарға алаяқтық жолмен халықтан ашық түрде ақша жинауына мүмкіндік бергенін айыптады. Оның сөзіне қарағанда кейбірі қаржы пирамидасына ақша салу үшін несие де алған. "Олардың жағдайы қиын, қарызын өтей алмай қайтыс болғандар да бар" дейді.

⁃ Қарапайым халықтың көз жасына кім жауап береді? Жүріп жатқан тергеуге көңіліміз толмайды. Ұсталғандар жиналған ақшаны қайтаруға қауқарсыз. Бұл іске президент араласып, шын айыптылар жазалануы керек, - дейді Руслан Доспанбетов.

Жиналғандардың атынан жазылған үндеуді салымшы Марат Сәлімбаев оқыды. Үндеу авторлары жоғарыда аталған қаржы пирамидаларының жұмыс істеуіне қай мемлекеттік мекемелер рұқсат беріп, көмектескенін анықтауды да талап еткен. Салымшылар ақшалары қайтарылмаса, жалпыхалықтық митингіге шығатынын ескертті. Үндеу оқылған соң жиналғандар "ақша қайтарылсын!", " талап етеміз!", "Назарбаев, Тоқаев елге көмек беріңдер!" деп айқайлады.

Саябақта өткен наразылыққа полиция, әкімдік өкілдері келген жоқ. Үндеулерін оқыған наразылар сәлден соң тарады. Олар үндеу президентке ақпарат құралдары арқылы жетеді деп үміттенеді.

Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, республика бойынша "Гарант 24", "Выгодный займ", "Эстейт" қаржы пирамидасына алданған салымшылардың ісін ішкі істер министрлігі тергеп жатыр. Шымкентте қаржы пирамидасына әртүрлі көлемде ақша беріп, алдандық деген 2 мыңнан аса адам арызданған.

Осыған ұқсас наразылықтар бұған дейін Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Нұр-Сұлтан қалаларында өткен. Қараша айында ішкі істер министрлігі кейбір қаржылық топтардың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын айтқан.

Ведомство ұсынған ақпаратқа сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстанда "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бабы бойынша 555 іс тіркелген.

Заңгерлердің сөзінше, көбіне мұндай істер алаяқтық бабымен тіркелген күйінде қалып қояды. Кейде салымшы саны ондаған мың адам болғанына қарамастан, қылмыстық іске жәбірленуші ретінде 10 адам ғана қатысады.

Бас прокуратураның тамыз айындағы дерегінше, соңғы бес жылда қаржы пирамидасынан келген шығын көлемі 13,6 миллиард теңгеге жеткен. Қазірге дейін бұл ақшаның үш пайызы немесе 399,7 миллион теңгесі ғана қайтарылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG