Accessibility links

Қазақстанға ПТР тапсырмай ұшып келген екі азаматтан коронавирус анықталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

25 желтоқсан күні Түркияның Анталья қаласынан Нұр-Сұлтанға ПТР тестін тапсырмай ұшып келген екі қазақстандықтан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы Қазақстанның коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы хабарлады.

Комиссияның мәліметінше, 25 желтоқсан күні Қазақстанға әуе жолымен 2285 жолаушы келген, оның ішінде 2079 жолаушыда коронавирус жұқтырмағанын көрсететін ПТР анықтамасы болған, 206 адам анықтамасыз ұшып келген. Анықтамасыз келген жолаушылар ПТР тестін тапсырып, карантин стационарына жатқызылған.

Сол күні Қазақстанға барлығы 20 халықаралық рейс жасалған. Жолаушылар Австрия, Египет, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Грузия, Ресей, Беларусь және Өзбекстаннан келген.

Қазақстанда алғашқы коронавирус науқасы 13 наурызда тіркелген. Содан бері 151 727 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Бірақ биліктің ресми дерегіне күдік келтіретіндер көп. Жаз айларында ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония ауруы өршіп, билік оларды ПТР тесті теріс нәтиже берді деп коронавирус статистикасына қоспады. Бірақ пневмонияның жалпы дерегін жариялады.

2 тамыз күні денсаулық сақтау министрлігі жыл басынан бері 256,5 мың адамға пневмония диагнозы қойылғанын айтты. Оның 152 мыңға жуығы шілде айына келген. Қазақстандағы "белгісіз аурудың" бұлай өршуі әлемдік қауымдастықты да алаңдатып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оларды коронавирус статистикасына қосуға шақырды.

Қазақстан билігі 17 шілде күні коронавирус пен соған ұқсас пневмонияны біріктіретінін, бірақ оны 1 тамыздан бастайтынын мәлімдеді. Бірақ 1 тамыз күні статистиканың бірікпейтіні, тек бөлек жарияланып отыратыны белгілі болды. Одан кейінгі айларда ДДСҰ мен Джонс Хопкинс университеті секілді коронавирус жөніндегі дерек базалары Қазақстан екі бөлек жариялап отырған статистиканы біріктіріп көрсетуге көшті.

1 тамыз бен 26 желтоқсан аралығында коронавирус пневмониясымен 45 415 адам тіркелген. Оның 490-ы қайтыс болған, 32 669 науқас жазылып шыққан.

Дәл қазір коронавирус пен соған пневмонияны қоса алғанда, барлығы 22 605 адам емделіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG